Жер және адам. Адамзаттың көбеюі қауіпті ме, азаюы қауіпті ме?

Жер шарында адам саны 1 миллиардтан ХІХ ғасырда ғана асты. Арада екі ғасыр өтер-өтпесте 8 есе көбейген адамзат әр он  жыл сайын миллиардтап өсе берсе не болады? Ескерту: Материал бірнеше журналистік және әлеуметтік зерттеулер негізінде жазылды.

Алмас НҮСІП

  • 17.02.2023
Көрнекі сурет / Фото: minsk.deal.by

 

Жер шарында адам көбейе ме, азая ма?

Ғылым дамыған сайын адамзаттың өмір сүру ұзақтығы артып келеді. Баяғыдай эпидемиялогиялық аурулардан миллиондап қырылып, бүкіл бір құрлықтың жарты тұрғыны өліп кететін заман жоқ, соғыстарда бұрынғыдай түмен-түмен қол харап болатын кескілескен ұрыстың да заманы өткен, азық-түлік қауіпсіздігі жолға қойылған, қысы-жазы не ішем, не жеймін демейтін елдерде ХХІ ғасыр – өмір сүру ұзақтығының артуымен ерекшеленді. Тиісінше, адамзат жаңа ғасыр табалдырығын (2000 ж.) 6 миллиард адаммен аттады. Арада 11 жыл өткенде (2011ж.) тағы жаңа меже – 7 миллардтық шекті бұзды. Тағы 11 жылдан соң 2022-нің аяғына қарай 8 миллиардтық көрсеткіш бағынды.

Жер шарында адам саны 1 миллиардтан ХІХ ғасырда ғана асты. Арада екі ғасыр өтер-өтпесте 8 есе көбейген адамзат  әр он жыл сайын миллиардтап өсе берсе не болады деген сұрақ қазірдің өзінде демографтар, экономистер, әлеуметтанушыларды аз толғандырып жатқан жоқ. БҰҰ болжамы бойынша, бұл өсім жақын арада тоқтамайды, тиісінше, адамзат ХХІ ғасырды 11 миллиардтық межемен түйіндейді.

Бірақ, бұл болжаммен келіспейтін ғалымдар мен зерттеу орталықтары да аз емес. 11 миллиард деген санды БҰҰ мен Вашингтон университеті оқымыстылары біріге отырып, 2014 жылы болжаған. Бірақ, арада 6 жыл өткенде Вашингтон университеті айнып, бұл цифрды 8,8 миллардқа түсірді.

Басқа ғалымдар да БҰҰ болжамына кереғар пікір білдіріп жүр. Қазір әлемдегі дамыған елдердің бәрінде дерлік адам саны азая бастады. Еуропа, Америка, Азия елдері тегістей осы қатарда. Африканың өзінің қарқыны қайтпаса да, бәсеңси бастағаны аңдалады. Демек, адамзат өсім бойынша ең шырқау шегіне 2050 жылы жетеді де, одан әрі шегініс басталады.

Бұл екі көрсеткіш кереғар көрінгенмен, екеуін біріктіріп тұрған бір тенденция бар: Адамзаттың көбею қарқыны. БҰҰ бәсеңдейді дейді, қарсы тарап тоқтайды дейді. Қалай дегенде де, адамзат ендігәрі дәл қазіргі қарқынмен көбеймейді.

 

Бэби-бум. Тууды шектеу. Тууға ынталандыру

Қытайдағы халық саны 1982 жылы 1 миллиардтан асты. Одан бергі 40 жыл ішінде 400 миллионнан астам адам қосылып, 2022 жылы 1 411 800 000-ге жетті. Бірақ, соңғы көрсеткішті жетті дегеннен гөрі, түсті деген дұрысырақ, себебі, 2022 жылы Қытай халқының саны 2021 жылға қарағанда 850 мың адамға азайып кеткен. 1965 жылы Қытайда бір әйелге 6,02 баладан келсе, бір баладан асырмау туралы шектеу енгізілген 1979 жылдан кейін бұл көрсеткіш 2,32-ге құлайды. Осы инерциямен 1990 жылдарға дейін келеді де, 1995 жылы 1,65-ке бір-ақ құлдырайды. Ал, былтырғы көрсеткіші 1,07. Халық санының өсу қарқыны тежелгенін байқаған соң, 2016 жылы Қытай бала санын шектеуден бас тартқанмен, өсім қарқыны төмендеген үстіне төмендеп келеді.

