Алматыда суррогат ана қытайлық ерлі-зайыптылардан өз қызметі үшін ақша талап етуде. Олар баладан бас тартқан. Бұл туралы Malim.kz КТК-ға сілтеме жасап хабарлады.
27 жастағы Кристина Гаврилюк бөтен баланы ақша үшін көтеріп беруге келіскен. Кепілдендірілген гонорары — жеті жарым миллион теңге. Әйелге эмбрион Алматыда салынған.
Болашақ ата-аналар жүктілік кезінде тұрақты түрде ақша беріп, шамамен 200 мың теңге көлемінде жалақы төлеп отырған. Алайда асқынуларға байланысты Кристина баланы мерзімінен бұрын — жеті айында босанған. Клиенттер шала туған ұл баланы алудан бас тартқан.
«Кесарь тілігінен кейін баланы бірден алып кетті. Содан кейін төрт сағаттай өткенде маған медбике келіп, баланы біреуге тапсырғандарын айтты. Мен бәрі жақсы ма, бала өлген жоқ па деп сұрадым. Ол: “Жоқ, бәрі жақсы”, — деді. Биологиялық ата-анасы алдымен баланың денсаулығын тексеру үшін анализдер алуды талап етті. Анализдердің нәтижесі бәрі қалыпты екенін көрсетті. Бала салмақ қоса бастады. Кейін олар ДНҚ-тест өткізуді талап етті. ДНҚ-тест баланың олармен туыстығын растады. Осыдан кейін мен куратормен байланыста болдым. Бірақ кейін биологиялық ана жауап беруді тоқтатып, баланы алып кетсін деп айтты», — дейді суррогат ана.
Кристина Гаврилюк дүкенде сатушы болып жұмыс істейді. Ол өзінің алты жастағы қызын тәрбиелеп отыр. Әйел бұған дейін екі рет суррогат ана болған. Екі келісім де сәтті аяқталған. Ал үшінші рет ол гонорарын ала алмады.
Кристина ашық түрде айтып отыр: ол, шын мәнінде, бөтен баланы тәрбиелеуге де, оған жауапкершілік алуға да ниетті емес. Сондықтан босанғаннан кейін бірден нәрестеден бас тарту туралы өтініш жазған.
Баланың биологиялық ата-анасы туралы ақпарат өте аз. Ерлі-зайыптылар — Қытай азаматтары. Қазір олардың қайда екені белгісіз. Ал процедура жүргізілген клиника пікір беруден үзілді-кесілді бас тартқан.
«Осы факті бойынша жүргізілген тексерудің нәтижесінде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болмағандықтан, қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылданды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 79-бабына сәйкес, мұндай жағдайлар тек сот арқылы шешілуі тиіс. Сондықтан азаматтық-құқықтық тәртіппен сотқа азаматтық талап арыз беру жөнінде ұсыныс жасалды», — деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Қазақстанда суррогат ана болу ресми түрде рұқсат етілген. Баланы көтеріп жүрген ананың құқықтары мен міндеттері «Неке және отбасы туралы» заңмен реттеледі. Бұл заң әйелге медициналық көмек көрсетілуін, денсаулығын қорғауды және келісілген сыйақыны алуды кепілдендіреді.
Құқық қорғаушылар алданған әйелге сотқа жүгінуге кеңес береді. Биологиялық ата-анасы шетел азаматтары болғандықтан, суррогат ана Қытай елшілігіне және Сыртқы істер министрлігіне де жүгінуі тиіс.
«Биологиялық ата-аналарға қатысты Қылмыстық кодекс бойынша ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық іс қозғауға болады. Яғни олар баладан бас тартқан. Бұл сәбидің өмірі мен денсаулығын қауіпке тастау деген сөз», — деді заңгер Ғабит Өмірбеков.
Қазіргі уақытта жаңа туған нәресте сәбилер үйінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр. Ұл бала өсіп, салмақ қосып келеді. Енді баланың тағдырын шешіп, оған жауапкершілік алу мемлекетке жүктеледі. Қазіргі таңда ол ресми түрде ата-анасы бас тартқан бала мәртебесіне ие.