Беларусьте оппозиция жетекшілерінің бірі Мария Колесникова, Нобель сыйлығының лауреаты Алесь Беляцкий және тағы 121 саяси тұтқын бостандыққа шықты, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.
Бұл туралы сенбі, 13 желтоқсан күні, Беларусь басшысы Александр Лукашенко мен АҚШ президентінің Беларусь бойынша арнайы өкілі Джон Коул бастаған америкалық делегация арасындағы келіссөздердің екінші күні белгілі болды.
Құқық қорғау орталығы «Вясна» мәліметінше, босатылғандардың қатарында журналист Марина Золотова, адвокат Максим Знак, сондай-ақ 2020 жылғы президенттік сайлауға кандидат болған кәсіпкер Виктор Бабарико бар.
Беларусьтің мемлекеттік «БелТА» агенттігі хабарлағандай, рақымшылық жасау туралы шешім «гуманитарлық қағидаттар мен жалпыадамзаттық, отбасылық құндылықтарды негізге ала отырып» қабылданған.
Агенттік дерегіне сәйкес, қараша айының соңында қабылданған шешімдерді қоса есептегенде, соңғы уақытта Беларусьта 156 адамға рақымшылық жасалған. Олардың арасында Ұлыбритания, АҚШ, Литва, Украина, Латвия, Австралия және Жапония азаматтары бар.
13 желтоқсан күні Виктор Бабариконың командасы Мария Колесникованың әпкесі Татьяна Хомичтің онымен телефон арқылы сөйлескенін хабарлады.
БАҚ мәліметінше, босатылған саяси тұтқындардың барлығы Беларусь аумағынан шығарылуы мүмкін.