Ұранхаевқа дат!  Жаңа облыстың жұмысы  Алаш арыстарынан басталуы керек!   

Қарымды қайраткердің зиратын айшықтап, басына белгі қойылды дегенді естімедік

Олжас Қасым

  • 28.10.2022

Еліміздегі аралас мектеп мәселесін  ұлттық мектептерді көбейту арқылы шеше аламыз.  Өткенде Аятжан Ахметжан бастаған қоғам белсенділері осындай бастама көтерген. Бұл бүгін ғана елді мазалап отырған жайт емес. Осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын Алаш қайраткері, ағартушы  Мәннан Тұрғанбаев осы проблеманы болдырмас үшін ұлттық мектептерді өзі ашып, ауыл балаларын атпен тасып, қыруар күш жұмсаған. Ол аз десеңіз, оқушыларға үш ай бойы демалыс беру жөніндегі ұсыныс-бастама да Тұрғанбайұлынан шыққанын көбіміз білмейміз. Бала сабағын да оқуы керек, соған сай жеткілікті мөлшерде тынығуға тиіс дейтін  көрнекті педагог -осы. Біздің Білім министрі Аймағамбетов аралас мектептерді көбейтіп, оқушылардың демалысын шектеп жатыр. Егер Алаш аяулысы  Мәннан Тұрғанбаевтардың қалыптаған үлгісін негізге алсақ, бүгінгідей қордаланған мәселелердің ортасында отырмас па едік деп ойлайсың!  Хош, біз сөз етіп отырған Мәннан Тұрғанбайұлы кім еді, өмірі мен еңбегі жөнінде не білеміз?


   Қоғам қайраткері сан қырлы талант  Мәннан Тұрғанбайұлының Алаш тарихында еңбегі өлшеусіз болғанымен, аз зерттелген тұлға.   Елдің ертеңі болар ұрпақты қараңғылықтың қапасынан шығарып, білім шырағын түсірген ағартушы  жөнінде қаламгер Сейітжан Тәбәріковтің бірді-екілі кітабы ғана болмаса, басқа ауыз толтырып айтарлық зерттеу жұмыстары жазылмаған.   Оның ұлт жолындағы ұстанымы - мектеп ашып, қаракөздерге қара таныту еді. Қазақтың ұлттық мектептерінің негізі Алаш қаласында қаланса, іргелі істе біртуар тұлғаның айшықты қолтаңбасы бар. Төңірегіне үлгі өнеге шашып, қараңғы  қазақ көгінде күндей жарқыраған Тұрғанбаев  Алаш баласының санасын оқумен ашқан.  Өзі де қаршадайынан білімге құмартып, алғаш ауыл молдасынан қара таныған ол  Семейдегі  медіреседе 6 жыл  оқып, Кәмәлиден хазіреттен сабақ алған.    Бұдан соң Мәннан  Тұрғанбаев Уфа қаласындағы әйгілі «Ғалия» медіресесіне оқуға түседі. Заманында «Ғалия» дүниәуи ғылымды оқытатын озық білім ошағы болды. 19-ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың басында медіреседе қазақтың қаншама талапкер жастары оқыған.  Ғалия медіресесі бір жақты ғана діни сауат ашу орны емес, сан салалы білім-ғылымға негізделген оқу ордасы болатын. «Қазақтың ол кездегі ерте оянған тобының бірі «Ғалия шәкірттері еді», деп жазады Мұхтар Әуезов. Мәннан «Ғалияны» 1915 жылы ойдағыдай   тәмамдап, туған жеріне ұстаз болып оралды. Шығыс аймағына, өзінің өскен жеріне келіп ауыл мұғалімі болып қызмет етеді.     

Ғалым Шағангүл Жанаева  Тұрғанбаевтың  Семей өңіріндегі алғаш мектептердің ашылуы, әсіресе жетім балалардың далада қалмай,  жетімдер үйіне орналастырылуы, олардың әрі қарайғы өміріне жіті бақылау жасаған педагог екеніне жіті назар аударады. Мәселен, тіл білімінің білгірі, көрнекті ғалым   Ахмеди Ысқақовты атына мінгестіріп шалғайдан алып келіп, мектепке орналастырған. Мәскеуде қызмет істеген тау-кен инженері Жүнісбек Нұрмағамбеттің де болашақ ғұмырына бағыт берген адам.  Оқыған тоқығаны аз болмағанымен,  ол әлі де болса білімін шыңдай түсуді мақсат тұтады. Осылайша  Әлихан Бөкейханның бастауымен 1915 – 1917 жылдары Түркия еліндегі Каир мұсылман рухани академиясы мен Стамбул университетінде қысқа мерзімді курстарды оқып бітіреді. Талабы мен ізденісі ұштасқан Алаш оқымыстысы  мұғалімдік мамандықты алып шыққан.        

