Астанада қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы басталды, деп хабарлайды Malim.kz.
Іс Астана қалалық сотында қаралып жатыр. Сот отырысына бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысу-қатыспауына қатысты шешімді судья қабылдайды.
Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 254-бабының 1-бөлігі — «Міндеттеріне адал қарамау» бабы бойынша қаралуда.
Ұлдана Мырзуан тарапының адвокаты Нұрсұлтан Орынбектің айтуынша, алғашқы сот отырысында тараптардың ұстанымы белгілі болады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Астанада қаза болған фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі 8 айдан соң үйленіп алды
Қайғылы оқиға қалай болды?
2025 жылғы 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы опырылып құлап, бірнеше адам үйінді астында қалған еді.
Оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан жеткен. Ол зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетуге ұмтылған кезде ғимараттан кондиционердің сыртқы блогы үзіліп түсіп, Ұлдана мен оның әріптесінің басына тиген.
Оқиға салдарынан бес адам түрлі деңгейде жарақат алды.
Ауыр жарақат алған 23 жастағы фельдшер он күн бойы жансақтау бөлімінде дәрігерлер бақылауында болды. Алайда медицина мамандарының барлық күш-жігеріне қарамастан, Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы 18 қарашада қайтыс болды.
Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев марқұм фельдшердің ерлігін жоғары бағалап, Ұлдана Мырзуанды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады.
Кейін Астанадағы медициналық колледждердің біріндегі оқу аудиториясына Ұлдана Мырзуанның есімі берілді. Бұл — жас маманның қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен кәсібіне деген адалдығына көрсетілген құрмет.
Ал 2026 жылғы ақпанда Ұлдананың жұбайы Әділет Зейнел әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм жарын әлі де сағынатынын жазған. Ол түсінде Ұлданамен кездескенін айтып, жүрек тебірентерлік естелігімен бөліскен.
Енді жас фельдшердің өліміне байланысты қылмыстық істің сотта қандай шешіммен аяқталатыны қоғам назарында.
Еске салсақ, бұған дейін былтыр күзде елордадағы тұрғын үйде кірпіш қаптамасының құлауы салдарынан мерт болған Ұлдана Мырзуанға қатысты істі сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын хабарлаған едік.