Жамбыл облысында экс-депутат Бақытжан Базарбектің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен Нұржігіт есімді азаматтың денсаулық жағдайына қатысты жаңа мәлімет жарияланды, деп хабарлайды Malim.kz.
Әлеуметтік желілерде науқастың туыстары видеоүндеу жариялап, ел азаматтарынан Нұржігіттің тезірек сауығып кетуі үшін дұға жасап, қолдау көрсетуді сұрады.
«Бақытжан Базарбек ағамыз біздің жанымызда. Бауырымның аяққа тұрып кетуі үшін еш көмегін аяп жатқан жоқ. Қазіргі таңда бауырымның жағдайы қанағаттанарлық. Құрметті халайық, бауырымыз үшін дұғада болыңыздар», – деді науқастың туысы.
Бақытжан Базарбек те зардап шеккен азаматтың жағдайын бақылауда ұстап отырғанын айтып, дәрігерлердің көрсетіп жатқан көмегіне тоқталды.
«Нұржігіт бауырымыздың денсаулығы ақ халатты абзал жандардың қолында. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан үлкен көмек көрсетіліп жатыр. Реаниматологтар мен травматологтар кеңес беріп, қажетті ем-шаралар жүргізуде. Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан да консилиумдар өтіп жатыр. Қазір оң өзгерістер бар», – деді ол.
Медициналық мамандар науқастың жағдайын тұрақтандыру үшін қажетті ем-домның барлығы көрсетіліп жатқанын хабарлады.
Қазіргі уақытта зардап шеккен азаматтың денсаулығы Денсаулық сақтау министрлігі мен Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасының ерекше бақылауында.