Үндістанда базарда қайыр сұрап жүрген ер адамға қатысты жұртты есеңгіреткен жайт белгілі болды. Көп жыл бойы мұқтаж жан кейпінде жүрген азаматтың шын мәнінде бірнеше баспанасы, қымбат көлігі әрі табысты бизнесі бар болып шыққан, деп хабарлайды Malim.kz.
Daily Mail мәліметінше, Мангилал есімді ер адам шамамен 50 жыл бойы Индор қаласындағы Сарафа базары маңында қайыр сұрап жүрген. Ол дөңгелекті шағын платформаның үстінде отырып, денсаулығы нашар, алапес дертіне шалдыққан адам ретінде көпшілікке таныс болған. Қала билігі әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау жөніндегі кезекті рейд кезінде оны арнайы орталыққа жеткізу туралы шешім қабылдайды.
Ер адамды жуындырып, таза киіндіргеннен кейін күтпеген деректер анықталған. Сөйтсе, Мангилалдың бірнеше жылжымайтын мүлкі бар екен: үш қабатты үйі мен бір пәтері, сондай-ақ жеке автокөлігі және жалға берілетін бірнеше авто-рикшасы болған.
Тексеру барысында оның қайыр сұрап жиналған қаражатты да тиімді пайдаланып, жергілікті нарыққа инвестиция салғаны, саудагерлерге қарызға ақша беріп отырғаны белгілі болды.
Бұл ақпарат жария болған соң Мангилалдың туыстары оның байлығы асыра айтылғанын алға тартып, наразылық білдірген. Алайда билік өкілдері әлеуметтік бағдарлама аясында берілген тұрғын үй мәселесін қайта қарап, оның банктік шоттарын жан-жақты тексеруді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Үндістанның Индор қаласында қайыршылықпен күрес науқаны барысында 6 мыңнан астам баспанасыз адам анықталған. Олардың 4,5 мыңнан көбі бүгінде көшеде қайыр сұрауын тоқтатқаны хабарланды.