Қант бағасы 1000 теңге болады – Қымбатшылық бізде ғана ма?
Импортқа бағынышты болғандықтан Қазақстан бағаны уысында ұстап тұра алмайды
Әлем елдерін қымбатшылық қысып барады. Оған бірден бір себеп – шиеленіскен геосаяси ахуал. Пандемиядан соң күш ала бастаған жаһандық экономиканың қарқынын Украина-Ресей арасындағы соғыс қайта бәсеңдетіп тастады. Қымбатшылықты үдетіп тұрған ең алдымен азық-түлік бағасы.
Күні кеше Ұлыбритания халқы инфляцияның шарықтауына наразылық білдіріп, шеруге шықты. Шарасыздықтан көшеге шыққан бұқара Үкіметтің бейқамдығына ашулы. Себебі, оларды ашындырып отырғаны – экономикалық мәселелердің шешім таппауы. Бас көтерген халық биліктен азық-түлік, жанар-жағармай, электр бағасын төмендетіп, әлеуметтік қолдау жасауды талап етті. The Guardian басылымының жазуынша, қымбатшылықтың белең алуына пандемиядан кейін тұтынушылар сұранысының артуы себеп болған. Алайда, ел билігі халық сұранысын өтеуге дайын болмай шықты. Лондон қаласындағы Кәсіподақтар конгресінің бас хатшысы Фрэнсис Грэйдидің пікірінше, барлық мәселе энергиялық ресурстардың күрт қымбаттауынын туындап отыр. Үкімет қолдау шараларын мықтап қолға алмаса жағдай басқаша сипат алуы мүмкін.
Ал Сингапурде соңғы он жылда болмаған ахуал қалыптасып, инфляция мөлшері 5 пайызға жеткен. Осының әсерінен жергілікті валюта құнсызданып, азық-түлік құны аспандап кетті. Сарапшылар бұл қиындыққа өнімдерді тасымалдау бағасының өсуі қосылды деп дабыл қағуда. Жалпы Сингапурға азық-түлік импортпен келеді. Мәселен, жеміс-жидек пен көкөністер Қытай мен Малайзиядан әкелінеді. Ал күріш Тайландтан тасымалданады дейді экономист Тан Конг.
Аргентиналықтар да қымбатшылықтың қыспағына шыдамай митингке шықты. Елдегі тұрғындардың 20 пайыздан астамы кедейлікпен өмір сүріп жатыр. Өткен жылы инфляция мөлшері 50 пайыздан асып жығылған. Бұл Латын Америкасы елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш саналады. Сарапшылардың пайымдауынша инфляция биыл 50 пайыздан асып жығылмаса кем болмайды.
Euronews.com басылымы Испанияда да қымбатшылық жайлап, азық-түлік құны тым қамбаттағанын жазды. Мұндай жағдай мемлекетте 1994 жылы ғана тіркеліпті. Айталық, макарон өнімдері 28 пайызға, зәйтүн майы 35, жұмыртқа мен ұн 25 пайызға қымбаттаған. Бұдан бөлек, жанар- жағармай құны да шарықтап тұр. Испанияда ұнның таусылып, нан бағасы 12 пайызға өсуіне Украинадағы текетірес ерекше әсер еткен. Сонымен қатар, сиыр мен құс еті, тым қат тауар түріне айналып бара жатыр.
Қаржыгер Бауыржан Ысқақов әлемдегі жағымсыз ахуалдан Қазақстанның сабақ алатын сыңайы байқалмайтынын сынға алады. «2019 жылдан бері елімізде әлеуметтік маңыздағы азық-түлік екі есе шарықтап кеткен. Үкімет қажетті шараларды қабылдамаса сұраныстағы өнімдер тағы 50 пайызға қымбаттай түспек. Соңғы кездері халықты титықтатқан қант бағасы былтырмен салыстырғанда екі есеге өскен. 700 теңгеден сатылып жатқан шекер күз келгенде 1000 теңгеге дейін артуы әбден мүмкін. Импортқа бағынышты болғандықтан Қазақстан бағаны уысында ұстап тұра алмайды», дейді экономист маман. Басқа мемлекеттердегі секілді ішкі толқулардың дені осы қымбатшылықтан шығатыны анық. Сондықтан біздің Үкімет отставкаға кетпейін десе қимылдауы керек.