Оқи отырыңыз: Қытай халқы санының 60 жылдан кейінгі азаюы

Адам санының өсімі күрт құлдырап кеткен тағы бір ел – Оңтүстік Корея. 1950-1990 жылдар арасында 20 миллионнан 40 миллионға жетіп, 40 жыл ішінде екі есе өсіп кеткен Корей халқының бэби-бумы ғасырлар тоғысында тоқырай бастады. Бұрын бір әйел орташа есеппен 6 бала туса, қазір бір әйелге 0,84 баладан ғана келеді. Кәрістерде де 90 жылдары бэби-бумнан қорқу синдромы болған. Нәтижесінде, елде аборт жасату көбейген, жұрттың көбі ұл бала тудырып алса, ары қарай бала тууға құлықсыздық таныта бастаған. Мұны тоқтату үшін ел үкіметі дәрігерлердің шарана жынысын айтуына тыйым да салған.

Кәрістер осы бетімен кете берсе, 2040 жылдары бір жас адамға үш кәрі адамнан келеді деген болжам бар. Қазірдің өзінде бұл елде қаптаған зейнеткерлердің мәселесін қалай шешеміз деген мәселе күн тәртібінде тұр. Ең алдымен зейнет жасын ұлғайту туралы шешім қабылданды. 2034 жылға дейін зейнет жасы 61-ден 65-ке дейін ұзартылмақ. Бірақ, бұл жастардың мансап жолында өсуіне кедергі келтіретін болып шықты.

Кореямен шектес орналасқан Жапонияда да бала тууды құндылық санамайтын жаңа буын өсіп шықты. Батыс құндылықтарын бізден гөрі ерте қабылдаған, даму жолына тым ерте түскен Жапонияда халық саны 2050 жылға қарай 120 миллиондық межеден төмендеп, 80 миллионға дейін құлдырайды деген болжам бар.

Сингапур да қазіргі өсім көрсеткіші бойынша ең төменгі сатыда тұр. Олар бұл проблеманы шешу үшін 12 тамызды «Ұлттық түн» деп жариялап, дәл осы түні ерлі-зайыптыларды «бала жасауға» шақырды. Қытай да өткен жылдың күзінде компартия съезінде бала туу көрсеткішін арттыру туралы арнайы мәселе көтеріп, жедел шаралар қабылдауға, елді бала тууға ынталандыруға күш салатындарын айтты. Жапондар да жұмысбастылықпен күресті күшейтіп, азаматтарының отбасына, өзіне көңіл бөлетін мүмкіндік жасауды қарастырып жатыр.

 

Оқу. Жұмыс. Баспана

Еуропада халықтың кәртеміс тартуы ертеректе басталды. Бірақ, оларда жұмысбастылық проблемасы жоқ деуге болады. Дегенмен, баланы бағып-қағу, оқыту мәселесінде қиындықтар бар. Және еуропалықтардың көпшілігі жеке бастың еркіндігііне қатты мән береді. Сол себепті, көп жағдайда баланы артық жүк санайды.

Еуропада бұл «еуростандарт» ХIV ғасырдағы Қара шешек эпидемиясынан кейін қалыптаса бастапты. Қара шешектен Еуропа халқының 60 пайызы харап болған, бұл тек демографиялық ахуалға ғана емес, діни ұстаным мен салт-санаға да әсер еткен. Қара шешектен көз жұмғандардың дені балалар мен кәрілер болғанын ескерсек, соның бәрін көзімен көрген жастар мен орта жастағылар бала табудан қорқып қалғанға ұқсайды. Осы үрейлі психология салдарынан кейбір еуропалық елдердің халық саны бірнеше ғасырдан кейін ғана қалпына келген.

