Гренландияның премьер-министрі егер «осы сәтте, дәл қазір» таңдау жасау қажет болса, оның халқы АҚШ-тан гөрі Данияны таңдайтынын айтты, деп хабарлайды Malim.kz ВВС-ге сілтеме жасап.
Йенс-Фредерик Нильсеннің Дания премьер-министрімен бірлескен баспасөз мәслихатында айтқан бұл сөзі АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландияны аннексиялау жоспарын қайта көтергелі бері жартылай автономды Дания аумағы атынан айтылған ең қатаң мәлімдеме болды.
Трамптың айтуынша, АҚШ Ресей мен Қытайдан қорғану үшін Гренландияға «ие болуы» керек. Ақ үй аралды сатып алу мүмкіндігін ұсынғанымен, оны күш қолдану арқылы қосып алу нұсқасын да жоққа шығарған жоқ.
Дания — НАТО-дағы одақтас ел. Ал премьер-министр Метте Фредериксен әскери күш қолдану трансатлантикалық қорғаныс альянсының күйреуіне әкелетінін ескертті.
Халқы ең сирек қоныстанған аумақ болғанына қарамастан, Гренландияның Солтүстік Америка мен Арктика арасындағы орналасуы оны зымыран шабуылы болған жағдайда ерте ескерту жүйелері үшін, сондай-ақ аймақтағы кемелердің қозғалысын бақылау үшін қолайлы етеді.
Трамп Гренландия АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі үшін аса маңызды екенін бірнеше рет айтып, дәлел келтірместен, аралдың «орыны-орынымен ресейлік және қытайлық кемелерге толы» екенін мәлімдеген.
АҚШ-тың Гренландияның солтүстік-батыс шетінде орналасқан Питуффик базасында қазірдің өзінде 100-ден астам әскери қызметкер тұрақты түрде орналасқан. Бұл нысанды АҚШ Екінші дүниежүзілік соғыстан бері пайдаланып келеді.
Даниямен жасалған қолданыстағы келісімдерге сәйкес, АҚШ Гренландияға қалағанынша әскер кіргізу құқығына ие.
Алайда Трамп өткен аптада Вашингтонда журналистерге жалға алу туралы келісімнің жеткіліксіз екенін айтып, АҚШ «меншік құқығына ие болуы тиіс» екенін және «НАТО мұны түсінуі керек» екенін мәлімдеді.
Дания астанасы Копенгагенде өткен баспасөз мәслихатында Метте Фредериксен «ең жақын одақтасымыз тарапынан көрсетіліп отырған мүлде жол беруге болмайтын қысымды» ашық түрде айыптады.
Ол «алдағы кезең ең күрделі сынақ болатынын аңғартатын белгілер көп» екенін ескертті.
Ал Гренландия премьер-министрі олардың «геосаяси дағдарысқа тап болғанын» айтқанымен, аралдың ұстанымы айқын екенін жеткізді:
Егер дәл қазір АҚШ пен Данияның бірін таңдауға тура келсе, біз Данияны таңдаймыз. Бір нәрсе баршаға анық болуы тиіс. Гренландия АҚШ-тың меншігінде болғысы келмейді. Гренландияны АҚШ басқарғанын қаламайды. Гренландия АҚШ-тың бір бөлігі болуды да қаламайды, - деді ол.
Копенгагендегі бұл баспасөз мәслихаты Данияның сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен мен оның гренландиялық әріптесі Вивиан Моцфельдттің АҚШ-қа барып, вице-президент Джей Ди Вэнс және мемлекеттік хатшы Марко Рубиомен кездесуі қарсаңында өтті.