А.Мамин: Басты міндет – ауыл тұрмысының сапасын жақсарту

  • 20.04.2021

Бүгінгі яғни, сейсенбі сайынғы дәстүрлі үкімет отырысында ауылды-елді мекендерді, өңірлерді дамыту яғни, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту, ауылдағы өмір сүру сапасын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Жиында бір емес, жеті бірдей министр баяндама жасап, өздері басқаратын министрліктердің ауылдағы елді-мекендерге нендей өзгеріс енгізетіндерін премьер-министрге жеткізді. Жалпы, бүгінде Қазақстандағы ауыл халқының саны - 7,7 млн адам. Яғни, ел халқының 41 пайызы ауылды жерде тұрады, ауылды жерде жұмыс істейді.  Яғни, ең негізгі  жұмыс пен табыс ауыл шаруашылығы саласында ғана. Ұлттық экономика министрі Ә. Ерғалиевтің мәлімдеуінше, ауылдағы өмірді жақсарту үшін қабылданған «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша  инфрақұрылымдар жаңартылып,  өңірлік стандарттар жаңартылып, жетілдіріліп жатыр екен.

«Жалпы 6 316 ауылдың ішінен даму әлеуеті бар 3,5 мың ауыл іріктелді, онда ауыл тұрғындарының 88 пайызы тұрады. Аталған ауылдар демографиялық көрсеткіштерге, экономикалық белсенділікке, инфрақұрылымның жай-күйіне қарай іріктелді. Бұл ауылдарды дамыту «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде бірінші кезекте жүзеге асырылатын болады. Ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру үшін 2019 жылы инфрақұрылымдар мен әлеуметтік игіліктерге қолжетімділігі жөнінде жаңа өңірлік стандарттар әзірленіп, бекітілді», – деді өз баяндамасында Ә. Ерғалиев.

Яғни, министрдің баяндамасынан түсінгеніміз, үкімет күшті әл-ауқаты мықты, экономикалық болашағы бар, дамуға мүмкіндігі көп 3,5 мың ауылға (мұндай ауылдарда шамамен жеті миллиондай адам тұрады) салмақ. Онысы да дұрыс. 

Министр Ә. Ерғалиев жалы еліміздегі әр ауылдың ахуалы мен мүмкіндіктерін зерттеп, талдап, сол ауылдардың дамуына қажетті қаржының есеп-қисабын да шығарып тастапты. Мәселен, министрдің сөзінше, биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен 1,3 млн адам тұратын 480 ауылдың дамуына 105 млрд теңге бөлінбек. Бұл қаржы жол жөндеу, су түсіру, жарық жүргізу, ресми тілмен айтқанда, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды, сондай-ақ, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын дамытуға, 1 мыңнан астам жобаларды жүзеге асыруға жұмсалмақ. Ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды реттеу үшін 5 жылдың ішінде 800 млрд теңге бөлінбек. Бұл қаражат 3,5 мыңнан астам ауылдағы 7 млн ауыл тұрғынының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік бермек.  

«Жалпы ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тәсілі 2025 жылға қарай ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын және әл-ауқатын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, ауыл халқының сумен қамту қызметі 100 пайызға жететін болады. Барлық ауыл тұрғындары жоғары жылдамдықты Интернетке қолжетімділікпен қамтылады. Жергілікті маңызға ие жолдардың 95 пайызы жақсы жағдайға жеткізілетін болады. 10 мың км ауыл ішіндегі жолдар жөнеделеді және салынады», – деді ұлттық экономика министрі Ә. Ерғалиев.

Сонымен қатар, әлеуеті басым, даму мүмкіндігі жоғары ауылдық жерлерде 24 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек.  Жалпы, 12 мың км инженерлік желілер салынып, жаңғыртылмақ.

Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұловтың баяндауынша, ауылды жерлерде тұрғын үй салу қарқыны артпақ.

