Малайзия соты елдің бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разакты мемлекеттік инвестициялық қор қаржысын жымқырды деген айыппен 12 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Centralasian.org жазуынша, 28 шілдеде сот экс-премьерді қызметін асыра пайдалану және көлеңкелі ақшаны заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп танып, оған қоса 49,3 млн доллар көлемінде айыппұл салды. Үкім заңды күшіне енгенге дейін Наджиб Разак уақытша бостандықта қалдырылды.
Наджиб Разак 2009 жылы үкімет басшысы қызметін атқарып тұрған кезінде өзі құрған 1MDB мемлекеттік инвестициялық қоры арқылы қаржы жымқырды деген айыпты мойындаған жоқ. Сот материалдарына сәйкес, сөз болып отырған қаржы 1MDB жанынан құрылған SRC International компаниясына тиесілі 10 млн долларды қамтиды.
АҚШ тергеушілерінің дерегінше, мемлекеттік қордан кемінде 4,5 млрд доллар ұрланып, күрделі қаржылық желілер арқылы заңдастырылған. Бұл қаражат қымбат жылжымайтын мүлік пен бағалы әшекейлер сатып алуға жұмсалғаны айтылды.
Наджиб Разак өз кезегінде жеке банктік шотына түскен 700 млн долларды Сауд Арабиясынан берілген сыйлық деп түсіндіріп, кейін бұл қаржыны қайтарғанын мәлімдеген. Ал 2018 жылы қамауға алынар алдында Reuters агенттігіне берген сұхбатында үйінен табылған 300 қорап қымбат әшекейлер әйеліне және қызына сыйға тартылған дүниелер екенін айтқан.
Сондай-ақ экс-премьер күйеу баласы Данияр Назарбаев әрқайсысының құны кемінде 10 мың доллар тұратын сөмкелерді қызы мен жұбайына сыйлағанын алға тартқан. Наджиб Разактың қызы Нуриана Наджва Данияр Кесикбаевқа тұрмысқа шыққан. БАҚ оның бұрын Данияр Назарбаев фамилиясын пайдаланғанын жазады.
Данияр Кесикбаев – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың бұрынғы жұбайы Майра Құрманғалиеваның ұлы.
Айта кетейік, Наджиб Разактың әйелі мен онымен бірге қызмет атқарған бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктерге де мемлекет қаржысын ұрлады деген айыппен қылмыстық іс қозғалған.
Бұған қоса, өткен аптада АҚШ-тың Goldman Sachs инвестициялық банкі Малайзия үкіметімен 1MDB қоры ісіне байланысты 3,9 млрд доллар төлеу жөнінде келісімге келді. Аталған жанжал 2018 жылғы сайлаудан кейін Наджиб Разак үкіметінің отставкаға кетуіне себеп болған еді.