Ресей мен Украина тоғызыншы рет тұтқын алмасты

Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, Ресейден ауыр жараланған және ауыр науқас украин әскери қызметкерлері елге оралды. Ресейлік келіссөздер тобының жетекшісі Владимир Мединскийдің айтуынша, әр тарап шамамен 250 адамнан айырбастады, деп хабарлайды Malim.kz Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.
Ресей мен Украина арасындағы әскери тұтқындармен алмасудың тоғызыншы кезеңі 2 маусымда Ыстанбұлда келісілген болатын және ол 23 шілде, сәрсенбі күні өтті. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский Telegram парақшасында хабарлады.
«Үйге ауыр науқас және ауыр жараланған қорғаушыларымыз оралуда. Енді нақты деректерді айта аламыз – Ыстанбұл келісімдерінің барлық кезеңі бойынша 1000-нан астам азаматымызды қайтару мүмкін болды. Бұл – мыңдаған отбасы үшін қуаныш, жақындарын қайта құшақтай алу мүмкіндігі. Осы жұмысқа атсалысқан баршаға алғыс айтамын», – деді ол.
Зеленский бұл жолы елге оралғандардың көпшілігі ресейлік тұтқында үш жылдан астам уақыт болғанын айтты.
Ресейлік келіссөз тобының жетекшісі Владимир Мединский де бұл алмасудың болғанын растады. Ол украин-беларусь шекарасында өткенін айтты.
«Бұған дейінгі гуманитарлық келісімдердің барлығы толық орындалды. Қазір украин-беларусь шекарасында шамамен 250 адамнан тұратын тұтқындардың соңғы топтары алмастырылып жатыр. Осылайша, шамамен 1200 адамды қамтыған бұрын-соңды болмаған ауқымды екінші алмасу аяқталды», – деді Мединский «Интерфакс» агенттігіне берген сұхбатында.
РФ Қорғаныс министрлігі Telegram-арнасында: «Қазіргі уақытта ресейлік әскери қызметкерлер Беларусь Республикасында, оларға қажетті психологиялық және медициналық көмек көрсетілуде», – деп хабарлады.
Фото: Maksym Kishka/Anadolu Agency/IMAGO

Ең көп оқылған
