Токио-2021: Қазақстанда қанша жолдама бар?

Malim Админ

  • 31.03.2021

Төрткүл дүние көз тігіп отырған Токио олимпиадасы жақындаған сайын Қазақстан спортшыларына тиесілі жолдамалар саны да артып келеді. Осыдан санаулы күндер бұрын қоржынымызға үстел теннисі мен семсерлесу спорт түрлерінен екі жолдама түсті. Алдымен үстел теннисінен Анастасия Лаврова Азияның іріктеу турнирінде топ жарып, төртжылдықтың басты бәсекесіне қатысуға мүмкіндік алса, артынша семсерлесуден Руслан Құрбанов Токиоға баратын спортшылардың тізіміне қосылды. Руслан жолдамаға әлемдік рейтинг арқылы қол жеткізді.

Дәл қазір Қазақстан құрамасында спорттың 21 түрінен 45 жолдама бар. Оның басым бөлігі боксшыларымыз бен балуандарымыздың еншісінде. 2019 жылы елордада өткен әлем чемпионатында балуандарымыз күрестің үш түрінен 8 жолдама жеңіп алған-тұғын. Одан кейінгі іріктеу сайысы былтыр Қытайда өтуі тиіс еді. Бірақ коронавирустың кесірінен спорттық жарыстар тоқтатылып, тіпті Токио олимпиадасының өзі бір жылға шегерілген.

Енді бозкілем шеберлері санаулы күндерден кейін Алматыда өтетін Азияның лицензиялық турнирінде бақтарын сынайды. Қыз-жігіттеріміз жомарттық танытып, жолдаманың барлығын басқаларға беріп қоймаса, кемі 4-5 жолдаманың шеті шығып қалар.

Бокстан ерлер құрамасы былтыр Азияның іріктеу жарысында мүмкін болған сегіз жолдаманың барлығына ие болды. Ғалымбек Кенжебаевтың жігіттері қазір алаңсыз Олимпиадаға дайындалуда. Токио шаршы алаңында Сәкен Бибосынов (52 келі), Серік Теміржанов (57 келі), Закир Сафиуллин (63 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81келі), Василий Левит (91 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі) сынды былғары қолғап шеберлерінің өнерлерін тамашалаймыз.

«Аузымен құс тістеген» желаяқтарымыз әзірге үш жолдаманы ғана уысында ұстап отыр. Олимпиада кезінде жеңіл атлеттер елуге жуық медаль жиынтығын сарапқа салатынын ескерсек, әзірге бұл көрсеткішпен мақтана алмаймыз. Дегенмен, іріктеу бәсекелері алда. Дмитрий Карпов баптайтын атлеттер Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру), Айман Ратова (спорттық жүріс), Георгий Шейко (спорттық жүріс) сынды спортшылардың қатарына қосылады деген үміттеміз.

Командалық спорт түрлерінде әзірге су добында ғана жолдама бар. Ерлер құрамасы 2018 жылы жазғы Азия ойындарында чемпион атанған еді ғой. Сол чемпиондық атағымыз араға үш жыл салып, Олимпиада жолдамасына айналып шыға келді. Өйткені, халықаралық су спорт түрлері федерациясы карантинге байланысты іріктеу сайыстарын өткізбей, командалардың құрлықтық деңгейдегі соңғы жетістіктерін есепке ала отырып, жолдаманы үлестіре салды. Бұған Қытай, Иран сияқты мемлекеттер қарсылық танытқанымен, халықаралық ұйым қабылдаған шешімдерін өзгертпеді.

Жүзуден Рио-де-Жанейро олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин мен каратэден әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Дархан Асаділов Токио жолдамасын күні-бұрын қолға түсіріп қойған спортшылар. Дархан Асаділов үшін Олимпиаданың орны бөлек. Талай мәрте әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғаған спортшымыз Олимпиадаға алғаш рет қатысады. Өйткені, каратэ Токио бағдарламасына тұңғыш рет қосылып отыр.

