«Халық жазушысы». Шатаққа толы атақ қайта оралды!

Атақты Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Әбіш Кекілбаев жойған ба?!

Олжас Қасым

  • 10.10.2023

Араға 24 жыл салып «Қазақстанның халық жазушысы» атағы қайта берілетін болды. Бұл марапатқа енді «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері» мен мемлекеттік сыйлық лауреаттары үміткер бола алады.  Тоқаев биыл Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда осы атақты қайтару туралы айтқан-ды. Үкімет қаулысының жобасы  Ашық НҚА порталында жарияланған. 

Бұл атақ алғаш 1984 жылдан бастап «Қазақ КСР халық жазушысы»  деген атпен  қаламгерлерге беріле бастады.  Марапатқа бірінші болып Ғабит Мүсірепов қол жеткізгені мәлім.  1999 жылға дейін бас-аяғы 40-қа тарта  қаламгер «Халық жазушысы» атанды.  Олардың қатарында Зейнолла Қабдолов, Сырбай Мәуленов, Қадыр Мырза Әли, Мұхтар Мағауин, Әбу Сәрсенбаев, Әзілхан Нұршайықов және басқалар бар. 

      «Халық жазушысы» атағын Әбдіжәміл мен Әбіш жойған ба?  

«Қазақстанның халық жазушысы» марапатының 1999 жылы алынып тасталғанын айттық. Ал осы атақтың келмеске кетуіне қаламгерлер арасындағы қызғаныш, көреалмаушылық әсер еткенге ұқсайды. Бұл жайтқа Софы Сматаевтың басынан өткен жағдайды білсеңіз, нақты көз жеткізгендей боласыз. Жазушы «Өкініші көп дүние-ай...» атты мақаласында  өзіне берілер марапаттың тез арада әлдекімдердің қолымен жойылғанын қынжыла жазады. 

Сматаев 50 жасқа толған уақытта сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев «Елім-ай» романы үшін қаламгерге «Халық жазушысы» атағын беретінін жеткізген. Алайда берілген уәдеден кейін бес жыл зу етіп өтеді.

«Сол уәдесі ойына түсті ме, Назарбаевтың  нұсқауымен одақтың басшысы Қ.Найманбаев мені «Қазақстанның халық жазушысы» атағына ұсынып, құжаттарды президент әкімшілігіне өткізген еді. Ақмолаға көші-қон кезінде басқа құжаттар жоғалмай, «маған ғана байланысты қағаздар жоғалып кетіпті-мыс» дейтінді еміс-еміс естіген болатынмын. Іле-шала президент тарапынан дүмпу жетіп,  мен туралы ұсынысты Н.Оразалин жолдаған еді. Ақыры қағаздар Нұрекеңнің алдына жетсе керек, 1998 жылдың 26 ақпанында әкімшіліктен: «Бүгін Қабдеш Жұмаділов екеуіңізге «Халық жазушысы» атағын беру туралы жарлыққа Елбасы қол қойды!» деп телефон шалған тілектестерім бір қуантқан. Сол күннің кешінде Сәкен Сейфуллинге мейрамханада берілген аста кездесіп қалған Н.Оразалин мені «Халық жазушысы» аталғаныммен құттықтап, сүйінші сұраған да еді-ау...»,-дейді Софы Сматаев.   Осылайша оған бірде сол кездегі министр Қырымбек Көшербаев хабарласып, «Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер» болғанын айтып, сүйінші сұрайды. Ал Сматаев «Саудагерге де, шошқашыға да, шенеунікке де беретін атақтың маған керегі жоқ» деп бас тартқанын айтып жүр.

Софы марапаттан мақұрым қалғанына екі жазушының кесірі тигінін де жазған. Оған мысалды қаламгер  осы жазбасында келтіріп, Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Әбіш Кекілбаевтың аяқтан шалғанын және атақты Назарбаевтың қолымен жоқ қылғанын сөз етеді. Емханада Софыға Әбдіжәміл айтқан мына әңгімеге зер салып көрейік.

