Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Роман Склярдың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Malim.kz.
Отырыс барысында «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау мәселесі қаралды. Конкурс қорытындысы бойынша комиссия 232 қазақстандыққа халықаралық стипендия тағайындау туралы шешім қабылдады.
Биыл бағдарламаға қатысуға қызығушылық жоғары болды. Іріктеу барысында бір орынға орта есеппен бес үміткерден келген. Бұл «Болашақ» бағдарламасына сұраныстың артып, үміткерлер арасындағы бәсекелестіктің күшейгенін көрсетеді.
Жаңа стипендия иегерлерінің 179-ы магистратурада, 12-сі докторантурада, біреуі бакалавриат бағдарламасы бойынша білім алады. Сонымен қатар 40 қазақстандық шетелдік ұйымдарда кәсіби тағылымдамадан өтеді.
Бұдан бөлек, 33 отандық маманға шетелдің жетекші университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өту мүмкіндігі берілді. Бұл бағыт қазақстандық ғалымдардың кәсіби біліктілігін арттыруға, заманауи зерттеу әдістерін меңгеруіне және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.
Отырысты қорытындылаған Роман Скляр «Болашақ» халықаралық стипендиясын одан әрі іске асыру және жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берді.