Әбдіқалықованың екі жұлдызы
Қызылорда облысына әкім боп келгеніне екі айдан асқан Гүлшара Әбдіқалықова облыс басшылығына кадр тағайындаудың екінші толқынын өткізді. Бірінші толқыны бір Әбдіқалықованың келіп, бір Әбдіқалықованың кетуімен өткен.
Оқи отырыңыз: Бір Әбдіқалықова келді, бір Әбдіқалықова кетті
Қызылорда облысының әкімдігіне екінші толқынмен келген кадрлардың басында Әбдіқалықованың екі жұлдызы тұр.
Оның бірі – Гүлшара Наушақызының мәдениет саласы бойынша штаттан тыс кеңесшісі қызметіне тағайындалған Сүндет Байғожин. «Опера майталманы Сыр елінің өнерін, оның ішінде классикалық музыканы дамытуға ат салысады. Аймақ өнерпаздарын белгілі опера жұлдыздарымен тәжірибе алмастырып, жаһандық сахнаға шығаруға еңбек етеді деп жоспарлануда» деп жазылған облыс әкімдігінің ресми сайтында.
Әбдіқалықованың екінші жұлдызы – Төрт дүркін Әлем чемпионы Илья Ильин. Ол Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» мемлекеттік кәсіпорынның директоры қызметіне тағайындалды.
«Әйгілі ауыр атлет спорттық мансабын аяқтауды жоспарлауда. Жинаған тәжірибесі мен білімін пайдалана отырып, туған жеріне қызмет етуге ниетті» дейді облыс әкімдігінің ресми хабары.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз хатшысы қызметіне Омаров Бақытжан Бауыржанұлы тағайындалды.
Омаров Бақытжан 1987 жылы туған. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «халықаралық қатынастар» және «журналистика» мамандықтары бойынша бітірген. Әкесі Бауыржан Омаров – Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы боп Қазбекова Мира Жомартқызы тағайындалды. Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы қызметіне Усаин Медет тағайындалған.
Әбдіқалықова осымен айналасына өз кадрларын жинап болып қалған шығар. Әйтпесе, кадр тағайындаудың үшінші толқыны болуы да ғажап емес. Бастық тағайындаудан қолы босаса, жұмысына да кірісер...
Айтпақшы, 2015 жылғы президент сайлауы кезінде Назарбаевтың сайлауалды бағдарламасында "Мемлекеттік аппаратта белгілі бір қамқоршының айналасында команда қалыптасады. Мұндай патронат жемқорлық үшін жағдайлар туғызады, тамыр-таныстықты туындатады, кадрлық әлеуетті төмендетеді" деп жазылған.
Дәл сол жылы партия мүшелерімен кездесуде Назарбаев командамен көшуді "советтік дәуірдің қалдығы" және "жемқорлық" деп атаған. Ол: "Біз мұны Совет одағынан алдық және әлі күнге дейін осыдан арыла алмай жүрміз. Бұл жемқорлыққа жол ашып, кадрлық әлеуетті әлсіретеді. Бір министр ауысса, соңынан бір топ адам қоса жүреді. Біреуі туысы, біреуі құдасы. Жемқорлық деген осыдан туады. Бұлай болмауы керек" деген.
Рас, Әбдіқалықованың тағайындаған кей адамдары астанадан еріп келген жоқ. Бірақ бұрынғы адамдардың бәрін орнынан алып, жаңа басшылар тағайындау өз командасын құру емес пе?..