1917 жылы қазақтың алғадай азаматтары «Алаш» идеясына – қазақтың ұлттық автономиясын құру ісі бойынша тізе қосады. Сол уақытта Алашорданың Семей облыстық комитетінің үні ретінде «Сарыарқа» газеті шыға бастады. Басылым редакторының орынбасары болып Тұрғанбайұлы тағайындалды.  Сол кезеңдегі ұлт сөзін Мәннан «Абай» журналында да дүркін-дүркін жарияға шығарып отырды. Осы басылымда шыққан «Ұлтшылдық» және өзге де мақалалары өзекті ой қозғайтын кесек туындылар.  Мәселен публицистің «Ұлтшылдық» мақаласы қазақ қоғамының ХХ ғасырдың басындағы хал-ахуалын ғана емес, оның келешектегі дамуына да шолу жасайды. Мақаланың негізгі ойы – гуманизм мен ұлтшылдық  арасындағы пікірталас әрі диалогтың қазақ қоғамына ықпалы. Автор мақалада осы екі ұғымды  «кісішілік пен ұлтшылдық» деп атайды. Тұрғанбаевтың мақаласында тек қазақтар ғана емес, бұл сұрақты шешуде компромисске келе жатқан әлемдік қауымдастық жайында да көбірек  сөз етіледі.

Орынбордағы жалпықазақ съезінде қоғамдық ойды  жарияға шығарар газет ашу бастамасы көтерілгені мәлім.   Осы мақсатта «қазақ жұртын билейтін өзгеріс тілі» - «Ұшқын» басылымы шыға бастады. Мәннан сол тұста Орынборға шақырылып, аталған баспасөз құралында редакторлық қызмет атқарады. 1919 жылы 1 желтоқсанда Семейде  Кеңес өкіметі қайта орнап, губерниялық революциялық комитет құрылды. Оның үні ретінде сол жылы «Қазақ тілі» газеті шыға бастады. Семейге оралған Мәннан газеттің тұңғыш шығарушысы әрі редакторы болды. Бүгінде бұл басылымдардың заңды жалғасы «Семей таңы» газеті. Тұрғанбаев, Әуезов, Аймауытов секілді алыптардың қолтаңбасы қалған баспасөз тарихы бір  ғасырдан асады. «Семей таңы» газетінің бас редакторы Риза Асанқызы бұл баспасөзді  Қазақстандағы «Қазақ» газетінен кейінгі алғашқы  басылымдардың  бірі санайды. «Өйткені, оның тарихы 1917 жылы Семейде жарық көріп,  Алаштың үн қағазы болған «Сарыарқадан» басталады. Осы газеттің 1917 жылы алғашқы саны жарық көрген кезде Мәннан Тұрғанбаев редактордың орынбасары болған»,-деген мәлімет береді. Басылым басшысы әртүрлі мұрағаттарға сұрау салу  нәтижесінде  «Сарыарқа» газетінің алғашқы шығарылымын тауып, газеттің тарихын әріге ұзартқанын айтады.  Қазір «Семей таңының» жарық көрген уақыты  1917 жылдан басталады. Сол газеттің  басында тұрған да Мәннан Тұрғанбаев.  

Қолынан қаламын тастамаған  ол ұстаздық қызметті де лайықты жалғастырды. Семейде қазақ мұғалімдерін даярлайтын екі жылдық педагогикалық курс мектебі ұйымдастырылып, оның меңгерушілігіне Мәннан Тұрғанбаев тағайындалады. Алаш арысы онда Сейібаттал Мұстафин, Қаныш Сәтбаевтармен бірге дәріс оқыған.   Ол туралы 1919 жылдың 26 мамырында Мәннан Пед курстың меңгерушісі болып жүргенде өз қолымен жазылып, мөр басылған құжат сақталған. Осы құжат арқылы курста кімдер дәріс бергені көрсетілген. Айталық, Мәннан Тұрғанбаевтың есептен, гигиенадан, ислам тарихынан, дін ілімінен,    Сейітбаттал Мұстафиннің  қазақ тілінен, физикадан,  Қаныш Имантайұлы   географиядан, жалпы тарихтан, зоология мен анатомиядан дәріс оқыған.    

