Қандай қызық, көктемменен кездескен!

Қазақтың ақын қыздарының өлеңдері!

Malim Админ

  • 08.03.2022

Қандай қызық көктемменен кездескен –
Бақыттан жылаған.
Күрсіндіріп, күз келгенін сезбестен,
Күнге ұнаған...
Қандай қызық көктемменен кездескен –
Қимай қарасқан.
Ақыл-ойдың ну орманын кезбестен,
Адасқан...
Қандай қызық орамалмен кездескен –
Сүрткен көзіңді.
Һәм шығару ертең ерер сөзді естен
Және өзіңді.
Қандай қызық орындықпен кездескен –
Теңізге қараған.
Тіршіліктің тізіміне енбестен,
Сағат санаған...
Қандай қызық ағынменен кездескен –
Алыс сүйреген.
Берекесіз дүниеден безбестен,
Қайта билеген.
Қандай қызық жапырақпен кездескен –
Жаңа таңы атқан.
Көшелерде күндіз-түні көз көшкен
Күліп баратқан...
Қандай қызық қызғалдақпен кездескен –
Саған терілген.
Содан кейін самал желге жолда ескен
Жақсы көрілген.
Қандай қызық теңізбенен кездескен –
тұзды су алған.
Ешкімге де, ештеңеге сенбестен,
Қуанған...

Гүлнәр САЛЫҚБАЙ  

 

Көктемде екен ғой бүкіл әлемнің жұмбағы 

Бие-бұлттан жылы саумал сауып қыр,
Еріді қар, Күн демінен тауып нұр.
Елжіреген табиғат,
Жаңа жаңбыр жанарынан
Жасыл көктем жауып тұр.
Көктемде болар бүкіл әлемнің тылсымы:
Жыр сыры сонда, нұр сыры сонда, бүр сыры...
Дәл бір мендегі мазасыз жүрек дүрсілі –
Дәу тамшылардың шатырды тепкен тырсылы.
Тебілетіндей темірдің қанша жазығы?
Тыңдамады оны тұнық тамшының таза үні.
Мендік бір сезім мөлт етіп барып құлады:
«Туған күніңмен, нәзіктіктердің нәзігі!»
Сағыныш түстес көктемгі сәуле сейілі,
Сағыныш түстес мұңайған тамшы кейібі.
Кешір, қызыңның естілмей жатса кей үні,
Мерекеңмен сол, мейірімділердің мейірі!
Өзің секілді жымияды Күн, қарашы!
Жымияйын мен, жылама тек сен, АНАШЫМ!
Көктемде екен ғой бүкіл әлемнің жұмбағы:
Ана мен қыздың, аспан мен жердің арасы.

Назира БЕРДАЛЫ 

 

Жасырынбақ ойнап жүрміз,
Жасырынып бірімізден-біріміз.
Бір әлемде сөздер суық,
Сезім - ызғар, гүлі - мұз.
Хат та жазбай, хабарласпай, өп-өтірік ұмытып,
Әр сәт сайын бақылаймыз...
Осы - ұмытқан түріміз.

Көңілімді қамшы осып, қанжар және сұғылып,
Әлім келмей әрі асуға, қайта-қайта жығылып
Жүргенімді көрсетпеймін,
Күліп түсіп суретке,
Кешке қарай жылап жатам жүрегіме тығылып.

Үнсіз қалсам, белгі беріп, дауыстасам - жортасың,
Қашасың да сұр әлемге, құшақтайсың сор тасын.
Жасырынбақ ойнап жүрміз,
Жалғасады қашанға?..
Жақындауға жүрексініп,
Жоғалтуға қорқасың.

Құралай ОМАР 

 

Жылауға уақытым жоқ, жылайтын ешкімім жоқ.
Жақсы боп көрінемін...
Жылы сөз естігім кеп.
Күшімді жиып алып күніге күлімдеймін
Мұңайып жату үшін оңаша кешқұрым кеп 
Бәрін де түсінемін 
Ал мені..
Мені кім түсінеді?
Бәріне міндеттімін! Есіме түсіреді
Кіршіксіз көңілімді лайықсыз деп ойлай ма?
Өкпешіл өмірімнің өзімшіл кісілері 
Сәтсіздік, бақытсыздық бәрінің дәмін көрдім, 
Күн болдым, шуақ төктім...
Бұлт болдым, жауын болдым
Себепсіз еркелейтін,себепсіз назданатын 
Жай ғана қарапайым Сәттерге зәру болдым 
Жаныммен адал болдым, жолықса жолымда кім 
Орнына неге баяу қояды өмір бәрін 
Көзіме үңілгендер, Қалайша ұмыттыңдар
Менде де жүрек барын, менде де көңіл барын?