«Бүгінде ауылдық жерлердегі тұрғын үйдің қоры 1,8 млн тұрғын үй. Бұл елдегі жалпы қордың 33,3 пайызы. 2025 жылға дейін ауылды жерлерде 24 млн шаршы метр тұрғын үйді салу жоспарда. Биыл ауылдарда 4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Мемлекеттік бюджет есебінен 160 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үй салынады», – деді Б. Атамқұлов.

Ауылда кім қалай үй салмақ? Үкіметтің бұл сұраққа айтар өз жауабы бар екен. Мәселен, 2025 жылға дейін 235 мың жер учаскесін, оның ішінде облыс орталықтарында, шағын қалаларда 125 мың және ауылдық жерлерде 110 мың жер учаскесін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үкімет жоспарында екен. Яғни, жыл сайын 47 мың жер учаскесі, оның ішінде облыс орталықтарында, шағын қалаларда 25 мың және ауылдық жерлерде 22 мың жер учаскесі қажетті инфрақұрылыммен қамтылмақ. Инфрақұрылымның ішіне әрине ауыз суда кіретіні анық. 

Б. Атамқұлов өз баяндамасында  осы мәселе - ауыз суға да тоқталып өтті. Ол деректерді былай тізбеледі: бүгінгі күні 6,9 млн адам тұратын 4 мыңға жуық ауыл орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізді және халық саны 200-ден кем 403 ауылда су тазартудың оқшау жүйелері орнатылды. 1922 ауылды орталықтандырылған сумен жабдықтаумен және су тазартудың оқшау жүйелерімен қамту жоспарлануда.  «Нұрлы жер» бағдарламасында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу мен реконструкциялауға республикалық бюджеттен шамамен 400 млрд теңге бөлу көзделген. 

«Бұл шаралардың барлығы 2025 жылы ел халқын 100 пайыз сумен жабдықтауға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 242 жобаны іске асыруға 69,2 млрд теңге көзделген. Бұл 2021 жылдың қорытындысы бойынша ауылдық елді мекендердегі орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділікті 91,8 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді», — деді Б. Атамқұлов.

Жеті министрдің қайтсек ауылды дамытамыз деген жоспарларын тыңдап біткен соң Үкімет басшысы әр министрлікке жеке жеке тапсырма берді.

«Бірінші кезекте, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы жергілікті маңызы бар 27 мың км жол салынып, жөнделеді. Ауылдарда 24 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. АӨК саласында 500 мың жұмыс орнын құрумен 845 жоба, 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын тартумен 7 экожүйе жүзеге асырылатын болады. Қабылданып жатқан шаралар 1 млн ауыл тұрғынының табысын арттыруға мүмкіндік береді. Ауыл тұрғындарының 100 пайызы сапалы ауыз сумен, 60 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Биыл 480 ауылды жаңғыртуға 105 млрд теңге бөлінді. «Басты міндет – ауылда тұрмыс сапасын арттыру», — деді А. Мамин.

 

 

Байланысты жаналықтар

Мемлекет ұялы байланыс тарифін неге реттей алмай отыр?

16.04.2025

Қорғаныс саласына бөлінетін қаржы 120 млрд теңгеге ұлғайтылмақ

16.04.2025

Әлемдік мұнай бағасы төмендеді. «Қара алтынға» байланған Қазақстан қайтеді?     

15.04.2025

Мұнайдың бағасы антирекорд орнатты

14.04.2025

Олигархтар Қазақстан экономикасына 10,5 млрд доллар инвестиция құятын болды

14.04.2025

Үкімет жылыту маусымын қорытындылады

14.04.2025
MalimBlocks
Мемлекет ұялы байланыс тарифін неге реттей алмай отыр?

Қорғаныс саласына бөлінетін қаржы 120 млрд теңгеге ұлғайтылмақ

Әлемдік мұнай бағасы төмендеді. «Қара алтынға» байланған Қазақстан қайтеді?     

Мұнайдың бағасы антирекорд орнатты

Олигархтар Қазақстан экономикасына 10,5 млрд доллар инвестиция құятын болды

Үкімет жылыту маусымын қорытындылады

Энергетика министрлігі электр энергиясы үшін шекті тарифтерді қайта қарады