Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия 2025 жылы 225 қазақстандықты «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері деп таныды, деп хабарлайды Malim.kz.
Олардың 152-сі магистратураға, 16-сы докторантураға жолдама алды, ал 57 адам әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарында кәсіби тағылымдамадан өтеді.
Стипендия иегерлерінің 69,8%-ы жаратылыстану-техникалық бағытта, 30,2%-ы қоғамдық-гуманитарлық бейінде оқиды.
Сонымен қатар, 182 қазақстандыққа ғылыми тағылымдамадан өтуге стипендия тағайындалды. Бұл бағдарлама отандық ғылым мен өндірісті дамытуға, заманауи білім мен тәжірибені елге жеткізуге бағытталған.
2026 жылы жасанды интеллект саласында мамандар даярлау үшін «Жасанды интеллект жүйесін пайдаланушылар» атты жаңа санат енгізіледі. Сондай-ақ, атом энергетикасы саласында магистратура, докторантура және тағылымдама бойынша мамандар даярлауға арнайы санат бекітілді.
Грант иегерлерінің толық тізімі «Халықаралық бағдарламалар орталығының» сайтында жарияланған: bolashak.gov.kz