Ал, балаға деген көзқарастың өзгеруі Азияның бірқатар елдерінде басқаша қалыптасты. Бірден өрлеу, даму жолына түскен мемлекеттерде жастардың дені ең алдымен оқуға ден қойды. Нарық пен ел экономикасындағы өрлеу аз уақыттың ішінде мамандарға сұранысты күшейтіп қана қоймай, олардың арасындағы бәсекелестікті шексіз өсіріп жіберді. Шетелге шығып оқитындар, сол елде қалып қоятындар саны артты. Өз елінде оқитындар да бәсекеге төзіп беру үшін күндіз-түні кітапханалар мен лабороториялардан шықпайтын болды.

Оқуды бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу оңай емес, соншама өткелектен өтіп, жұмысқа тұрған соң, одан айрылып қалмауға барын салды. Мәселен, жапондар кешкі сағат 8-9-да (!) жұмыстан шығып бара жатып, өзгелерден кешірім сұрайтын жағдайға жетті.  Бұл жағдай Сингапур, Гонконг, Тайвань, Оңтүстік Корея сияқты елдерде де айна-қатесіз қайталанды. Нәтижесінде, үйленбеген, тек жұмыс пен үйдің арасында өмірі өтіп жатқан жастардың көбеюіне әкеліп соқты. Жастардың көбі жар іздеуге, қыз бен жігіт болып, кездесуге баруға уақыт таппайтын болды. Бір аптада 10-ақ сағат ұйықтауға әрең уақыт табатын жапон қызының өзіне қол жұмсаған шулы оқиғасынан кейін ғана жапон қоғамы бұл мәселеге назар аудара бастады. Жұмысбасты адамдарды үйіне ерте қайтару үшін түнгі сағат 10-нан кейін кеңселер мен кәсіпорындарды жарықтан ажыратты. Әр айдың соңғы жұмасында жұмыскерлер мен қызметкерлерді үйіне ертерек – 15:00-де қайтаруды бастады. Корея да дәл осы бастаманы жалғастырып, кешкі сағат 19:30-да жұмыстағы жарықты сөндіріп тастайтын болды.

Бірақ, мұның бәрі таным-түсінігі басқа арнаға түсіп үлгерген азаматтардың бетін қайтаруға қауқарсыз болып шықты. Одан бөлек, жастар арасында баспана мәселесі өзекті бола түсті. Жаңа заманның жастары жақсы жай, жайлы үйде тұрмаса, өмірге бала әкелуге асықпайтынын білдірді. Тіпті, үйленгендердің өзі ең алдымен үйді реттеп алмай, бала сүюге құмарта қоймады. «Бала тудырдың ба, дұрыстап тәрбиелеу керек» деген түсінік «әр баланың өз ырзық-несібесі бар» дейтін қасиетті түсінікті де ескілік көлеңкесінде қалдырып кетті.

1960-70 жылдары АҚШ-та бала туу, жастай үйлену көрсеткіші еселеп артып, бэби-бум қалыптасады. Оның себебі – баспана мәселесімен тікелей байланысты болған. Олар орта тапқа арналған игілікті бағдарламаны іске қосады: Балаң көп болса арзан ипотекаға қол жеткізесің, арнайы жеңілдіктер қарастырылады, т.б. Соның арқасында ғана көптеген отбасылардың көп балалы болуға барын салған. Мәселен, сіздің екі балаңыз бар, енді тағы екі балаңыз болса, сізге бар игілік жасалады. Сіз қазіргі жұмысыңызбен 5-10 жылда да үй сатып алуға шамаңыз жетпейді. Ең оңайы... Иә, бала туу. Оқушылардың жоқтығынан жылына мыңнан аса мектебі жабылатын Корея мен Жапония, Сингапур сияқты елдерде баспана мәселесін шешудің қиын екені түсінікті. Мектеп бітіре салып қалаға ұмтылатын жастар да орталық қалалардан алыста тұрғысы келмейді. Ал, орталықтан арзан үй тауып беру тағы мүмкін емес. Демек, алдағы он жылдықтарда баспана мәселесі халқы көп, жері тар елдердегі демографиялық ахуалды әлі де біраз тығырыққа тірей тұрады деген сөз.

