Қаринова: "Қашықтан оқыту - онлайн оқу емес"
Білім және ғылым министрлігі барлық қазақстандық мектептерде қашықтан білім беру бойынша сынама сабаққа 2,3 млн оқушы, 270 мың мұғалім қатысқанын айтады. Білім-ғылым вице-министрі Шолпан ҚАРИНОВА онлайн брифингте «оқушылар мен мұғалімдердің 70 пайызы интернет платформамен жұмыс істеуге дайын» дейді.
«Әрине қиын болып отыр. Өйткені, бұл елімізде алғаш өткізіліп отырған оқытудың жаңа түрі", деп сөз бастаған министрдің орынбасары қашықтан оқытудың бірнеше форматын атады. Ол интернет жүйесінің жеткіліксіз болуына байланысты қашықтан оқытуды онлайн оқумен шатастырмау керек екенін айтады. Министрлік ұсынған форматтардың ішінен мұғалімдер өзіне қажетті форматты таңдап алады.
«Бірінші формат – телесабақтар. Екі арнада – «Балапан» мен «Ел арнада» таңғы сағат 9-дан бастап қазақ және орыс тілінде 1-11 сыныптар үшін жүргізіледі. Одан кейін «Қазақ радиосы» мен «Радио классик» радиоларында да қол жетімді болады. Бұдан кейін пән мұғалімі әр оқушымен жеке-жеке жұмыс жасап, қадағалап отырады. Келесі формат – интернет платформалар арқылы».
«Күнделік», «Білім Медиа груп», «Дарын онлайн», «Мектеп онлайн» платформалары қазір тегін түрде қызмет көрсетіп отыр. Бұл жерде бірнеше мыңнан астам видеосабақтар орналастырылған.Әр пән бойынша. Мұғалімдер осы жерден сабақтарды алып, оқушыларға сілтеме жібереді. Оқушылар мұғалімнің тапсырмасы бойынша фидеосабақтарды көріп, тапсырманы орындайды. Ал интернет жоқ жерлерде Қазпочтаның қызметі пайдаланылмақ. Оқушы мен мұғалімнің арасындағы кері байланысты пошташылар жүргізбек.
- Қазақстанда интернет түгілі мектебі жоқ ауылдар да бар, білесіздер. Олар осы уаққа дейін тасымалдау қызметі арқылы жақын маңдағы мектептерге барып-келіп оқып жүрген. Бұдан былай да интернет пайдалануға мүмкіндігі жоқ ауылдардағы оқушылар қашықтан оқытуда Қазпочтаның қызметіне жүгінеді, - деді орынбасар министр.
Вице-министр айтқан ең негізгі жағдай – мұғалімдердің еркіндігі. Мектеп әкімшіліктері, жергілікті білім бөлімдері төтенше жағдай кезінде мұғалімдерден шектен тыс есептілік талап етпеуі тиіс. Шығармашылық жағдайда, еркін жұмыс істеу керек екен. Өйткені, қиындық туған жағдайда әр мұғалім өзіне және өз оқушыларына тиімді жолды тауып, өзінше оқытып жатса құба-құп.
Демек, 2019-2020 оқу жылының IV тоқсанында мұғалімнің білімі ғана емес, біліктілігі де сыналады деген сөз.