Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбаты еліміздің алдағы әлеуметтік-экономикалық бағытын айқындап берді. Президент көтерген бастамалар мен басымдықтарға байланысты қаржыгер Бауыржан Ысқақ кәсіпкерлік, несие саясаты және экономикалық реформалар жөнінде өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Қаржыгердің айтуынша, Президенттің сұхбатында бизнестің дамуына кедергі келтіріп отырған негізгі мәселелер нақты көрсетілген. Соның ішінде қаржылық қолжетімділік пен несие жүйесіндегі шектеулер кәсіпкерлер үшін өзекті болып отыр.
— Адал салық төлеуге дайын кәсіпкерлер жаңа жұмыс орындарын ашуға ұмтылады. Алайда қаржылық мүмкіндіктің шектеулі болуы мен несиелердің жоғары пайыздық мөлшерлемелері олардың дамуын тежейді. Бұл жағдай жаңа жобаларды іске асыруға, заманауи технологияларды енгізуге және жаңа нарықтарға шығуға айтарлықтай кедергі келтіреді, – дейді Бауыржан Ысқақ.
Оның пікірінше, бұл мәселелерді шешу үшін бірқатар жүйелі қадам қажет. Ең алдымен, қолайлы несие шарттарын қалыптастыру маңызды.
— Жеңілдетілген несиелер беру, мемлекеттік кепілдіктер ұсыну және пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау кәсіпкерлерге үлкен қолдау болар еді. Сонымен қатар айналым қаражатын арттыру үшін қысқа мерзімді несиелерді, факторинг тетіктерін және мемлекеттік қолдау бағдарламаларын кеңінен пайдалану қажет, – деп атап өтті қаржыгер.
Сондай-ақ Бауыржан Ысқақ инновация мен цифрландыруды ынталандырудың маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жаңа технологияларды енгізу үшін мемлекеттік гранттар мен қолдау тетіктері тиімді жұмыс істеуі тиіс.
— Қазіргі жүргізіліп жатқан экономикалық реформалардың нақты нәтижесі шағын және орта бизнестің дамуынан көрінуі керек. Салық реформаларының тиімділігі олардың қолданылу аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге қолдау көрсету мүмкіндіктерін арттырғанда ғана байқалады. Бұл отандық тауар өндірушілерді қолдап, импортты алмастыруға жол ашады, – дейді ол.
Қаржыгердің пікірінше, кәсіпкерлік сектордың дамуы тек қатаң салықтық бақылаумен шектелмеуі тиіс.
— Бизнестің өсуі қаржылық қолжетімділікке, айналым қаражатының жеткіліктілігіне және инновациялық қолдауға тікелей байланысты. Егер осы бағыттар жүйелі түрде жетілдірілсе, кәсіпкерлік жаңа деңгейге көтеріліп, елдегі экономикалық белсенділік айтарлықтай артады, – деп қорытындылады қаржы сарапшысы.