Мәннан Тұрғанбаев елдік істер тұрғысында Алаш ардақтыларымен мүдделес, ниеттес болды. Халықтың болашақ жолын таңдауда тегеурінді тұлғалар бір арнада тоғысты. Әлихандай көсем бастаған азаттық үшін күресте алаш азаматтары сырт қалмаған. Сол кездегі қоғамдық ой Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Сарыарқа» газетінде жарияланған  «Әлиханның Семейге келуі» мақаласында баяндалады. Орынбордан арнайы келген Алашорда автономиялық үкіметінің төрағасы Бөкейханұлын Семейде қарсы алу рәсімі өтеді. Ұлт үшін ұйысқандар  арасында семейлік мұғалімдер атынан  Мәннан Тұрғанбаевтың алғаш болып сөз алғаны мақалада әсерлі жазылады.     «Сүйікті басшымыз! Еңбегің жанды. Ұлтыңыздың жандана бастағанын көзіңіз көрді. Өзінің оқытушы екенін жасырып жүретін оқытушылар мынау отырған. Бұрынғы келгендеріңізде дидарыңызды көрсетпей жауып қойған уақыт та болып еді. Жүзіқаралардан қорқып біз де бүйтіп көрініп алдыңыздан шыға алмаушы едік. Құдай бізді бүйтіп қарсы алуға жеткізді. Біз, оқытушылар, пікіріңізді жайып, еліңізді тірілтуге даярмыз. Жаса, біздің биік басшымыз!» деп жылы лебізін арнайды.  

Азаттықты мұрат еткен талпыныстар нәтижесінде қазақ қайраткерлері Алаш автономиясын құрғаны мәлім.  Айтулы серпіліске із салған жалпықазақ съездері еді.  Бірінші съезде көтеріліп, жүзеге аспаған  Алаш әскерін құру идеясы Орынборда өткен екінші құрылтайда тиянақ тапты. Себебі, мемлекетті тар жолдан шығару үшін халық әскерін жасақтау керектігі пісіп жетілген-ді. Осылайша Алаш әскері құрылды. Съезге делегат болып қатысқан Тұрғанбаев  Алашорданың атты әскер полкіне қабылданған. Мәннанның осы Алаш әскеріндегі атқарған қызметі туралы дерек жоқтың қасы. Тек қана атты әскер құрамына қабылданғаны туралы бір ауыз сөйлем  бізге жеткен.  Алаштанушы Ерлан Сайлаубай  Тұрғанбайұлының Пед техникумда білім алып жатқан жастарды әскери іске баулығаны жөнінде тың деректі алға тартады.         

«Қазақтың 18-19 жастағы жігіттерімен  М.Тұрғанбаев секілді ықпалды адамдар арнайы жұмыс істеген. Мысалы,  Семейдің  Жаңасемей бөлігі   бар. Сонда қазақ ауылдары орналасқаны мәлім.  Сол тұстарда семинарияда оқитын жігіттер әскери жаттығу өткізіп тұрған. Сенсеңіздер, ішінде Мұхтар Әуезов те болған. Қазақ  азаматтарына ұстаз ретінде   идеологиялық тұрғыда  ықпал еткен ол - Мәннан Тұрғанбаев. Халық  арасында  үгіт-насихат жүргізіп, баспасөз арқылы қазақ жастарын ел қорғауға, әскери іске бет бұруға  Мәннан Тұрғанбаев   тікелей араласты»,- дейді ол. Жалпы, ұлт зиялысының Алаш әскеріндегі маңызы мен рөлін зерттеп, зерделеу келешектің еншісіндегі іс.        

«Істің бәрін жоғарыдан күтіп отырып, өзіне берілген құқықтарын пайдалана алмаған ел еш уақытта қатарға кірмейді». Осы ұстанымды бағдар еткен Мәннан Тұрғанбаев саяси өмірге белсене араласқан. Сол жолда жүріп, халық қамын ойлаған алашшыл азаматтармен танысып, бұдан былайғы өмірі солармен бірлікте болуға ұласты.  Семейдегі Қаражан, Исабек, Мұхамедхан сынды ірі меценаттар, оқыған азаматтармен,  өнерпаздармен рухани байланыста болды. Олардың еңселі де зәулім үй-жайларында жақсы-жайсаңдар үнемі бас қосып тұратын.  Жиылған топтың мәнді мәжілісінде Әміреге ән салдырып, өздері де өнерлерін көрсеткен. Мәннанның өзі де  мандолин аспабында ойнап,  «Ғайни» әнін нақышына келтіре  орындап, ортаны толтыратын игі қасиеті болыпты.      