 

Экономика. Иммиграция. Жастар мен кәрілер

Соңғы екі ғасырда адам саны туу көрсеткіші есебінен емес, өлім көрсеткішінің төмендеуінен өсіп отырған. Мәселен, орта ғасырларда өлім көрсеткіші мен туу көрсеткіші қарайлас болса, соған сәйкес, адамның орташа жасы 50-ге жетпейтін, ол кезде адам үйленіп, асса немере сүйіп үлгеретін. Болмаса, ол да жоқ. Кейін эпидемиялар мен өзге де соғыстар адам санына әсер еткенмен, баяғыдай апаттық жағдайға жеткізбейтін болды. Эпидемияға қарсы екпелер пайда болды, санитариялық қауіпсіздіктер күшейтілді, тамақтану мәдениеті қалыптасты, салауатты өмір салтын ұстану дамыды... Соның есебінен, ХХ-ХХІ ғасырда адам саны тоқтаусыз өсумен болды.

Қытайда биыл тұңғыш рет өлім көрсеткіші туу көрсеткішінен асып кетті. 1000 адамға шаққанда 7 адам ғана дүниеге келген. Бұл әлемнің экономикасына зор ықпал етіп отырған коммунистік Қытайдың басты артықшылығы еді, яғни, Қытай арзан жұмыс күші әрі мол тұтынушысы – адам ресурсы есебінен көптеген жетістіктерге жеткен. Енді, бұл тарапта тоқырау басталса, Қытайдың экономикасы да баяулай бастайды деген сөз.

Батыс елдері демографиялық тепе-теңдікті иммигранттар есебінен сақтап отыр деген көзқарас бар. Және олар тек демографиялық өсімді ғана емес, осының есебінен экономикалық тепе-теңдікті де ұстап отыр. Америка тек арзан жұмыс күші ғана емес, бүкіл әлемдегі ақылды адамдарды «мүмкіндіктер еліне» тарту арқылы ғылым мен инновацияны да жоғарғы деңгейге жеткізген. Бірақ, алдағы уақытта демографиялық жағынан Американың жағдайы да мәз болмауы мүмкін. Олар қазір иммигранттарды кіргізуге шектеуді күшейте бастады. Трамптың кезінде басталған бұл үрдіс әрі қарай жалғаса берсе, Американы ұлы ел, армандар орындалатын отан деңгейіне көтерген ашықтық мүлде кереғар бағыт алуы мүмкін. Сондықтан, алдағы он жылдықта демографиялық ахуалдың әсерінен Америка бастап, басқасы қостап, изоляция мәселесінің тиімсіздігін сезіне бастайды да, виза беруді жеңілдетуге мәжбүр болады. Алдағы уақытта әлемдік державалар иммигранттардың келуіне жағдай жасау жағынан таласқа түсуі де мүмкін.

Ғалымдар бұл тарапта дамыған елдер Канададан үлгі алуы керек дейді. Бірақ, олар да геттоға ұқсас, жекелеген қала салып, иммигранттарды шеткері орналастыруға тырысып жатыр. Бұл өз кезегінде сырттан келушілердің жергілікті менталитет пен тілді қабылдауына шектеу қояды. Сондықтан, Канаданың жолы да депопуляцияны тоқтатудың үздік үлгісі бола алмай тұр. Ал Жапонияда иммигранттар аз болғандықтан, еңбекқор есептелетін жапондардың өздері көп жұмыс істеуге мәжбүр. Ал, жұмысбастылық бұл елдегі демографиялық ахуалды қалай асқындырып жібергенін жоғарыда айттық. Бұл жағдай қазір Жапония үкіметін халық санын қайтсек 100 млн-нан түсірмейміз деген ғасыр сұрағын қоюға мәжбүрлеп отыр. Демек, Жапония да алдағы уақытта иммигранттарға иек артуға кет әрі болмайды деген сөз.

