Ауылдағы «құпия» нысанды әкімдік қалай білмейді?
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында «белгісіз нысанның» құрылысы басталғанына бір ай болған.
Жергілікті тұрғындар мұның не екенін түсінбей дал. Кей тұрғын бұл нысанды қоқыс өңдейтін зауыт болуы мүмкін екенін айтады. Бірақ, бір қызығы, әкімдік ауылдың ішінде не салынып жатырғанын мүлдем «білмейтін» болып шықты. Бұл нысан тұрғындар ойлағандай қоқыс өңдейтін зауыт болса, онда жергілікті халықтың қарсылығына тап болғалы тұр. Өйткені тұрғындар ауыл іргесіне мұндай зауыт салынуына түбегейлі қарсы екендерін ашық айтып отыр.
-Егер шынымен қоқыс өңдейтін зауыт болса, оған біз қарсымыз. Себебі түрлі целлофан-пакет секілді басқа да түрлі қалдықтардың иісі қолқаны қабып, ауаны ластайды. Әкімдік бізге мұның не екенін айтпай, жасырып отыр,- дейді Галина есімді ауыл тұрғыны.
Осы салынып жатырған "белгісіз ғимараттың" қасында тұратын тұрғынның сөзінше, бұл пластикалық ыдыстар шығаратын зауыт болады. Оны жұмысшылар айтқан.
- Өткенде Алматыдан келген жұмысшылармен сөйлесіп, «не салып жатырсыңдар?» деп сұрағанымда: «пластикалық ыдыс шығаратын зауыт» деді. Мен осының іргесінде тұрамын. Көк түтінге тұншығамыз ғой,- деді Шелек ауылының тұрғыны.
Жергілікті қоғамдық жиналысының мүшесі әрі ауыл тұрғыны Дәурен Бақбергеннің айтуынша, бұл нысанды «Балис 2007» ЖШС салып жатырған болуы әбден мүмкін. Себебі осы компания әкімдіктен 35 гектар жер алып, зауыт салуды көздеген.
Ал Шелек ауылы әкімінің орынбасары Мәди Бектасов салынып жатырған ғимараттың не екенін, иесі кім екенін білмейтіндерін айтады.
-Бұл жекеменшік ғимарат. Кім салып жатырғаны беймәлім. Кімдікі екенін анықтауға тырысқанбыз. Бірақ анықтай алмадық. Жұмысшыларынан иесі кім екенін сұрасақ, «білмейміз» деді,-дейді Мәди Бектасов.
Шенеуніктің бұл айтқан сөзіне тұрғындар күмәнмен қарайды. Олар «өтірік айтады, бәрін біледі» деп әкім орынбасарының сөзіне сенімсіздік білдірді.
Malim.kz тілшісі тұрғындармен бірге салынып жатырған мәлім де беймәлім ғимаратқа барған. Ол жерде бір жұмысшы ғана жүрді. Бірақ қандай нысан екенін, не салып жатырғандарын айтпады.
Кейін «Балис 2007» ЖШС директоры Олжас Тойсынбековке хабарласқанбыз. Ол салынып жатырған нысанға қатысы жоқ екендерін айтты.
-Ол біздікі емес. Оған ешқандай қатысымыз жоқ. Зауыт салатын біз де ешқандай қаржы жоқ,-деді қысқа пікір білдірген Олжас Тойсынбеков.
«Балис 2007» ЖШС зауыт саламыз деп алған 35 гектар жер бүгінде қоқыс алаңына айналған. Бұл да тұрғындардың наразылығын тудырып отыр. Қоғамдық кеңестің мүшесі Дәурен Бақбергеннің сөзінше, қоқыс полигоны жабылса да, әлі күнге дейін түрлі қалдықтар төгіліп жатыр.
Бір топ тұрғын Malim.kz тілшісімен Шелек ауылы әкімінің орынбасары Мәди Бектасовты ертіп, қоқыс полигонына барды. Бұл полигонда дем алу тіптен мүмікін болмады. Сасық иістен мұрын бітеледі.
Жатқан жыланның құйрығын бас па!
- «Балис 2007» ЖШС 2017 жылы «Инвест проект» жобасы бойынша осы жерді алған еді. Әу баста олар қоқыс өңдейтін зауыт салуы керек болған. Алайда осы күнге дейін тек қоқыс жинаумен айналысып келді. Зауыт салынған жоқ. Осы компанияның Олжас есімді басшысы биылғы көктемде полигонның айналасын қоршап, кемшіліктердің барлығын жоямын деген болатын. Бірақ кейін ол кісілер «біз жұмыс істемейміз, жабылдық» деп кетіп қалды. Алайда тұрғындар әлі де қалдықтар төгіліп жатыр деп жатыр ғой. Біз енді осы компания өкілдерінің өзімен сөйлесіп, анықтаймыз,-деді Мәди Бектасов.
Полигон айналасында мал жаятын Тұрсынбай есімді тұрғын бұл көң-қоқыс алаңына күндіз-түні отхот төгіліп жатырғанын айтады.
-Осы маңайда күнде мал бағамын. Күндіз де, түнде де қоқыс төгіліп жатырғанын көремін,-деген Тұрсынбай Шелек ауылы әкімінің орынбасары Мәди Бектасовқа: «Сіздер осы ауылдың әкімісіздер. Қадағалауға құқықтарыңыз жүрмей ма сонда? Сіздер біздермен бірігіп, «біреу-міреу қоқыс төгіп жатса, бізге айтыңыздар» десеңіздер, айтып отырамыз ғой. Өткенде ауыл әкімінің WhatsApp желісіне полигонның өртеніп жатқан фотоларын жіберсем, маған: «жатқан жыланның құйрығын бас па!» деп айтты,- дейді Тұрсынбай.
Қайтар жолда «Балис 2007» ЖШС-ның бір қызметкері жолға көлденең көлік қойғызып, жапқызып тастады.
Тілші мен тұрғындарды біразға дейін өткізбеді. «Жеке территориямызға кірулеріңізге қандай қақыларың бар?» деп полиция шақыратынын айтты. Ол аты-жөнін де айтпады, қойылған сұраққа да жауап бермеді. Ауыл әкімінің орынбасары Мәди Бектасовты тіптен елеген де жоқ. Кейін Мәди Бектасов тілші мен тұрғындарды тастап, жаяу кетіп қалды. Жолды біразға дейін ашпаған соң, ашуға булыққаннан тұрғындар жолды жауып көліктің ішінде отырған жүргізушінің жағасына жармасуға дейін барды. Арты үлкен дауға ұласатынынан қорықты ма, дереу жолды ашып, өткізді.
Бұл мәселеге қатысты пікір білдірген «Балис 2007» ЖШС директоры Олжас Тойсынбеков «әкімдік бізге жұмыс істеткізбеді» деп мәлімдеді.
-Ол жерге қоқыс өңдейтін зауыт саламыз деп жоспарлағанбыз. Су, жарық өткізіп, екі ангар да апарып қойдық. Бірақ әкімдік жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді. Бізге тендерді бергізген жоқ. Өз қаржымыздан жұмыс істеп келдік. Қазір полигондағы жұмысты тоқтатып қойдық. Жұмыс жасауға кедергі келтіре беретін болса, әкімдікке жерді қайтарып береміз,-деді Олжас Тойсынбеков.
Оқи отырыңыздар: Шелектің жолы тесік, әкімі пысық