Астана қалалық мәслихатының депутаттары елордадағы үш көшенің атауын өзгерту туралы ұсынысты қолдады, деп хабарлайды Malim.kz.
Нұра ауданындағы жобалық атауы Е-754 көшесіне Болгария астанасы Софияның аты беріледі.
Бұған дейін олар өздерінде Астана атауымен көше ашқан болатын. Сол маңда Hilton қонақүйі, бірнеше мұражай мен бақ орналасқан, – деді Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп.
Сондай-ақ Е-15 көшесіне Пәкістанның негізін қалаушы, қоғам қайраткері Мұхаммед Әли Жинна есімін беру ұсынылды. Өз кезегінде Пәкістан билігі Исламабадтағы бір көшеге Абай Құнанбайұлының атын беруге дайын екенін білдірген.
Үшінші ұсыныс – Тұран мен Қабанбай батыр даңғылдарының арасындағы көшені Марко Полоның атымен атау. Венециялық саудагер әрі саяхатшы Марко Поло Еуразия халықтарының тарихын зерттеуге зор үлес қосып, қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген ата-бабалар туралы маңызды деректер қалдырған.