Каратэден іріктеу жарыстары әлі аяқталмады. Халықаралық каратэ одағы алдағы уақытта әлемдік спортшылардың басын қосып, Жапония астанасына баратындарды анықтайды. Оған біздің мықтылар тас-түйін дайын отыр. Премьер-лига, А сериялы турнирлерде топ жарып, жүлдегер атанып жүрген Данияр Юлдашев, Игорь Чехмарев, Ермак Айназаров сынды жігіттерде жолдама алатын мүмкіндік мол.

Ришат Хайбуллин Ришат Хайбуллин

Спорттық өрмелеу спорты да Олимпиадаға жаңадан енген спорт түрлерінің бірі. 2019 жылы әлем чемпионатында Ришат Хайбуллин (суретте) үздік үштікке кіріп, сол чемпионаттың қорытындысы бойынша Олимпиада жолдамасына ие болған.

Қорыта айтқанда еліміздің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев бұған дейін өткен арнайы брифингтерде 100-ге жуық жолдама алуды жоспарлап отырғанын айтқан. Әзірге 45-і қоржынымызда тұр. Іріктеу жарыстары жаз айына дейін созылатынын ескерсек, Комиетет төрағасы айтқандай, жолдамамыз жүзге де жетіп қалар.

Қазақстан спортшыларының жеңіп алған жолдамалар саны

Бокс (ерлер) – 8 жолдама; Еркін күрес – 4; Садақ ату – 4; Велошоссе – 4; Жеңіл атлетика – 3; Велотрек – 3; Грек-рим күресі – 2; Әйелдер күресі – 2; Жүзу – 2; Қазіргі бессайыс – 2; Каратэ – 1; Семсерлесу – 1; Үстел теннисі – 1; Су добы – 1; Бокс (әйелдер) – 1; Стенд ату – 1; Нысана көздеу – 1; Спорттық гимнастика – 1; Спорттық өрмелеу – 1; Үйлесімді жүзу – 1; Ашық суда жүзу – 1;

Байланысты жаналықтар

Алтын алған өзбек боксшы шеттетіліп, Абылайхан Жүсіпов чемпион атанды

13.12.2024

«Менің ойымша, Сәкен жеңді». Мырзағали Айтжанов Сәкен мен Хасанбойдың боксына пікір айтты

03.08.2024

Сәкен Бибосынов: Дусматовты жеңу үшін барымды саламын

31.07.2024

Қамшыбек Қоңқабаев Париж олимпиадасын аяқтады

30.07.2024

Қамшыбек Қоңқабаев бастаған боксшылар Бакуде сынға түседі

19.03.2024

Қазақстандық боксшылар Париж олимпиадасының бес жолдамасын жеңіп алды

12.03.2024
MalimBlocks
Алтын алған өзбек боксшы шеттетіліп, Абылайхан Жүсіпов чемпион атанды

Өзбекс боксшысы Абылайхан Жүсіповті тістеп алғаны анықталды

«Менің ойымша, Сәкен жеңді». Мырзағали Айтжанов Сәкен мен Хасанбойдың боксына пікір айтты

Париж Олимпиадасы боксшыларымызға ең нашар ойын болып тұрғанын мәлілдеді

Сәкен Бибосынов: Дусматовты жеңу үшін барымды саламын

Боксшы алғашқы айналымды жеңіспен бастады

Қамшыбек Қоңқабаев Париж олимпиадасын аяқтады

Отандасымыз испаниялық Айюб Гадфа Дриссиге есе жіберді

Қамшыбек Қоңқабаев бастаған боксшылар Бакуде сынға түседі

Турнирде Қазақстан құрамасы 11 салмақ дәрежесінде бақ сынайды.

Қазақстандық боксшылар Париж олимпиадасының бес жолдамасын жеңіп алды

Әйелдер құрамасы лицензия ала алмады.