"Болашақ" бағдарламасына қалай қатысуға болады?

Өзекті сұрақтарға жауаптар

Malim Админ

  • 30.07.2021

"Болашақ" халықаралық бағдарламасына ауылды  жерлерден шыққан үміткерлер қалай қатыса алады? Олар қандай талаптарға сай болуы тиіс? Өз бетінше түскен үміткерлерге қандай талаптар қойылады? "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ-ның конкурстық рәсімдерді ұйымдастыру басқармасының менеджері Арайлым Аужанова осы және басқа сұрақтарға жауап берді.

– Ауылды жерлерден шыққан үміткерлерге қандай талаптар қойылады?

– Ең негізгі талап – үміткер ауылды жерде соңғы үш жылда тұруы тиіс. Яғни ол соңғы үш жылда ауылды жерде тіркеуде тұруы керек. Сондай-ақ соңғы екі жыл ауылда жұмыс істеуі тиіс.

Ауылды жерден қатысатын үміткерлерге бакалавр немесе маман дипломының орташа балына да қойылатын талап бар. Дипломның орташа балы  4 балдан 2,67 немесе 5 балдан 4,0 болуы тиіс.

Үміткерлердің шет тілін білу деңгейіне де белгілі бір талаптар қойылады. Егер бұл IELTS сертификаты болса, онда ауылды жерден шыққан үміткер кемінде 6 балл жинауы керек. Ал TOEFL сертификаты болса, 677-ден кемі 500 балл болуы тиіс.

Барлық басқа үміткерлерге тәрізді ауылды жерден қатысатын үміткерлердің қазақ тілін білу деңгейі де талаптарға сай болуы керек. Ол KazTest бойынша кемі B1 деңгейін көрсетуі керек.

Үміткердің магистратурада оқимын деп таңдаған мамандығы басым мамандықтар тізбесіне сай болуы тиіс. Ал өз мамандығына мәндес мамандық таңдаса, ол мәндес мамандықтар тізіміне сай болуы керек. Үміткерлер басым және мәндес мамандықтар тізбесін bolashak.gov.kz сайтынан таба алады.

Ауылды жерлерден қатысатын үміткерлер "Болашақ" стипендиасына конкурстық іріктеуден өтіп, шәкіртақы иегері атанған жағдайда,  тілдік дайындық курстарынан өтеді. Тілдік дайындық елде алты ай жүргізіледі.

Ауылды жерден қатысатын үміткерлерге іріктеу кезеңінде  шетелдік оқу орнынан шақырту тапсыру қажет емес. Шетелдегі жоғары оқу орнынан шақыртуды магистратураға өз бетінше түскен үміткерлер тапсырады.

– "Болашақ" бағдарламасының іріктеу кезеңіне қатысамын деуші үміткерлер құжаттарды қалай тапсырады?

– Бүгінде құжаттарды тапсыру мен конкурстық іріктеуден өту түгел автоматтандырылды. Қолма-қол құжаттар қабылданбайды, бүкіл құжат үкіметтің электронды порталы – egov.kz арқылы тапсырылады.

Ең алдымен үміткер конкурстық іріктеуге қатысу үшін қандай құжаттар керек екенін "Болашақ" бағдарламысының сайтынан "үміткерге" деген бөлімнен түгел қарап алғаны дұрыс. Талаптарға сәйкес болса, сол құжаттарды жинап, үкіметтің электронды порталы – egov.kz арқылы жолдай алады. "Болашақ" бағдарламасының сайтында құжаттарды электронды үкімет порталы арқылы қалай жолдайтынын кезең-кезеңімен көрсететін видео бар.

– Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі "Болашақ" бағдарламасына құжат тапсыра ала ма?

– "Болашақ" бағдарламасының басым мамандықтар тізбесі бар. Қандай мамандық иелері "Болашаққа" құжат тапсыра алатынын сол жақтан қараған жөн.

– Ауылды жерден қатысқан үміткерлер "Болашақ" бойынша оқып келген соң, ауылға барып жұмыс істеуі шарт па?

– Ондай шарт жоқ. Елге қайтып оралған соң республикалық дәрережесі бар қалаларда, облыс орталықтарында оқыған мамандық бойынша жұмыс істеуге болады. Республикалық дәрежесі бар қалаларда бес жыл, ал аймақтарда, облыс орталықтарында үш жыл жұмыс істеп, "Болашақпен" келісімшарт бойынша міндеттемесін атқара алады.

