Алматыда наурыз айында үш адамның өмірін қиған Әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апатына қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды Malim.kz.
Сот отырысына тараптардың адвокаттары, қаза тапқандардың туыстары және БАҚ өкілдері қатысты. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, жүргізуші алкогольдік масаң күйде бола тұра, жол қозғалысы ережелерін қасақана елемей, жалған мемлекеттік нөмірмен көлік басқарған. Ол Әл-Фараби даңғылымен батыс бағытта келе жатып, жол-көлік оқиғасының болуы мүмкін екенін біле тұра, қауіпсіздік шараларын қабылдамаған көрінеді.
«Жүргізуші жылдамдықты сағатына 80 шақырымнан асырып, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген. Кейін қарсы бағытқа шығып, шығыс бағытта келе жатқан Mercedes көлігімен соқтығысқан», - деді прокурор.
Прокурордың сөзінше, сараптама нәтижесінде айыпталушының орта дәрежеде мас болғаны анықталған. Сондай-ақ Zeekr көлігінің қарсы жолаққа шыққаннан кейінгі жылдамдығы сағатына 219 шақырымға дейін жетуі мүмкін болған.
Айыпталушы істі алқабилер сотының қарауынан бас тартты. Еске салсақ, 21 наурызға қараған түні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында ауыр жол апаты болған еді. Полиция мәліметінше, Zeekr көлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы оқиға орнында қаза тапқан болатын.