Көрісу күні аймақтарда қалай өтеді? 

Жергілікті жұрт көктемнің шыққан-шықпағанын осы амалдың қалай кіруінен-ақ байқаған

Malim Админ

  • 14.03.2023

Бүгін, 14 наурыз – елімізде көрісу күні. Батыс өңірлер Амал мерекесін тойлап жатыр. «Амалмен бірге жыл келді» деп  қыс бойы бір бірімен жүздеспеген ағайын амандық-саулық сұрасады.  

Бұл күні  жасы кішілер үлкендердің үйіне арнайы барып, көрісіп шығады. Амандық, саулық сұраса келе  «Жыл жақсылығымен келсін!» «Бір жасыңмен!» деп тілек білдіреді. 14 наурыз күні адамдар үй ішін тазалап, ауланы да абаттандырады.  Әр шаңырақ  дастарханын толтырып, бар тәттісін қойып, бауырсақ, жеті шелпек пісіріп, көрісіп шығатын адамдарды күтіп отырады. Көрісу күні еліміздің әр аймағында әр түрлі аталып өтіледі. 

Амал мерекесін Маңғыстау аймағы басқа жақтан қарағанда дүбірлетіп тойлайды.  Жергілікті тұрғындар Отпан тауда бас қосып,  көктемді   қарсы алады. Жаугершілік заманда жерімізді  дұшпаннан қорғау үшін Отпан тауда Ұран оты жағылса, бейбіт күнде киелі түбекте Бірліктің оты  лаулайды.   

Басқа өңірлерде  көрісу күні әбдікей, отамалы, көкек және тағы басқа түрлі атауларымен аталады.

Шығыста бұл амал – әбдікей деген атауға ие. Наурыздың 10-ы мен 14-і аралығында кіріп-шығатын ауа-райына қатысты амалды осылай атаған. Әбдікей кезінде, яғни  таудағы жабайы аңдар төлдейтін уақытта  құбылмалы суық ағыс жүреді. Жергілікті жұрт көктемнің шыққан-шықпағанын осы амалдың қалай болуынан-ақ байқаған. Ел ішінде «Әбдікей өтпей қоймайды. Жақсы өтсе сол жылы шаруаға жайлы болады. Жаман өтсе айдың аяғы ұзап, көктемнің күні кейіндеп қалады» деген сөз қалған.   Үлкендер торғай тұмсығын шылайтындай қар ерісе, қойдың құмалағы қарға батса көктем ерте шығады деп отырады. Мал баққан елдің күткен амалы осы болса керек. Әбдікей кірген уақытта ауыл-аймақ қыстан қалған сүр етін шығарып, ағайынмен жүздесіп, ізгі ниетін жеткізеді. 

Қарағанды облысы бұл мерекені ертеректе кең тойлаған. Онда «қазақтың өмірі мал шаруашылығымен тығыз байланысты болғандықтан, егер амал мерекесі кезінде қар бетінде сыңсып жатқан қойдың құмалақтары қарға сіңіп кеткен болса, онда, жыл берекелі, құтты болады» деп есептеген.

Қытай қазақтары наурызға арнап мал дайындап, қыс бойы семіртеді. Оны сойып, алыс-жақынды асқа шақырады. Түс ауа түрлі ұлттық ойындар ойналады.

Қолда бар кей деректер 14 наурыз еліміздің өзге өңірлерінде де Ұлыстың ұлы күні ретінде аталғандай әсер береді. Анығында, халқымыз Наурыз айының алғашқы (ескіше – 1 наурыз қазіргі 14-не сәйкес) күнінен бастап, Наурыз мерекесін бір ай бойы тойлаған. Әулие, ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбасында 8 күндік наурыздама өтетінін жазыпты. «Ол ескіше: 1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы» – делінген.