Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Ақтөбеде 100 мың теңге пара алған жол полицейі 7 жылға сотталды

Қоғам
Ақтөбеде 100 мың теңге пара алған жол полицейі 7 жылға сотталды
Фото: ІІМ

Алға ауданы полиция бөлімінің қызметкері сот алдында жауап беріп жатыр, деп хабарлайды Malim.kz turkystan.kz-ке сілтеме жасап.

Ол әріптесімен бірге «Ақтөбе – Астрахань» трассасын патрульдеу кезінде Алға қаласының кіреберісінде Hyundai Accent автокөлігін тоқтатқан. Көлікті әйел адам жүргізіп келе жатқан. Полицейлер жүргізушінің мас болуы мүмкін деп күдіктеніп, медициналық тексеруден өтуді сұраған.

Тергеу деректеріне сәйкес, Алға аудандық ауруханасы маңында 28 жастағы тәртіп сақшысы автокөлік жүргізушісінен 100 мың теңге көлемінде пара алған. Сол ақша үшін ол медициналық тексеру жүргізбеген және алдағы уақытта тәртіп бұзушылық қайталанса да шара қолданбайтынын айтқан. Кейін оның үйінен осы соманың 45 мың теңгесі табылған.

Айыпталушы өз кінәсін мойындаған жоқ. Оның айтуынша, әйелдің өзі виски ішкенін мойындаған, бірақ одан алкоголь иісі шықпаған. Кейін жүргізілген медициналық сараптама жүргізушінің мас болмағанын анықтаған. Полицей ақшаны алмағанын, ал табылған купюраларды біреу әдейі тастаған болуы мүмкін екенін айтып, өзін ақтауды сұраған.

Жүргізуші әйел болса, сол күні таңертең аздап мартини ішкенін, бірақ көлік тізгініне отыру кезінде есі дұрыс болғанын айтты. Құқықтан айырылудан қорқып, ол полицейден ескерту жасаумен шектелуге бола ма деп сұраған. Әйелдің айтуынша, полицей телефонына «100» деген санды теріп, бір сағат ішінде ақшаны әкелуді талап еткен. Ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хабар беріп, олардың бақылауымен ақшаны тапсырған. Кейін медициналық тексеруден өтіп, өзінің мас емес екенін дәлелдеген.

Сот полицейдің кінәсін дәлелденген деп тапты. Оған 7 жыл бас бостандығынан айыру, мемлекеттік органдарда өмір бойы қызмет етуге тыйым салу және адвокатқа кеткен 1 миллион теңге өтемақы төлеу жазасы тағайындалды.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу