«Хабар» арнасының басшылығы тікелей эфирде көрсетілген бағдарлама үшін көрерменнен кешірім сұрады
«Бірақ...» бағдарламасының эфирге шыққанына 2 күн ғана болған.
«Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев әлеуметтік желіде қызу талқыланған «Бірақ...» бағдарламасы туралы пікір білдіріп, көрерменнен кешірім сұрады.
«Кешегі эфирде бір отбасының мәселесі тікелей эфирде көрсетілді. Болған жағдай әрқилы пікірлер легін туындатты. «Бірақ»-тың шалыс басқан қадамы әлі түзеледі. Редакцияға осындай дереу қоғамдық талқы, қолдау да маңызды. Дәл бүгін қатысқан кейіпкерлерден де, көрерменнен де сұраған кешірімімізді қабыл алыңыздар. Өз алдына қонағымыз болып келген Гүлмира Смайлова мен «Қорғау-Астана» кризистік орталығының ұжымынан жеке кешірім сұраймыз», - деп жазды Кемелбек Ойшыбаев.
Айтуынша, «Бірақ...» бағдарламасының эфирге шыққанына 2 күн ғана болған. Жобаның мақсаты – қоғамды алаңдатып отырған әлеуметтік мәселелер, отбасылық құндылықтар және басқа өзекті мәселелерді көтере отырып, спикерлер, психологтар, заңгерлер мен басқа да сала мамандарымен бірлесіп, талқылау және шешу жолдарын іздеу.
Еске салайық, «Хабар» арнасының «Бірақ...» бағдарламасына тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған кейіпкер мен оның жұбайы шақырылып, тікелей эфирде оларды татуластырмақ болған. «Қорғау-Астана» кризистік орталығының ұжымы телеарна басшылығына ренішін білдірді.
Фото: «Бірақ...» бағдарламасынан скриншот