Оқи отырыңыз: Кедейлердің көбі ата-анасын үлгі тұтпайды – зерттеу

Мұның тағы бір айқын бір мысалы Болгария. Болгария Сириядан келетін босқындарға мүлде шектеу қойып тастады. Және өзге де елдерден келетін діні, ділі өзге ұлт өкілдерін кіргізуді шектеу туралы ұстанымдағы ел. Осының нәтижесінде, халық санының кемуі байқала бастаған. 2001 жылдан бері үш рет өткен халық санағының нәтижесі бойынша Болгариялықтардың саны 1,5 миллионға жуық адамға кеміп кеткен. Өзі де аз халық, өзгелерге жұтылып кетеміз деп қорқатыны түсінікті, бірақ, олар өзгелерге есігін жабу арқылы экономикалық қысымның екпініне жұтылып кету қаупін тудырып отыр. Жалпы, Болгария 1975 жылдан бері тұрақты түрде халық саны кеміп келе жатқан ел.

Адам көбейсе, жер шарында ашаршылық болады, жер жетпейді деген байбалам қаншалықты орынды? Адам саны көбейген сайын, ғылым да дамымай ма? Ауыл шаруашылығы қазірдің өзінде аз жерден бұрынғыдан он-он бес есе көп өнім алып жатыр. Бәрі ғылымның арқасы. Болашақта да солай болады. Ал, керісінше, адамзат саны тоқтап қалса (өсімнің тоқтағаны – туудың тоқтағаны, кәрілердің, еңбекке жарамсыз адамдардың көбейгені) нағыз апат сонда болады. Ең алдымен, қазынаға ақша түсіріп отырған салық төлеуші негізгі лек – жастар мен орта жастағылар саны күрт азаяды. Олар салық төлеуші ғана емес, нарықтағы бүкіл тауардың тұтынушысы да. Олардың саны азайса, экономикадағы алыс-беріс тоқырайды. Үйлер салынса да өтпейді, көліктер жасалса да сатылмайды, жиһаздар мен тұрмыстық заттарға сұраныс азаяды. Экономиканың ең басты тірегі – баланс болса, адамзат өсімінің тоқтауы осы баланстың бұзылуына әкеліп соғады. Яғни, адамзат өсімі тоқтаса, мыңдаған жылдардан бері қалыптасқан, үздіксіз жалғасып келе жатқан табиғи баланс бұзылады. Бұл бәрінің күйреуіне әкеліп соғады. Медицинаға бөлінетін ақша азаяды, зейнетақы уақытымен төленбейді, жеңілдіктер қысқарады, нәтижесінде, өмір сүру ұзақтығы да еселеп кемиді. Бір кездері қолдан шектеу қойған Қытайдың қазір бала тууды көбейтуге күш салып жатқанының басты себебі де осы – тұтынушылар мен салық төлеушілердің азайып кетуі.

2022 жылы Монако ұзақ жасау бойынша рекорд орнатты. Бұл елде әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы 87,7-ге жеткен. Ерлер де өте жоғары – 84,3 жас. Демек, Монаконың зейнеткерлерге төлейтін зейнетақысы мен жеңілдігінің өзі мемлекет қазынасына үлкен күш түсіреді деген сөз. Қазір бұл елдің туу көрсеткіші 1000 адамға 3,38 адамнан келеді. 2015 жылы халық саны 38 млн 200 мың болса, 2019 жылғы есеп бойынша 38 млн 100 мың адам болған. Демек, төрт жыл ішінде 100 мың адамға кему – өзі өте тығыз орналасқан ел үшін апатты жағдай. 1960 жылдардан бері тұрақты түрде өсіп, 21 миллионнан 35 миллионға жеткен монаколықтар 2010 жылдан бастап тоқырауға ұшырай бастады. Алғаш рет 2010 жылы халық санының кемуі байқалды. 2009 жылы 35 405 мың адам болса, 2010 жылы 35 362 мың адамды құраған. Одан бергі 3 миллионлдық өсім де табиғи туу емес, иммиграция есебінен жоғарылап отырғанын жазады БҰҰ.

