Оқушылар базарда жүр: Аймағамбетов жауапты ма?
Қашықтан оқып жатқан балалар оқудан шаршаған сыңайлы. Өйткені, біраз бала сабақты жайына тастап, базар жағалап, жұмыс істеп жүр.
Алматы қаласындағы базарларда жұмыс істеп жүрген 13-16 жас аралығындағы кәмелетке толмаған балалар жайлы Polisia.kz сайты жазды. Жетісу ауданында жүргізілген жедел алдын алу шаралары кезінде анықталған балалар өздерін ата-аналарының жұмыс істеп, ақша табу үшін басқа қалаға жібергенін айтқан.
«Базарларда және нарықтарда кәмелетке толмағандардың ата-аналары немесе олардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жұмыс істейтін төрт кәмелетке толмаған бала анықталды. Белгілі болғандай, 13-16 жастағы балалар Алматыдағы туыстарына қонаққа келген, олар туыстарымен бірге тұрған, олардың барлығы Алматы және Жамбыл облыстарының тұрғындары. Кәмелетке толмағандар базарларда сауда-саттықпен айналысқан. Олар Алматы қаласындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына тағайындалды. Белгілі болғандай, ата-аналары өздерінің кәмелетке толмаған балаларын қашықтан оқыту жүйесін пайдаланып басқа қалаға жіберген. Алайда кәмелетке толмаған балалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес ата-анасымен бірге тұруы керек», - дейді Жетісу ауданы бойынша ювеналды полиция бөлімінің бастығы Жадыра ЖЕЛЕУҚЫЗЫ.
«Отбасы-жасөспірім-көше» атты жедел алдын алу іс-шарасы барысында ұсталған мектеп оқушылары қазір бейімдеу орталығында. Оларды ата-анасы алып кетуге тиіс. Бірақ, бұл жерде сұрақ туындайды: Оқушылардың сабаққа қатыспай, базар жағалап кеткені үшін тек ата-ана жауапты ма? Білім және ғылым министрлігінің қаншалықты қатысы бар?
Қарапайым логика: мұғалім сабақ басталардан бұрын оқушыларды түгендеп алмаушы ма еді? Оқушылардың бар-жоғы анықталған соң, сабаққа қатыспаған оқушылардың үйіне, ата-анасына, туыстарына хабарласып, жағдай анықталуға тиіс. Бір-екі күн жоқ болса мақұл, баланың бірнеше күн қатарынан басқа қалаға жұмысқа кетіп қалғанын білмеу мұғалімге онша бір абырой әпермейді. Әрине, соңғы кездері «мәртебесі» көтеріліп, көп шаруадан қолы босап, тек сабақ өтумен (!) айналысып жүрген мұғалімдердің бұл жерде кінәсі жоқ болуы да мүмкін. Бірақ, оқушының тәртібі туралы тиісті орындарға хабарлауға тиіс бірінші адам – мұғалім екенін ескерсек, бұл оқиғаға қатысты тергеуде мұғалімдер қалай да сұралады. Оның үстіне, бұл жерде мәселе жай ғана тәртіпсіздік емес, кәмелетке толмағандардың мәжбүрлі түрде жұмысқа салынуына тіреліп отыр.
МӘЛІМ тілшісі белсенді мұғалім Айман САҒИДУЛЛАҒА хабарласып, оқушыларды түгендеу мен олардың қашықтан оқуын қадағалауға байланысты мүмкіндіктері жайлы сұрады.
«Қашықтан оқу жағдайында бала үшін жауап беретін ең алдымен ата-ана. Менің бір оқушым, мысалы, ауылдан екі жарым сағаттық жерде оқып жатыр. Мен оны үйіне барып тексере алмаймын ғой, өзім де карантинде жатырмын. Мен бар болғаны оның сабаққа қатысқан, қатыспағанын қадағалай алам. Ал, ол бала үйінде отырып қатысып отыр ма, басқа жақта жүріп қатысып отыр ма, оны анықтау мүмкін емес. Сондықтан, бұл базарда жүрген балалардың сабаққа қатысқан, қатыспағанын анықтап алу керек. Егер, сабаққа қатысып жүріп, жұмыс істеген болса, онда, бұл жерде мұғалімнің кінәсі жоқ. Ал, оқушы бірнеше күн қатарынан сабақта жоқ болса, оны мектеп әкімшілігіне хабарламаса, онда, мұғалім бұл үшін жауап береді. Мысалы, мен бір оқушым сабаққа қатыспаса, ол жайлы мектеп директорына, завучтарға, сынып жетекшісіне хабарлаймын. Олар сосын не үшін қатыспағанын анықтайды, хабарласады, болмаса, үйіне іздеп барады», - дейді Сағидулла.
Жетісу аудандық ювеналды полиция бөлімі оқушылардың сабаққа қатысқан, қатыспағанын нақтыламапты. МӘЛІМ тілшісі Алматы қалалық Полиция департаментіне бірнеше рет қоңырау шалғанмен, байланысу мүмкін болмады.
Ендігі сұрақ – оқушылар сабаққа қатысты ма, жоқ па? Қатысса, білім деңгейі қаншалықты? Қатыспаса, мұғалім қалай жауапқа тартылады? Мұның артында, білім және ғылым министрлігі, реформатор министр Аймағамбетов не ойлап табады, ата-аналарды баласын жұмысқа салуға не мәжбүрледі деген бірқатар сұрақтар тұр.
Коронавирусқа қарамай Тоқаевтың алдына кірген министрлер мен әкімдердің бәрі көрсеткіштердің «тек өсу үстінде» екенін айтудан жарысқа түсіп жатқанда, Аймағамбетовтің қашықтан оқып жатқан оқушылары базарда жүр. Министрлік бәрін ата-анасына итеріп қойып, қарап отыра ма, әлде, нақты шаралар қолданып, жұмысқа жегіліп жүрген өзге де балаларды анықтай ма? Бұлай дейтініміз, базарда, басқа да жұмыста жүрген оқушылар осы төртеуі ғана дегенге сену қиын...
Айтпақшы, әлеуметтік желілерде Аймағамбетов жұмыстан кетсе мен де кетем дейтін мұғалімдер мен осы министр келгелі балаларымыз түзеліп қалды деп ұрандатып жататын ата-аналар сүйікті министрлерін ұятқа қалдырып алғаны үшін кешірім сұрар ма екен...