freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Дау тудырған Алматыдағы 120 млн теңгелік пәтер Михаил Шайдоровқа арналған болып шықты

Қоғам
Дау тудырған Алматыдағы 120 млн теңгелік пәтер Михаил Шайдоровқа арналған болып шықты
Туризм және спорт министрлігі

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қаражатты үнемдеу қажеттігін бірнеше рет атап өткенімен, Алматы әкімдігі бюджет есебінен 120 миллион теңгеге бір пәтер сатып алу үшін конкурс жариялаған. Оның үстіне, баспана қаланың қақ ортасынан берілуі тиіс деген нақты талап қойылған. Осыған байланысты Stan.kz аталған пәтердің нақты кімге арналғанын анықтап көрді.

Алматы қаласында бір пәтерді 120 миллион теңгеге сатып алу жөніндегі мемлекеттік сатып алу конкурс жариялаған. Тиісті хабарландыру мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған. Аталған сатып алуды Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы жүзеге асырады. Ал конкурсты ұйымдастырушы Алматы қаласы Мемлекеттік активтер басқармасы.

Құжатқа сәйкес, №16830586-1 конкурс аясында бір ғана лот қарастырылған. Лоттың нөмірі – 85877281. Сатып алынатын нысан – бір пәтер, саны – 1 дана. Оның құны қосылған құн салығын есептемегенде 120 миллион теңге деп белгіленген.

Техникалық ерекшелікке сәйкес, пәтер Алматы қаласының орталық бөлігінде орналасуға тиіс. Нақтырақ айтқанда, Жароков – Жандосов – Тұрғыт Озал – Абай көшелерінің квадратында болуы қажет. Сонымен қатар тұрғын үйдің ауданы 110-нан 120,5 шаршы метрге дейін, кемінде үш бөлмелі болуы шарт.
Тағы бір маңызды талап – тұрғын үй 2025 жылдан ерте пайдалануға берілмеуі тиіс және "комфорт" санатынан төмен болмауы қажет. Пәтер толық әрленген күйде тапсырылуы керек. Қабырғалар бояуға арналған түсқағаз, еден кемінде 33-класты ламинат, керамогранит, созылмалы төбе, жылы еден, сантехника, ішкі есіктер және электронды құлыппен жабдықталған металл кіреберіс есік қарастырылған.

Бір шаршы метрдің ең жоғарғы құны 995 850 теңге деп көрсетілген. Сатып алу шарттарына сәйкес, жеткізу мерзімі 2026 жылдың 15 шілдесіне дейін белгіленген. Жеткізу шарты – DDP (толық жеткізіп беру). Сонымен қатар, келісімшарт бойынша 30% мөлшерінде аванстық төлем қарастырылған. Кепілдік мерзімі – 24 ай.

120 миллион теңгеге жуық ең жоғарғы шекпен бір ғана пәтер сатып алу қоғам назарын аудартпай қоймайды. Әсіресе, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалану, шығындарды шектеу және қатаң бақылау қажеттігін бірнеше рет айтқанын ескерсек, бұл мәселенің өзектілігі арта түседі.

Бұл жерде әңгіме жай ғана тұрғын үй сатып алу туралы емес, бастапқы нарықтан белгілі бір жайлылық деңгейі алдын ала айқындалған, әрлеу талаптары нақты көрсетілген кең пәтерді сатып алу туралы болып отыр. Сондықтан негізгі сұрақ тек рәсімнің заңдылығында ғана емес, мұндай шығынның бюджет қаражатын үнемдеу жөніндегі ұстанымдарға қаншалықты сәйкес келетініне де тіреледі. 

Әкімдік не дейді?

Алматы қаласының әкімдігі аталған сатып алуға қатысты ресми түсініктеме беріп, 120 миллион теңгеге пәтер алу нақты құқықтық және әлеуметтік қажеттілікке негізделгенін мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, тұрғын үй 2026 жылы Милан қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындарының жүлдегері атанған спортшыны баспанамен қамтамасыз ету мақсатында сатып алынбақ.

"Аталған шара "Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасының Заңы аясында қарастырылған әлеуметтік кепілдіктердің бірі. Яғни, мемлекет жоғары нәтижеге қол жеткізген спортшыларды қолдап, олардың ел абыройын халықаралық деңгейде көтеруге қосқан үлесін осылайша мойындайды. Қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен, бекітілген бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылады. Ал пәтердің құны Алматы қаласындағы бастапқы тұрғын үй нарығына жүргізілген талдау негізінде қалыптастырылған", – деп жауап берді Алматы әкімдігі.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, шығын бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану болып саналмайды. Керісінше, ол заңмен бекітілген міндеттемелерді орындауға және ұзақ мерзімді тиімділікке бағытталған. Атап айтқанда, жаңа әрі толық әрленген пәтер сатып алу қосымша жөндеу шығындарын болдырмауға мүмкіндік береді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу