АҚШ делегациясы Майами мен Абу-Дабиде өткен келіссөздер барысында украиналық өкілдерге Ресеймен 2026 жылдың наурыз айында-ақ бейбіт келісім жасасуды ұсынған, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.
Бұл ретте соғыс қимылдарын тоқтату жөніндегі түпкілікті шешім Украина тұрғындарының өзіне қалдырылуы тиіс болған, ол үшін мамыр айында ұлттық сайлаулармен қатар өтетін референдум өткізу жоспарланған. Бұл туралы анонимділігін сақтаған бес дереккөзге сілтеме жасап Reuters агенттігі хабарлады.
Алайда Reuters атап өткендей, аталған мерзімдердің орындалуы екіталай. Себебі әскери жағдай кезінде Украинаның өзінде сайлау ұйымдастырудың өзі шамамен алты ай уақытты алады. Бұған қоса, соғыс жағдайында сайлау өткізуге тыйым салынғандықтан, заңнамалық өзгерістер қажет. Киев сондай-ақ қандай да бір келісімдерге келіспес бұрын АҚШ пен өзге серіктестер тарапынан Украинаға қауіпсіздік кепілдіктері берілуін талап етеді.
Сонымен қатар Reuters деректеріне сәйкес, келіссөздер барысында қазір Ресей басып алған, Еуропадағы ең ірі атом электр станциясы саналатын Запорожье АЭС-інің тағдырын анықтау мүмкін болмай отыр. Дереккөздердің бірінің айтуынша, АҚШ ЗАЭС-ті өз бақылауына алып, оның энергиясын Ресей мен Украина арасында бөлуді ұсынған. Алайда Мәскеу станцияға толық бақылау орнатуды, сондай-ақ Донбасс аумағын толық өз қарамағына алуды талап етіп отыр, ал Киев бұл талаптарды қабылдамайды.
Егер Украинада референдум өтетін болса, ел тұрғындары Ресейге қандай да бір аумақтық жеңілдіктер беруді қолдамай тастауы мүмкін екені де атап өтіледі. Қазіргі таңда Ресей Украина аумағының шамамен 20 пайызын басып алып отыр.