Қайраткер тұлға 1920 жылға дейін Жақып Ақбаевпен бірге халық соты кеңесінің мүшелігіне кіреді. Елдік істерімен танылған ол  көп ұзамай халық соты төрағасының орынбасары әрі қазақ ісі жөніндегі азаматтық бөлімнің меңгерушілік міндеттерін атқарады.  Сан түрлі салада шыңдалған Алаш ардақтысы Семей губерниялық оқу бөліміне ауысып инспектор қызметіне бекиді. Жұмыс бабымен ол Орынбор қаласында өткен ғылыми қызметкерлер съезіне қатысып, тәжірибе алмасып қайтады. Осы кезде білікті педагог оқу-ағарту жұмысына, балалар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді.  Әсіресе, Шыңғыстау, Абыралы, Бесқарағай, Дегелең өңірлеріндегі мектептердің дамуына көп  жәрдемдескен.   Дүркін-дүркін ел аралап, көзбен көріп,  көкейге түйгенін жоғары орындарға  жазбаша  түрде жеткізіп,  талап-тілектердің  орындалуына зер салып отырған. 

Ғалым Алмахан Мұхаметқалиқызының айтуынша, Мәннан Тұрғанбаев тек ұстаздық қызмет етіп қана қоймай,  «Тіл құралы», «Есеп», «Этика», «Қазақ тілін іске асыру», «Пайғамбар заманы» сынды  оқушыларға арнап  бірнеше оқулық жазған.  Семейде  бірінші рет басылып шыққан Ахмет Байтұрсынұлының жаңа алфабиті бойынша  сабақ жүргізуді  айрықша қадағалаған. Осы және басқа да оқулықтары жоғалып, ел жадынан ұмыт болған. Мәннан жазықсыз жалаға ұшырағанда оның еңбектерін оқуға тыйым салынды», - дейді.   

Білім дәнін сепкен ұлағатты ұстаздың  ағартушылық қызметі тек мектептерде ғана емес, іргелі оқу орындарында да жалғасын тапты. Парасатты педагог Мұхтар Әуезовпен бірге Семейдегі пед техникумда бірі әдебиет, фольклордан, бірі қазақ грамматикасынан дәріс оқыды. Қазақ педагоги­калық техникумында Мәннан Тұрғанбаевпен қатар Халел Ғаббасов, педагог, жур­налист Сейітбаттал Мұстафин, жазу­шы, драматург Тайыр Жомартбаев, ұстаздық қызметпен қоса, театр өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан Ғалиақпар Төре­баевтар жемісті еңбек етті. Ал атақты  Әлкей Марғұлан, Мұсатай Ақынжанов, Төлеужан Мусин, Жүнісбек Нұрмағамбетов,  Игембек Төлеутаев сынды  көрнекті  тұлғалар Мәннанның  шәкірттері. Қазір бұл білім  ордасы Әуезов атындағы педагогикалық колледж.   

Ағартушының тәлімін алған Фазыл Киікбаев  «Мәннанды өз  замандастарынан білмейтін, бұл  Семей мен Қарқаралыда кісі  жоқ еді» деп еске алады.  Есімі алыс-жақынға мәлім Тұрғанбаев Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермековтермен етене жақын араласты.  Мәннан 1925 жылдан бастап үш жыл Ермеков басқаратын Қарқаралы педагогикалық техникумында ұстаздық қызмет  атқарған.  Осы ретте  айт кету керек, Алмахан Мұхаметқалиқызы 1921 жылы Әлімхан Ермековтің Қарқаралыдан ашқан педагогикалық техникумның әлі бар екенін айтады. Алаш арыстарының қолтаңбасы қалған оқу орны бүгінге жетті. Бір өкініштісі, қазақтың талай марқасқасы түлеп ұшқан, Әлихан Бөкейхан, Мәннан Тұрғанбаевтар дәріс оқыған білім ордасы мемлекет тарапынан қамқорлыққа алынуы керек. Себебі, ол жерде өткен күндердің белгісі  бар. Сондай тарихи ғимараттарды келер ұрпақтың  игілігіне айналдыруға келгенде енжарлық танытып отырмыз.    