Айдана СЕГІЗБАЕВА 

Қош келдің, көктем!

Көктем! Көктем!
Қош келдің, төрлет бері!
Мен меңіреу күйде едім сен кеткелі.
Бөле-дағы жап-жарық шуағыңа,
Самалыңмен жып-жылы тербет мені.
 
Тағдыр мұңның тартқызып көп мөлшерін,
Тарқалмады іштегі дерттен шерім.
Күз кейіткен көңілімді
Гүлге орайтын,
Құшағыңды сағындым, Көктем сенің!
 
Арыламын аяздан
құшса Алауың,
Нұр-жүзіңмен алмастыр қыс жамалын.
Көктем! Көктем! Әлдиле тіршілікті!
Таң сәріде тыңдатып құстар әнін!
 
Құстар әнін тамылжыт, таң қалдыр кеп,
Арқа төсі құлпырсын алуан гүл боп.
Кеңістікте туласын тек қуаныш,
Кеуделерде үміт пен арман бүрлеп.
 
Көктем! Көктем!
Жылытар көз нұрымен!
Жамалыңнан жанды емдер сездім рең.
Сені Анамдай қарсы алам, себебі өзің 
маған жарық сыйлаған мезгілім ең.
 
Қармен бірге қоса еріп мұң мен күдік,
Күнмен бірге көгімде күлгенде үміт.
Құшағыңда күн кешем, көктем, сенің,
Қауызына гүлдердің жыр қондырып...

Жұлдызай ЫСҚАҚ 


Жырға шөлдеп кепкен көңіл-кенезе,
Көңіл де пәс, кеудедегі басылды от.
Қала,
бөлме,
қалам,
парақ,
терезе:
Пейзаж,әлде, қозғалатын натюрморт?
 
Көзімде нұр,
Көңілде гүл бүрледі,
Ал отырып жылаңқы жыр жазамын.
Жанталасып адымдаймын ілгері,
Бірақ, неге кері кетіп барамын?
 
Ақшам.
Ай да қона қалды тағына,
Өзгеріс жоқ.
Сыртта аяз саршұнақ.
Бірсарынды өлең жаздым тағы да,
Тірлігіме қаламымды малшылап.

Ділдә УӘЛИБЕК 


 

Байланысты жаналықтар

Homay әнімен танылған башқұрттың Ay Yola тобы туралы не белгілі?

26.03.2025

Самұрық қанатындағы сарын

26.03.2025

Қазақфильмді режиссер немесе актер емес, кәсіби менеджер басқаруға тиіс - Балаева

26.03.2025

Бір күнде хитке айналған башқұрттың Homay әні туралы не белгілі?

24.03.2025

Қадір түнін қалай өткізген дұрыс?

23.03.2025

Қазақстандықтар Гиннестің рекордтар кітабына жаңа рекорд енгізді

22.03.2025
MalimBlocks
Homay әнімен танылған башқұрттың Ay Yola тобы туралы не белгілі?

Әп-сәтте хитке айналған Ay Yola тобының тарихы қандай? Топ қашан құрылды? Жаңа альбомға қандай аңыз арқау болды? Malim.kz тілшісі шолу жасады. 

Самұрық қанатындағы сарын

Бұл әннің мағынасы қандай? Оның тез таралуына не әсер етті?

Қазақфильмді режиссер немесе актер емес, кәсіби менеджер басқаруға тиіс - Балаева

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Қазақфильм» киностудиясына қатысты тараған ақпаратқа пікір білдірді

Бір күнде хитке айналған башқұрттың Homay әні туралы не белгілі?

Әлеуметтік желіде башқұрттың Ay Yola тобының Homay әні тарап жатыр. Бұл ән бір күнде хитке айналып, қазақстандықтардың көңілінен шықты

Қадір түнін қалай өткізген дұрыс?

Қадір түні әрбір мұсылман үшін ерекше мүмкіндік. Бұл түнді қалай өткізген дұрыс?

Қазақстандықтар Гиннестің рекордтар кітабына жаңа рекорд енгізді

Қазақстандықтар Каспий теңізі жағалауында жиналып, Гиннестің рекордтар кітабына жаңа рекорд енгізді