– Ауылды жерден қатысатын үміткермін. IELTS емтиханынан 5 балл жинадым. "Болашақ" іріктеуіне қатыса аламын ба?

– Қазіргі ереже бойынша, ауылды жерден қатысатын үміткерлер IELTS-тан кемі 6 балл жинауы керек.

– "Болашақ" стипендиясына құжат қай уақытқа дейін қабылданады?

– Құжат қабылдаудың соңғы күні – 28 қазан. Алайда құжат тапсыруды соңғы сәтке қалдырмаған дұрыс. Неғұрлым ертерек тапсырған жөн. 31 шілде күні құжат қабылдаудың екінші кезеңі ақталады. Одан кейін құжат қабылдаудың үшінші кезеңі басталмақ.

– "Болашақ" бағдарламасына қатысушы оқитын ел мен универсиетті өзі таңдай ма?

– Егер өз бетінше оқу орнына түскен үміткер болсаңыз, таңдаған оқу орныңыз "Болашақ" бойынша оқуға ұсынылатын жоғарғы оқу орындарының тізбесінде болуы тиіс. Таңдалатын мамандық та басым мамандықтар тізбесіне сай болуы тиіс.

– Өз бетінше оқуға түскен үміткерлердің жұмыс өтіліне қандай да бір талап қойыла ма?

– Жоқ, ондай талап қойылмайды.

– Магистратураға "Болашақ" бойынша түсу үшін қандай құжаттар тапсыру керек?

– Магистратураға өз бетінше түскен үміткерлердің қолында оқу орнынан шартсыз шақыру (қаржылық шартты қоспағанда), нотариалды куәландырылған диплом мен оның қосымшасының көшірмесі, шетелге шығуға рұқсат беретін медициналық анықтама және қазақ тілін білу деңгейін көрсететін KazTest сертификатынан кемі B1 деңгейі болуы шарт.

Докторантураға тапсырушы үміткерлерге де тура осындай құжаттар тапсыру керек. Бірақ жоғарыдағы құжаттарға қоса докторантураға шақырту берген жоғары оқу орны бекіткен оқу жоспары болуы тиіс.

Ғылыми тағылымдамаға келсек, оған құжат тапсырушы үміткерлер категориясы бар. Олар: денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласының қызметкерлері, педагогтар, инженер-техниктер мен мемлекеттік қызметкерлер. Тағылымдамаға тапсырушы үміткерлердің жұмыс берушіден тағылымдамаға жіберу жайлы өтініші, тағылымдамаға жіберуші мен қабылдаушы тарап мақұлдаған тағылымдама бағдарламасы, KazTest сертификаты, маман немесе бакалавр дипломы, жұмыс өтілін растайтын құжаттар – еңбек кітапшасы мен зейнетақы салымдары бойынша анықтама болуы тиіс.

– Тәуелсіз сарапшылар комиссиясымен әңгімелесуге қалай дайындалған дұрыс?

– "Болашақ" сайтында тәуелсіз сарапшылар комиссиясымен әңгімелесу бойынша ұсыныстар бар. Ең алдымен үміткер өзі құжат тапсырған мамандық бойынша дайындалуы керек, мамандық бойынша сұрақ қойылуы мүмкін. Одан бөлек сұрақ қай тілде қойылса, сол тілде жауап берген жөн. Тәуелсіз сарапшылар комиссиясымен тілдесу онлайн режимде, видеобайланыс арқылы өтеді.

Фото: bolashak.gov.kz

Байланысты жаналықтар

Түркістан-Самарқан бағытында әуе рейсі ашылды

24.03.2024

Наурызнама: Бүгін - Тазару күні

23.03.2024

Туризм министрлігі мен Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы меморандумға қол қойды

22.03.2024

Наурыз-2024: Астанада бір тоннадан астам палау әзірленді

22.03.2024

Алматыда Наурыз мейрамы қалай өтіп жатыр

22.03.2024

Наурызнама: 22 наурыз – жыл басы

22.03.2024
MalimBlocks
Түркістан-Самарқан бағытында әуе рейсі ашылды

Наурызнама: Бүгін - Тазару күні

Туризм министрлігі мен Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы меморандумға қол қойды

Наурыз-2024: Астанада бір тоннадан астам палау әзірленді

Алматыда Наурыз мейрамы қалай өтіп жатыр

Наурызнама: 22 наурыз – жыл басы