Айша бибі тұрғындары «Әулие бастауға» алаңдаулы

«Әулие бастау» бұлағы сатылып кетіпті... Жамбыл облысында осы сөз желдей есіп тұр.

  • 09.11.2021

«Әулие бастау» бұлағы сатылып кетіпті... Жамбыл облысында осы сөз желдей есіп тұр.  Жамбыл ауданы Айша бибі ауылының маңындағы суы жыл он екі айда жылы боп тұратын, емдік қасиеті бар, йод, магний, кремний қышқылы, кальций сынды  минералдар мен микроэлементтерге өте бай, күміс бұйымдарды салса, аз уақытта жалтыратып жіберетін бұлақты нақты кімдердің сатып алатыны көршілікке белгісіз. Бірақ, осы жерлер жекеменшікке өтіп кетіпті дегеннен бері Айша бибі ауылының тұрғандары қасиетті дүниесінен еріксіз айырылып қалғандай күйде жүр. Телеарна шақыртып, баспасөз жағалап,  еститін үкіметке қанша айғай салса да, сұрақтарына нақты жауап таппай жүр. Жергілікті ауыл әкімі телеарнаға берген сұхбатында «аудан әкімімен ақылдасып жатырмыз», «нақты шешімі жоқ, бірақ жекеменшікке берілуі мүмкін екенін жоққа шығармаймыз» дегендей бұлтаңға салуы тұрғындардың түрлі күдігін көбейтуде.

Malim.kz сайты осы бұлақтың және оның қасындағы тарихи қалашықтың басына арнайы барып келген еді.  

 «Әулие бастау» бұлағы мен қалашығы облыс орталығынан небәрі 40 шақырым жерде тұр. Бүгінде үйіндісі қалған қалашықтың тартысты тарихы шамамен VI-XIII ғасырлардан басталады. XIX ғасырдан бастап өңірге ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізлген. Алғашқылардың бірі болып В.В. Бартольд Орта Азиядағы іс-сапары барысында айналаны зерттеген. Қалашық Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды қалалардың бірі болған деседі.

Қалашықтың оңтүстік-батыс жағынан жарылған жартастың астынан осы бұлақ ағып жатыр.

Күрең күздің суығынан болар бұлақ басында демалушы көрінбейді. Алайда,  жерге түскен сал-сары жапырақтар, айналаны сары алтындай жарқыратып тұр. Бұлақ көлі екі шаруа қожалығының қақ ортасын бөліп жатыр. Сол жерді тазалап жүрген жеке кәсіпкер, бұлақтың екінші жағына қоныс тепкен Ербол Тұрғынбековпен аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті.

- Жергілікті жұрт бұлақтың жекеменшікке өткеніне наразы боп жүр.  Бұдан хабарыңыз бар ма? Кім алды? Қалай өтті? Өтті ме, өзі?

- Әрине, ауыл тұрғындары алаңдаулы. Жекеменшікке өткеннен кейін бәрі ақылы болады ғой. Ал кім алғаны, қалай өткені жайында нақты ақпарат айтпайды. Әкімдік түсіндірсе болады ғой.

Ал мына бұлақ суы көз ауруы мен асқазанға ем дейді. Жазда адам қарасы мүлдем үзілмейді. Қыста адамдар бұлақ суын үйіне алып кетіп ішеді. Қалың қарда суға түсетіндер де бар. Біз осы жердің тазалығына қараймыз. Көлдің қасында отырған соң, келімді-кетімді ел-жұрттан ұят болмасын дейміз. Жекеменшік болғаны мүлдем дұрыс емес. Мына жақтағы «Таскөл» көлі жекеменшікке өткен. Оған кіру үшін 5 мың теңге төлеу қажет. Ақыры ешкім бармай қалды. Арнайы жолға кедергі де қойыпты.

Мына жерде адамдар емін-еркін демалады. Балық аулап, бұлақтың көліне де шомылып кетеді. Біз келген қонақтарға таза ұстауды өтінеміз. Жазды күні бие сауамыз. Сол кезде ел-жұрт бізден қымыз ішеді.

- Осы жердегі тапшандар мен орындықтарды кім жасаған?

- Өз күшімізбен жасап қойдық. Алдында бес тапшанымыз болды. Қонақтардың барлығы емін-еркін жайғасып отырады. Кейбіреулері 500-2000 теңгелерін тастап кетеді. Бірақ, біз олардан ештеңе сұрамаймыз. Арнайы киіз үйде тігіп қойғанмын. Оған енді ақша төлейді. Бұрынғы егесі жолға арнайы кедергі қойыпты. Бұлаққа дейін кіру үшін 500-1000 теңге қылған. Ал қожалықты сатып алған соң, біз жолдағы кедергілерді алып тастадық. Демалушылар көліктерін жол басына қалдыруға мәжбүр болатын. Халықтан ұят болады ғой. Әйтеуір, бір бай адам алмақшы деп жатыр. Олардың барлығы сатып алғысы келеді. Сөйтіп үкіметтен абаттандыру үшін қаражат алмақшы. Айналып келгенде жеп қалған ауыздан, тағы да жеу ғой. Билік мына асфальт жолды жасады. Бірақ, астына шағал төсемей, топырақ төкті. Цементті жұқа қылып төсей салған. Бізге қарай келетін жолдар толқын-толқын болып басылып кеткен. Екі жыл бұрын ғана жөндеген еді.

