Қазақстанда теміржол инфрақұрылымын жаңғырту және транзиттік әлеуетті күшейту жұмыстары белсенді кезеңге өтті. Бұл туралы ҚР көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, 2025 жылдың қорытындысында теміржол саласы рекордтық нәтижеге жеткен: тасымалдау көлемі шамамен 318 млн тонна болды. 2026 жылы бұл көрсеткіш 327 млн тоннаға дейін өседі деп болжанып отыр. Ал транзиттік тасымал көлемі жыл сайын орта есеппен 20% деңгейінде тұрақты артып келеді.
Еліміздің теміржол «қаңқасын» қалыптастыру бағытындағы ірі жобалар да кезең-кезеңімен іске асуда. Биыл жалпы ұзындығы 911 шақырым болатын «Достық – Мойынты» және «Алматы айналма жолы» секілді маңызды жобалар аяқталды. Нәтижесінде желінің өткізу қабілеті 5 есеге артып, транзиттік тасымалдың жылдамдығын ұлғайтуға мүмкіндік туған.
Ал 2026 жылы «Қызылжар – Мойынты» және «Дарбаза – Мақтаарал» учаскелеріндегі стратегиялық құрылыс жобалары, сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» бағыттарын жаңғырту жұмыстары тәмамдалады.
Саланың техникалық қауіпсіздігін күшейту үшін пойыз қозғалысын реттеудің заманауи жүйелері енгізіліп жатыр. Сонымен бірге теміржолдарды күрделі жөндеу жұмыстары жалғасады: 2025 жылы 1,5 мың шақырым жол жаңартылса, 2026 жылы 1,6 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған.
Жолаушылар мен жүк тасымалының сапасын арттыру мақсатында жаңа құрамдарды жеткізу көзделген. Атап айтқанда, 236 локомотив, 1,4 мыңнан астам жүк вагоны және 191 заманауи жолаушылар вагонын сатып алу жоспарланып отыр.
Халықаралық көлік дәліздерін дамыту да күн тәртібінде. Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) аясында порт инфрақұрылымын жаңғырту жобалары іске асырылып, отандық сауда флоты 4 пароммен толықтырылады. 2026 жылы контейнер тасымалын 90 мың ЖПЭ-ге дейін жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі бойынша елдің батыс өңіріндегі теміржол учаскелерін жаңғырту келесі жылы аяқталады.
Бұдан бөлек, Президент тапсырмасына сәйкес вокзалдарды жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп, 2026 жылы толық аяқталмақ.
Жәнібек Тайжановтың айтуынша, 2026 жыл Қазақстанда көлік жүйесін жаңғыртатын негізгі инфрақұрылымдық жобалар аяқталып, олардың нақты нәтижесі көріне бастайтын кезең болады.