Дәл осы Ермеков ұйымдастырған педучилищеде қызмет істегені Мәннан Тұрғанбаевқа қара күйе болып жағылды. Бұл - репрессиялық  жүйеге қарсы әрекеті, Алаш партиясын құрысып, Алаш үкіметіне мүше болғаны үшін Әлімхан Ермековтің басқан ізіне аңду түскен шақ. 1930 жылы ОГПУ сот коллегиясының үкімімен Мәннан Семейде ұсталып, Қапал түрмесіне айдалады. Онымен бірге 35 адамға әр түрлі жаза кесілді. Ахмет Байтұрсынұлы бастаған он адамға өлім жазасы тағайындалып, кейіннен ол үкім он жылдық мерзімге концлагерде отырумен ауыстырылды. Екі жылдан соң Ахметпен бірге ұсталған Әлімхан Ермеков, Мұхтар Әуезов, Жұмағали Тілеулин, Даниял Ысқақовтар шартты жазамен немесе айыптары дәлелденбеген соң түрмеден босатылды. Қапал абақтысынан босаған Мәннан Тұрғанбаев қайтадан Семейге оралады. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ғылыми қызметкері  Қуат Қиықбай  М.Тұрғанбайұлының Қапал түрмесінде болған кезін оның өміріндегі ең бір трагедиялы уақыты деп бағалайды.  «Мәннан    1930 жылы Қапал түрмесіне қамалды. Ол өте бір қиын жағдай.   Ер-азаматтың   темір тордың ішінде отырып азап көруінен бұрын,  отбасындағы өлім-жітім екінші жағынан қыспаққа алды.  Мәннан Қапал түрмесінде отырған уақытта Қазақстанда  Голощекиннің ұжымдастыру науқаны белсенді жүріп жатты. Алаш арысының отбасы Семейде жайлаған аштықтың шеңгеліне ілігеді.Қолдан  жасалған нәубеттен әйелі мен Есен атты қызы көз жұмды. Анасы Қадиша мен ұлы Мұрат осы уақытта  Әбділман деген туысының үйін паналайды.  Екі жыл бойы Қапал түрмесінің тас түнегінде болуы Мәннанның денсаулығына кері әсер етіп, көз жанары нашарлайды».

Осы бір қиын жағдайға  ел арасындағы таршылық пен күйзеліс, отбасы тауқыметі қосылады. Қартайған шешесі мен жас баласы, жетім інісіне пана, өзіне серік болар жар іздейді. Кешікпей Сағындық деген әйелмен қосылған. Сұрқай заманның суығын сезген ол дереу Алтай өлкесіндегі Ойрат автономиялық облысы Тұрата ауылына көшті.  Мұнда Мәннан жеті жылдық мектепке орналасып,  оқытушы болып қызмет еткен. Елден жырақта жүргенде оның екінші ұлы дүниеге келеді. «Ұлымыз елден жырақта туды. Отанның қадірін шын түсініп, зарыға сағындық.  Нәрестеміздің аты «Отан» болсын! Туған жерге ту тігер азамат болып өссін!»,- деп Алаш азаматы нәрестеге «Отан» деген ат берген.

Мәннан Тұрғанбаевтың  түрмеде өз қолымен толтырған анкетасында: «Жанұямда 6 жан бар: анам Қадиша-81 жаста, әйелім Сағындық-31 жаста, ұлым Мұрат-13 жаста, ұлым Отан, қызым-Гүлбаһрам, інім-Ерғали», - деп отбасы мүшелері жайлы мағлұмат берген.

