Астана мәслихатының депутаты Талғат Ерғалиев елордадағы қылмыс деңгейі жоғары деген мәлімдемесіне байланысты кешірім сұрады, деп хабарлайды Malim.kz.
Депутат бұл жөнінде өзінің Instagram парақшасында жазба жариялап, бұған дейін айтқан ақпаратының шындыққа сәйкес келмейтінін мойындап, кешірім сұрады.
«Бұл ақпарат, өкінішке қарай, көмекшім тарапынан тиісті органдарға жүгінбей дайындалған. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі ұсынған ресми деректерге сәйкес, Астана – қылмыс деңгейі төмен, қауіпсіздігі жоғары қала», – деп жазды Талғат Ерғалиев.
Оның айтуынша, мәслихат сессиясында көтерген депутаттық сауалының негізгі мақсаты – өзі өкілі болып табылатын 16-округ тұрғындарының өмір сүру жағдайын және инфрақұрылымды жақсарту болған.
«Мәслихат депутаты ретінде елорда әкімдігімен және полиция департаментімен бірлесіп, ішкі істер органдарының инфрақұрылымын дамыту, материалдық-техникалық базасын нығайту, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыру және полиция қызметкерлерінің имиджін көтеру бағытындағы жұмысты жалғастырамыз», – деп қосты ол.
Еске салайық, бұған дейін Талғат Ерғалиев Астана мәслихатының сессиясында сөз сөйлеп, Сарыарқа ауданы елордадағы «ең проблемалы аудан» екенін айтып, ондағы криминогендік жағдайды жақсарту қажеттігін мәлімдеген еді.