Ербол Тұрғынбековтың иттері бізді мүлдем бөтенсініп жатырқамайды. Құйрықтарын бұлғандатып, көздерімен бір нәрсені дәметіп тұр. Адамдардың жиі келгеніне үйреніп қалған болуы керек.

-Бұларға келгендер тамақ тастап кетеді. Адамдарға әбден бауыр басып қалған. Осы жерде екі шаруа қожалық иесі отырмыз. Біз болмаған кезде екінші қожалық қарайды. Жекеменшікке өтсе де бізге айырмашылық жоқ. Халыққа көлдің өз жағымыздан жол ашып береміз. Біз жақтан суды пайдаланса, көлдің екінші жағын алған дөкей ештеңе дей алмайды. Келем деуші жұртқа айналдырып жолды да саламыз. Біз халықтың адамымыз.

Қожалық иесі қолындағы қапшығымен айналадағы қоқыстарды теруге кірісті.

-Мына ақпараттық тақталарды сіздер жасадыңыздар ма?

-Жоқ. Мұны әкімшіліктің өзі жасаған. Былтыр екіншісі қатты желден ұшып кеткен еді. Өзім мықтылап тұрып дәнекерлеп бекіттім. Қанша жел тұрып жатса да ұшқан емес. Бізде жел қатты тұрады ғой. Бұл жер тарихи орын. Мына зиратта жатқан кісі «шырақшы» болған. Көрші қожалық иесінің әкесі. Олар қазір қалаға кетті. Бәрін сатып ала бергеннен кейін, халықтың жағдайы қалай көтеріледі? Соны ешкім ойламайды-ау деймін?!

Бұлақ басын кәсіпкер Ербол Тұрғынбеков таза ұстап, келушілерге тегін қызмет көрсетіп жүрсе, Әулиеата өңіріндегі еңбек ардагері Нұрмахан Тілегенов әлеуметтік желіде осы көлдің жарнамасын жасап, алдағы тағдырына алаңдап келеді.

-Мен қазір зейнеткермін. Facebook желісіндегі жеке парақшама «Әулие бастау» бұлағына қатысты деректер жариялап тұрамын. Бастаудың «әулие» аталуында да бір гәп бар. Бұрын естігенімізде, оның басында қорғаушы жыланы бар деуші еді. Сол жыланды 20 жылдай бұрын өзім көргенмін. Жуалы ауданынан келе жатып, осы «Әулие бастауға» соқтық. Жанымдағы көлік жүргізушісінен басқа ешкім жоқ. Жиекке жақындай бергенімде, адам шынтағындай ғана екі қарыстай сары шұбар жылан ысылдап, басын тік көтеріп тұрып қалды. Жүргізуші екеуміз де қалтиып, не істерімізді білмей: "Ей айналайын, біздің бұл бұлаққа еш зиянымыз жоқ. Көріп қол-басымызды жуамыз да кетеміз" - дедім. Тура менің осы сөзімді күтіп  тұрғандай, көтеріп алған  басын төмен түсіріп, қуысқа кіріп ғайып болды. Біз сол жерде қолы-басымызды жуып, екі-үш стакан суын ішіп, қайтып кеттік. Міне солай, оның әулие атануында осы жылан жатқандай көрінеді маған. Сол себептен де, қалтасындағы ақшасына сеніп, бұлақты аламын деп жүрген жеке қалталылардың болашағына кесір келтіруі де бек мүмкін.  Бұл жерде арам жолмен табылған дүниенің дәурені жүрмейді. Тапқанынан айрылып, жер сипап қалуы бір ақ сәтте! Мұнда, тазалықтың тазалығы болу керек. Ал мен көрсеткендей кәсіподақ мекемесі, жалпы елдің пайдалануына тәртіп орнатып, жолдамамен жолсыздыққа жол берместен пайдаланатын болса, жұмыс жүрер.  Ал өзің айтқан, сондағы екі үйлі адамдар жақсы қарап отырса, ол әңгімені қозғаудың не керегі бар. Ел барып, тәртіп бұзбай пайдалана берсін. Сөздің тоқ етері - қорқытқаным емес, киелі жер де,  ол "Әулие бастау" да жеке меншікке  өтпеу керек!  

Қайрылда МАЖЫРАҰЛЫ

Жамбыл облысынан

Байланысты жаналықтар

Тараз полицейлері суицид жасамақ болған адамды құтқарып қалды

02.10.2024

Жамбыл облысындағы кен орнында жұмысшы қаза тапты

23.09.2024

Шахтадағы жарылыс: Жамбыл облысында жұмысшы үйінді астында қалды

19.09.2024

Жамбыл облысында биылдыққа 79 мың га жер мемлекетке қайтарылған

07.09.2024

Тараздан 77 шақырым жерде жер сілкінді

10.08.2024

Сметов желіде талқыға түскен әңгімесіне қатысты жауап берді

08.08.2024
MalimBlocks
Тараз полицейлері суицид жасамақ болған адамды құтқарып қалды

Жамбыл облысындағы кен орнында жұмысшы қаза тапты

Шахтадағы жарылыс: Жамбыл облысында жұмысшы үйінді астында қалды

Жамбыл облысында биылдыққа 79 мың га жер мемлекетке қайтарылған

АШМ облыста 64 жер заңнамасының бұзылуын анықтады

Тараздан 77 шақырым жерде жер сілкінді

Дүмпу ошағы Қырғызстан аумағында болған

Сметов желіде талқыға түскен әңгімесіне қатысты жауап берді

Спортшы өзінің дұға оқу арқылы қарсыластарымды қиындықсыз жеңгенін айтқан еді.