 

Жағымды сценарий. Адамзат үшін адам санының көбеюі қауіпті ме, азаюы қауіпті ме?

Қазір әлемдік демографияға ерекше үлес қосады деп сеніп отырған Африка елдері осы ғасырда өзінің өсу көрсеткіші бойынша ең жоғарғы көрсеткішке жетеді. Бірақ, олардың өсуі де бірте-бірте азая бастайды. Себебі, бұл континенттегі көптеген елдер бірте-бірте даму жолына түсіп жатыр. Экономикалық даму болған жерде әйел теңдігі мәселесі алдымен көтеріледі, білімге, теңдікке қолы жеткен африкалық әйел дәл қазіргідей топырлатып бала өргізбейді. Сөйтіп, 2100 жылдан бастап әлемдегі адам саны төмендей бастайды. Халық санының өсімі бойынша көш бастап тұрған Кенияның өзінде қазір туу көрсеткіші едәуір төмендей бастаған. 2003 жылы бір әйелге 4,9 баладан келсе, 2014 жылы бұл көрсеткіш 3,9-ға кеміген. Осының нәтижесінде 1999-2009 жылдары халық саны 10 миллионға көбейсе, тағы он жылдан кейін 2019 жылғы санақта халық саны 9 миллионға өскен (47 564 296).

Келесі ғасырда Америка, Еуропа сияқты иммигранттар есебінен халқының санын ғана емес, экономикасын да ұстап отырған елдердің сырттан келетін адам ресурсына қажеттілігі арта түседі. Жұмыс күші мәселесінде проблема болмауы мүмкін, робототехника шырқау шегіне жетіп дамиды, жұмыстың бәрін соларға істетуге болады. Бірақ, өнім мен тауарды тұтынатын адам болмаса, роботтың өзі жұмыссыз қалмақ. Демек, жер шары адамзаттың көптігінен емес, тұтынушылар мен жұмыс күшінің аздығынан зардап шегуі әбден мүмкін.

Адамзат санының азаюы аса қорқынышты болмауы да мүмкін. Зерттеушілер Джон Иббитсон мен Даррел Брикер бірлесе жазған «Бос ғаламшар» («Empty planet») кітабында адамзат саны азайса, климат қалпына келеді, углеводты газ ауаға аз бөлінеді, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер қысқарады, есесіне, орманды алқаптар көбейіп, баяғы фаунаны қайта қалпына келтіруге көмектеседі деген де болжам айтады. Бірақ, экономиканың төмендеуі елдер мен елдер арасындағы достық рәуішті қарым-қатынасты бұзып, соғыс жағдайына әкелуі мүмкін және әр елдің өз ішінде проблема көбейіп, наразылықтар артып, тәртіпсіздік күшейіп, мемлекеттік басқару жүйелері шайқала бастауы мүмкін. Рас, мұның бәрі болжам ғана, бірақ, адамзат санының азаюы ізсіз кетпейді. Қалай дегенде де, адамзат санының өсуінен гөрі, азаюы көбірек зиянға шыққалы тұр. Ал, жердің қанша адамды көтеріп тұратыны туралы миф әлі дәлелденбеген дақпырт қана. Жер ресурстарының жетіспеушілігі емес, адам ресурсының жетіспеушілігі үйреншікті тіршілік үшін қауіпті болуы әбден мүмкін ғой.