1936 жылы күзгі салым Мәннан отанын, туған жерін аңсап, арбаға кәрі ана, жас сәбилерін салып жаяу-жалпылап Алтайдан Семейге ат басын тірейді. Қала шетіндегі Қызыл ауылға тоқтап, мұнда қатардағы мұғалім болып орналасады. Кеңестік кесір саясаттың қара бұлты сейілді деп ойласа керек.  Алайда, тотолитарлық режим алаш арысына тыныштық таптырған жоқ. Көп ұзамай «үштіктің» қармағына ілігеді. 1937 жылдың 24 қаңтарында Тұрғанбаев Семей түрмесіне қамауға алынды.  Ол тар қапаста қысым көрсе де, қайыспас мінезінен, қайтпас қайсарлығынан, азаматтық ұстанымынан танған жоқ. Тергеу барысында алынған сұрақ-жауапта Мәннан кеңес үкіметіне қарсы ешқандай да астыртын әрекетке бармағанын баяндаған.    Ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным - Алаш» зерттеу еңбегінде «Алашорданың» Семейдегі бөлімшесінің мүшесі Тұрғанбаевтың анкеталық анықтамасында «Өз еңбегімен күн көрген. Сотталмаған. Жылжымайтын мүлкі жоқ. Үйлі-баранды. Әскер қатарында болмаған. Кәсібі - мұғалімдік. Кеңес өкіметіне қарсы астыртын әрекетке қатыспаған. Ешқандай партияның мүшесі болған жоқ» деп жазылған.   Сондай-ақ, тергеу хаттамасында Тұрғанбаев «Алашордамен» ешқандай байланысы болмағанын, 20-шы жылы компартияның қатарына өткенін, іссапарда жүргенде мүшеліктен шығып қалып, қайтадан кіруге ұмтылмағанын мәлімдеген.  Сондай-ақ, ол қазақ ұлтшылдарымен қарым-қатынасы жөнінде ашық жауап береді. Қойылған сұрақтардың дені  Әлімхан Ермековке қатысты болған.   «Қазақ ұлтшылдарының ішінен мен «Алашорданың» Семейдегі Шығыс бөлімінде істеген Ермеков Әлімханды, Тынышбаев Мұхамеджанды, Ғаббасов Халелді, Ақбаев Жақыпты, Дулатов Міржақыпты білетінмін. Алайда олармен ешқандай байланысым болған жоқ. «Алашордашылар» Ермековті өте қатты сыйлайтын және ол ашық ықпалды тұлға болды. Оның үстіне ол таза қанды қазақ болғандықтан да үлкен сенімге ие еді. Оның ықпалы аса зор еді әрі тұрғындар оны өзге алашордашыларға қарағанда қатты қадірлейтін»,-деп жауап қатыпты.        

Тұрғанбаев тергеушіге берген қысқа-нұсқа жауаптарында «өзімді ешнәрсеге кінәлімін деп есептемеймін» деді. Алаштықтарды әшкерелейтіндей айғақтарды да бермеді.  Алайда, жосықсыз тотолитарлық жүйе алаш ардақтысын жаладан аман қалдырмады. Мәннан Тұрғанбаев 1937 жылы 20 тамызда Семей түрмесінде ату жазасына кесілді.    

Абай музейінің қызметкері Қуат Қиықбайдың музейде  1924 жылы өмірге келген М.Тұрғанбаевтың баласы Мұраттың  естелігі сақталғанын айтады. «Ол естелігінде әкесін 1937 жылдың 24 қаңтарында ұстап әкеткенін жазған.  Ол кезде НКВД үштігінің   ешқандай сұраусыз, көп күнге созылған тергеусіз ату жазасына кесілгендігін баяндапты» деген мәлімет келтіреді.  

Абақтыдағы  анкетасында  «Жанұямда 6 жан бар»  дейтін Мәннанның  ұлым Мұрат қана бізге мәлім.  Асылдың  соңында қалған ұрпағы Мұрат әке жолын қуып, бүкіл өмірін бала тәрбиесіне арнады. 26 жыл бойы Семейдегі орта мектептерде директорлық қызмет атқарды. Басқа балалары Отан мен Гүлбаһрам, анасы Қадиша, інісі Ерғали әйелі Сағындық  жайлы деректер бізге беймағлұм болып отыр.     

Араға жылдар салып 1963 жылы 14 желтоқсанда Семей облыстық  сотының шешімімен  Мәннан Тұрғанбаев  ақталды. Оған дейін жазған оқулықтары, еткен еңбегі жөнінде мүлдем айтылмай, жазылмай келді, кітаптары жоғалып кетті. Тіпті есімі ұмыт қалған жағдайлар да болды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін  халқына қайта оралған арыстар қатарында Мәннан Тұрғанбаевтың да аты атала бастады.    Ұлт зиялысы керегесін керген «Сарыарқа» басылымының ізбасары «Семей таңы»  газетінің  ұжымы Мәннан Тұрғанбаевқа қаладағы үлкен көшенің  атын беруге   ұйытқы болды.  Ал 120  жылға жуық  тарихы бар  М.Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжінің  қабырғасында  Мәннән Тұрғанбаевтың ескерткіш тақтасы орнатылған.  Абай музейінің қорында Алаш арысына қатысты аса бағалы құнды экспонаттар сақталған.   Абай музейінің ғылыми қызметкері Қуат Қиықбайдың мәліметінше, М.Тұрғанбаевтың отбасымен  түскен суретінің түпнұсқасы,   туыстық айналасының, жақын - жұрағатының, бала-шағасының фотосуреттері сақталған.   

