Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің құны шамамен 90 млн теңге болатын қымбат сағаттар коллекциясының ұрлануына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп Malim.kz тілшісі Qumash.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Астана қалалық полиция департаменті ұрлық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазір 31 жастағы күдікті ұсталған.
"31 жастағы күдікті ұсталды. Тергеу жалғасып жатыр", – деп хабарлаған полицияның баспасөз қызметі.
Құқық қорғау органдары жәбірленушінің аты-жөнін жарияламаған. Алайда журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, сөз Бауыржан Байбек туралы болуы мүмкін. Күдікті бұрын оның қарамағында жұмыс істеп, үйіне кіріп-шығуға мүмкіндігі болған.
Козачковтың жазуынша, Байбек отбасымен шетелге демалысқа кеткен кезде күдікті қосалқы кілттерді пайдаланып, түпнұсқа сағаттарды алдын ала сатып алынған көшірмелермен алмастырған болуы мүмкін.
Ұрланған коллекцияда Breguet, Blancpain, Hublot, Jaeger-LeCoultre және A. Lange & Söhne секілді танымал брендтердің бірнеше сағаты болған. Олардың жалпы құны шамамен 90 млн теңгеге бағаланады.
Бұрынғы әкім демалыстан оралғаннан кейін сағаттардың түпнұсқа емес екенін байқап, полицияға жүгінген.
Журналистің мәліметінше, күдікті кінәсін мойындап, ұрланған сағаттарды кімге және қайда өткізгенін айтқан. Қазір істің мән-жайы анықталып жатыр.