1 миллиардтық межені Қытайдан 15 жыл кешігіп аттаған Үндістан халқының саны бойынша Қытайдан озды. Экономистер де Үндістан алдағы уақытта әлемдік экономиканың негізгі тірегіне айналып, Қытайды ығыстыра бастайды деген болжам жасап жүр. Бірақ, халық санының өсімі бойынша да Үндістан шырқау шегіне 2050 жылы жетеді – 1 658 978 162 адам болса, 2100 жылы бұл елдің халық саны төмендеп, 1 516 597 380 адамға азаяды. Бұл болжамға сүйенсек, Үндістанның да өсу қарқыны әлемдік үдерістен ұзап кете алмайды деуге болады.

 

Қазақстан және 20 миллиондық меже

Адамдар урбанизацияланған сайын, ғылым шексіз дамыған сайын, салт-дәстүр, менталитет, діни ұстанымдар әлсірей береді. Ал қазақ үшін ұрпақ жалғастыру қасиетті борыш саналады. Ұрпақсыз қалды, шаңырағы ортасына түсті, оты өшті, ізсіз кетті деген сияқты сөздер біздің түсінігімізде ең үлкен трагедия болатын. Еуропа бұл түсініктен ертерек арылды, кейін дамыған елдерде де бұл құбылыс қайталанумен келеді. Еуропа жастары үйленгенмен, баланы қолбайлау санап, өз еркіндігін шектегісі келмейді. Жапонияда балалар әке-шешесіне қарайласпайды, тіпті, немересін баққаны үшін арнайы жалақы төлейді, осындай қарым-қатынас балаға деген, баланың әке-шешеге деген көзқарасын өзгертпей тұрмайды. Ал, бізде әзірге бала әке-шешенің алдында борышты. Сол үшін де туу көрсеткіші белгілі деңгейде көбейіп келеді деуге болады.

Қазіргі өлім көрсеткіші төмендеген, өмір сүрудің орташа ұзақтығы шарықтай өскен уақытта адамзат өсімінің болуы заңды. Өйткені, әр адам артына бір адам қалдырды деген күннің өзінде, бір адамның өмірінде бірнеше буын алмасып үлгеретінін ескерсек, адам саны өсімін тоқтатпайды. Қазақстанда орташа өмір сүру ұзақтығы 73,9 жасты құрайды, бұл көрсеткіш жылдан жылға жоғарылап келеді. Демек, қазақтар арасында алдағы уақытта шөпшек сүйетін қарттар аз болмайды деген сөз. Бірақ, туу көрсеткіші қалай болады? Қазақтардың ұғым-танымы да батыстық үлгіні қабылдауға кет әрі емес. «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық» дейтін елде біртіндеп материалдық құндылықтар алдыңғы қатарға шығып келеді.

Қазір Қазақстанда да жұмысбастылыққа байланысты бала тәрбиесіне араласа алмайтындар немесе бала тууға мүмкіндіктері жоқтар біртіндеп артып келеді. Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген зерттеуде отбасына жеткілікті көңіл бөле алмайтындардың 25 пайызы жұмысбастылықты негізгі себеп ретінде атаған. Және респонденттердің 55 пайызы балаларымен уақыт өткізуге байланысты қиындықтар осы жұмысбастылыққа байланысты туындайтынын, олардың 45 пайызы баланы қалдырып кететін адам жоқ екенін айтқан. Демек, қазіргі қазақстандықтар да жұмыс пен отбасы арасындағы балансты сақтаудың қиындығын сезінеді деген сөз.

Институт зерттеуіндегі тағы бір назар аударатын нәрсе – Қазақстанда бала тууды жоспарлайтындарға қарағанда жоспарламайтындардың көп екені. Онда бала тууды жоспарлайтындар – 23,9 пайыз адам болса, жоспарламайтындар – 31,8 пайыз. Және бұл тақырыпта нақты ұстанымы жоқтар да аз емес – 17,9 пайыз. Туу көрсеткішін төмендеткен, нәтижесінде алып Қытайдың өзінде демографиялық кризис туғызған жасанды түсік жасату Қазақстанда соңғы жылдары азайып келе жатыр. 2016 жылдан 2021 жылға дейін олардың саны 78,9 мыңнан 71,8 мыңға дейін төмендеген. Халық саны артып келе жатқанда, мұндай көрсеткішті жақсы көрсеткіш деп бағалауға болады.