Алаш ардақтысының қызмет еткен орындарына қарап,  сол тұста  аса ықпалды тұлға  болғанын байқауға болатындай. Тіпті қауіпсіздік мақсатында Тұрғанбаев  жеке қару ұстаған.  Құнды жәдігер бертінде қайраткер өзі бұрын тұрған үйінің қабырғасынан табылды. Оған бұл тапанша Семей губерниясынан берілген екен. Журналист  Риза Асанқызы  қоғам қайраткері  Бәтташ Сыдықовтың Семейдегі Пасмаков көшесінің бойындағы үйдің қабырғасынан құпия шкаф тауып алғанын,   ішінде құжатымен жеке қару табылғанын айтады.    «Бәтташ ағамыз алып кеп әлгі қаруды көрсетті. Қару бүлінбеген, қолдануға жарамды. Құжатта М.Тұрғанбаевтың суреті бар. Маған «Семей таңының 85 жылдығына әкеп тапсырды»  деген ақпарат береді.  Алайда, табылып тұрған жерінен құнды жәдігерді Семейдің Ішкі  істер қызметінің өкілдері қауіпсіздік мақсатында сақтаймыз деп із-түссіз жоқ қылған. Осылайша, бір ғасырдың куәсіндей болған  Алаш ардақтысының қаруы жоғалып кеткен.    Қайраткер тұлғаның  қайда жерленгені де  белгісіз күйде қалып отыр. Бір кездері «Семей таңы» басылымының 25-санына Мәннан Тұрғанбайұлының немересі Сәуле Мұратқызының «Атамыздың бейітін тапқандаймыз...» атты мақаласы шыққан еді. Алайда, бұл долбар ғана.  Қарымды қайраткердің зиратын айшықтап, басына белгі қойылды дегенді естімедік. Сәбит Дөнентаевтың бейітін ұрылар тонап, қиратып кеткенін естіп жаға ұстадық. Абай облысының әкімі Ұранхаев  алғашқы жұмысын Алаш қаласында ғұмыр кешіп, елді оятқан ардақтыларды іздеуден бастауы керек. Екінші, Семейде Әлихан, Мәннан, Сұлтанмахмұт, Жүсіпбек, Сәбит, Мұхтарлар жүрген, кеңес қылған тарихи ғимараттарды қарамағына алып, туристік кешенге айналдыруға тиіс.   Алаш қайраткерлерінің қаны төгілген Түйемойнақ аралын қараусыз төрт түліктен арылтып, реттеу қажет. Алаштықтарға көрсеткен құрметіміз сол болмақ!   

Байланысты жаналықтар

Семейлік әнші рекорд үшін 100 әнді тоқтаусыз орындайды

14.11.2024

Оқушыларына дәретханада «понятие» туралы айтқан семейлік мұғалім жұмыстан қуылды

19.10.2024

Семейде орман ағаштары жымқырылған

21.09.2024

Жигулиіне сиырларды тиеп алған адам ұсталды

18.09.2024

Семейде психикалық ауытқуы бар адамдарды құрылысқа жеккен

29.08.2024

Семей орманында өрт шығып, тракторшы жазаланды

27.08.2024
MalimBlocks
Семейлік әнші рекорд үшін 100 әнді тоқтаусыз орындайды

Әнші Гиннесс рекордтар кітабына тіркелу үшін арнайы концерт берді

Оқушыларына дәретханада «понятие» туралы айтқан семейлік мұғалім жұмыстан қуылды

Сондай-ақ, «Бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалған

Семейде орман ағаштары жымқырылған

Бүгінде жауапты тұлға анықталған

Жигулиіне сиырларды тиеп алған адам ұсталды

35 жастағы жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Семейде психикалық ауытқуы бар адамдарды құрылысқа жеккен

Мекеме басшыларының ісі сотқа жолданған

Семей орманында өрт шығып, тракторшы жазаланды

Ол енді өрт сөндіру шығынын төлеуі мүмкін