«Халық жазушысы» атағына ұсынылғаныңды естігенде, фамилияңды ауыстыртуға әлдекімдерді араластырдым. Президенттің «Анкарадағы» қабылдауында болғанымызда, оның саған берген уәдесін қасында тұрып естігем. Көп кешікпей Астанаға ұшып барып, Әбішке кіргем. Ойымды Әбішке жеткізіп, енді екеуіміз Нұрекеңнің алдына бардық. «Нұреке, осы «Халық әртісі», «Халық жазушысы» деген атақтардың күшін жойғызсаңыз қайтеді? Өйткені, сол атақтарға тым көбейген құмартушылар Сізге арыз-өтінішін қардай жауғызып, Өзіңізге өкпе тағып, араз-құраздықты күшейтеді» деген уәждерді үйіп-төге салдық. Президент те оп-оңай келісе кетті... Сөйтіп сен, Софыжан, тағы да сол атақтан біржолата қағылдың, – деп бетіме еш қамсыз-мұңсыз қалыппен сығалай қарады»,- деп жазады Сматаев.  

Бұл әңгіменің рас-өтірігін білмейміз. Дегенмен, «жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» деген де  бар. «Халық жазушысы» атағының иегері Қабдеш Жұмаділовтен   атақ  мүлдем алынып тасталғанда себебін сұрағандарға «Халық жазушысының халықтың атынан сөйлеуге қақы бар, ал бұл билік үшін керегі жоқ» деп жауап берген екен.   

                «Ақша сөйлегелі сыйлық атаулыдан қадір кетті»                  

Белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева  «Қазақстанның халық жазушысы» атағының қайта оралғанын құптайды. Өзі де осы қатардағы әдебиет алыптарының   көзін көрген. Қаламгер «Қазақстанның халық жазушысы» атағы кезінде мүйізі қарағайдай, шығармалары танылған, оқырман мойындаған    Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Тахауи Ахтанов,  Тұрсынхан Әбдірахманова,  Дихан Әбілев,  Әлжаппар Әбішев,  Мұзафар Әлімбаев,  Әнуар Әлімжанов,  Қалижан Бекхожин, Хамит Ерғалиевтер  алғанын және олар сол бағалауға   лайықты болғанын айтады. Алайда, қайта оралған атақтың шатағы көп бола ма деген алаң көңілін де жасырмай қалған жоқ.

«Қазір, ақша сөйлеп тұрған заманда біреу-міреу ірі марапаттарды алып жатса таңғалмаймыз. Ақша сөйлегелі әдебиеттен, сыйлық атаулыдан қадір кетті. Орынын таппай, орын алып жатқандар аз емес. «Халық жазушысының» орнын алмастырған «Қазақстанның еңбек қайраткері» көбіне елге еңбегі сіңбеген адамдардың уысында кетті. Сыйынан айырылды. Ал «Халық жазушысы» атағын  халықтың талқысына салып, пікірін тыңдап барып беру керек. Сыйлық берілерде әділетсіздіктерге жиі кездесеміз. Әркім  дауыс бергенде өз руына, жүзіне тартады. Сөйтіп, бәрін бүлдіреді. Атақтың, мәнін, қадірін түсіріп алмайық.»,-дейді ол.  Ақын «сыйлық адал берілсе» деген пікірде.  

Басқа елдерде мемлекеттік сыйлық, «Халық жазушысы» атақтарымен пара-пар марапаттарға  авторлар өзін ұсынбайды. Халық мойындаған қаламгеріне өздері ұрандамай, аттандамай  табыстайды. Жаңа да ескі атақтың Қазақстанда әзірге қалай берілетіні бізге беймәлім.    

 

 

 

    

 

Байланысты жаналықтар

Республика күні қарсаңында ғалымдар, мұғалімдер, дәрігерлер, құтқарушылар және жұмысшылар марапатталды

23.10.2024

Су жаңа «Халық жазушылары» мен «Халық әртістері» кімдер?

24.10.2023

Оразбек Сәрсенбаев: «Студенческий листок» газетінен шыққан реніш 

11.09.2022

Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов өмірден өтті

05.02.2022
MalimBlocks
Республика күні қарсаңында ғалымдар, мұғалімдер, дәрігерлер, құтқарушылар және жұмысшылар марапатталды

«Қазақстанның Еңбек Ері», «Отан», І дәрежелі «Барыс» ордендері басқа да наградалар табысталды

Су жаңа «Халық жазушылары» мен «Халық әртістері» кімдер?

Оразбек Сәрсенбаев: «Студенческий листок» газетінен шыққан реніш 

Бақыт Сейітжанов пен Әбіш Кекілбаев маған өкпе айтты

Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов өмірден өтті

Романдары әлемнің бірнеше тіліне аударылған.