2020-2021-2022 – үш жыл ішінде Қазақстанда да бэби-бум болды. Оның себебін коронавирусқа байланысты карантинмен байланыстыратындар бар. Бірақ, бұл тек карантинде ерлі-зайыптылардың іші пысқанынан жеткен жетістігі емес, осыдан 25-30 жыл бұрынғы бэби-бумның әсері. 1990 жылдар қарсаңында өмірге көптеп келген қазақстандықтар ата-аналарының жетістігін қайталады. Қазір бір әйелге 3,32 баладан келеді. Бұл көрсеткіш 1999 жылы 1,8 болғанын ескерсек, соңғы үш жылдағы рекорд – үлкен жетістік. Тағы бір деректерде Қазақстандағы әр бір үшінші бала көп балалы отбасыларда дүниеге келетіні айтылады. Және Қоғамдық даму институтының дерегінше әрбір бесінші отбасы ата-анасымен бірге тұрады. Демек, Қазақстанда отбасылық құндылықтар, ұрпақ жалғастыруға деген игі көзқарас әлі бұзыла қойған жоқ. Бэби-бум – «балалы үй – базар» дейтін қазақ үшін де бөтен түсінік емес...

P.S.:

Бізде қолға алынып жатқан шаруалардың көбі көп балалы аналардың арқасында іске аса бастады. Рас, жарылқап тастаған жоқ, бірақ, жәрдемақы берілетін болды, аздап болса да жөргекпұл өсті, әр балаға ұлттық қордан ақша бөлінетін болды. Бірақ, мұның бәрі демографиялық ахуалды ойлап емес, көп балалы аналарды тыныштандыру үшін жасалды. Демек, туу көрсеткіші артқан жерде демократиялық өзгерістер болмай тұрмайды. Себебі, қоғамда әділетсіздікке көп ұшырасатын да, мемлекеттік бағдарламалардың кем-кетігін ең алдымен байқайтын да осы көп балалы отбасылар.

Ал, 2023 жылы Қазақстан 20 миллиондық межеден асуға тиіс...

Байланысты жаналықтар

Халық санын 20 млн-ға жеткізген 5 нәрестенің есімі кім?

16.11.2023

Қазақстан халқы 20 миллионға жетті

16.11.2023

Қазақстанда бала туу көрсеткіші төмендеген. Мамандар себебін айтты

05.04.2023

Қытай халқы санының 60 жылдан кейінгі азаюы

18.01.2023

«Әйелдерді көп дейді»: Елімізде әйелдер саны азайып барады

25.04.2022

Жетістік пен кемшілік. Өткен жыл қандай оқиғалармен есте қалады?

31.12.2021
MalimBlocks
Халық санын 20 млн-ға жеткізген 5 нәрестенің есімі кім?

5 балаға 2 млн теңгеден берілді

Қазақстан халқы 20 миллионға жетті

Бұрын халық саны туралы мәліметтер қолмен өңделетін және бұл көп уақытты қажет ететін

Қазақстанда бала туу көрсеткіші төмендеген. Мамандар себебін айтты

Осымен екінші жыл туу көрсеткішінің азайғаны байқалады

Қытай халқы санының 60 жылдан кейінгі азаюы

Үндістан Қытайдан озғалы тұр

«Әйелдерді көп дейді»: Елімізде әйелдер саны азайып барады

Әзімбай Ғали, саясаттанушы, демограф: Бұл әлеуметтік жағдай мен медицинаға байланысты

Жетістік пен кемшілік. Өткен жыл қандай оқиғалармен есте қалады?

2021 жыл қуанышты жағдайлармен өкініш те алып келді. Жылдың басты оқиғаларына шолу жасап, өткенді еске түсірдік.