Ауыл шаруашылығын дамыту азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді
Коронавирус пандемиясы кезінде шекаралар жабылып, әр ел өз өніміне қарап қалған кезде ішкі азық-түлік қорын мығым ұстау керек екені қатты білінді. Әрине, Қазақстанда азық-түлік тапшылығы бола қойған жоқ. Дегенмен, азық-түлік бағасының күрт қымбаттап, алып-сатарлардың бағаны аспандатып жібергені бұл бағытта атқарылуға тиіс шаруалардың әлі де көп екенін аңғартты. Ол, әрине, мемлекеттік бақылауды күшейту тұрғысында болуға тиіс. Бұл туралы сол кезде-ақ біраз сөз болғаны белгілі. Осыған орай, қазіргі таңда импортқа тәуелділікті азайту мәселесі жиі айтылып жүр. Бұл туралы осыдан бірер күн бұрын ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров былай деген:
«Коронавирус пандемиясы жағдайында бүкіл әлем елдерінде ауыл шаруашылығының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлінің артқанын байқап отырмыз. Сондықтан, Қазақстан үшін импортты алмастыру басымдыққа ие үлкен мәселе. Ауыл шаруашылығы министрлігі жоспарлаған жұмыс 2024 жылға қарай импортқа тәуелділік мәселелерін шешуге және елдің азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты инфляцияға әсер ететін азық-түлік тауарларына баса назар аударылатын болады».
Әрине, өніміңді неғұрлым сыртқа шығарып сатсаң, табар пайдаң да аз болмайды. Бірақ,экспортты реттеу үшін алдымен өз өнімің ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге тиіс. «Өзің іш, өзің іш те, маған бер» деген сияқты, өзіңе кең-молынан жетіп жатса, артылғанын өзге елге сатуға әбден болады. Десе де, сыртқа шығатын өнімнің жолы кесіліп, әр ел өзімен өзі болып, есік-терезесін қымтап алып, карантинге жабылып қалғанда көптеген елдердің сыртқа тасымалдайтын тауарлары шекара бекеттерінде апталап, айлап тұрып, біразы бұзылып кеткенінен де хабардармыз. Міне, сол кезде сол өнімдерді ішкі нарыққа өткізе алмай, талай кәсіпкер шаруасын шайқайлтып алғаны белгілі. Ішкі нарық толық жолға қойылса, шаруалар мен өндіріс орындары да тауарымды қайда сатам деп уайымдамайды. Бұл өз кезегінде шағын және орта кәсіп иелерін қолдаудың бір түрі есептелсе керек.
Бұл мәселе Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тағы да сөз болды. Ведомсво өкілдері өткен жылға есеп беріп, биылғы һәм алдағы жылдарға белгіленген жоспарларымен бөлісті. Айтуларынша, өткен жылы коронавирус пандемиясына қарамастан, импорттық тәуелділікті азайтып, шеттен келетін тауарларды алмастыру мақсатында Қазақстанда 48 тауарлы сүт фермасы, 3 ет комбинаты, ет бағытындағы 8 құс фабрикасы, балық өндіретін 3 ферма іске қосылған. Одан бөлек, осы мақсатта 1800 гектар жерге қарқынды түрде алма бақтары отырғызылғанын айта кету керек.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлгі Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің басшысы Сәуле Молдабаева қазіргі таңда Қазақстанда импортты алмастыру өзгелерден басымдыққа ие бағыттардың бірі.
«Коронавирус пандемиясы жағдайында бүкіл әлем елдерінде ауыл шаруашылығының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлінің артқанын байқап отырмыз. Сондықтан, Қазақстан үшін импортты алмастыру басымдыққа ие үлкен мәселе. Ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен толықтыру жөніндегі міндет аясында біз ішкі нарықта импортты қысқарту қажет позицияларды айқындадық. Бұл – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, алма, қант және балық өнімдері», - дейді Молдабаева.
Демек, арнайы зерттеу жүргізілген және сырттан әкелінетін тауарлардың нақты тізімі белгілі. Енді, осы тауарларды өндіруді мықтап қолға алсақ, бұл мәселе кезегімен шешілуге тиіс. Бұл проблема шешілсе, тек өндірушілерге ғана емес, тұтынушыларға да пайдалы болмақ. Сырттан әкелінетін тауарлар үшін арнайы төленетін салық бар, жеткізу құны бар, қанша айтқанмен, бағасы қымбаттай береді. Ал, ішкі өнімді өзіміз көптеп тұтынсақ, бұл алдымен қымбатшылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
Министрлік те сырттан көптеп тасымалданып келген өнімдердің өндірісін ұлғайту үшін инвестициялық жобаларды қолға алмақ. Және, бұл жобалар азық-түлік қауіпсіздігі саясатына сәйкес келіп тұр. Бұл ең алдымен отандық өнімді дамытуға ықпал етеді. Басқа басқа, ауыл шаруашылығы саласындағы отандық өнім ұланғайыр жерді игеру мен шағын және орта бизнес өкілдерін қолдауды, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ықпал етеді. Сұранысқа ие өнімдерді өндіруге сұраныс білдіргендер жеңілдетілген несиемен және субсидиямен қамтамасыз етілмек. Одан бөлек, өнімін бұзып алмай, дер кезінде сатуына да жағдайлар қарастырылмақ.
Өткен жылы атқарылған шаруалар белгілі болды. Енді, биылдан не күтеміз? Жауапты ведомсвто бұл жағына да жауап берді. Министрлік өкілдері берген мәліметке сүйенсек, биыл Жамбыл облысында 19 ет өндіретін құс фабрикасы, 9 ет өңдеу кәсіпорнын, 8 тауарлы балық өсіру жобасы іске қосылады. Жамбыл облысы қант қызылшасын өсірудегі және қант өндіру бойынша жетекші облыстардың бірі екені белгілі. Бірақ, бұл шаруамен бірнеше облыс айналысқанымен, ішкі сұранысты толық қамтамасыз етеді деп айтуға әлі ерте. Осы орайда Әулиеата жерінде тағы бір қант зауыты іске қосылмақ екен. Бұл аймақта қант қызылшасы алқабы тағы да өсе түседі дегенді білдіреді.
Министрлік бұдан былай әр жыл сайын елімізде кем дегенде 35 өнеркәсіптік тауарлы сүр фермасы іске қосылып отырады деп отыр. Сондай-ақ, 2 мың гектар жерге қарқынды алма бақ отырғызылады.
Бұл шаруалардың бәрі сәтімен іске асса, 2023 жылға қарай импортқа тәуелділік мәселесін шешіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс. Әрине, бәрінен бұрын бұл отандық өндірушілер мен фермерлерге, шаруашылық иелеріне, шағын және орта бизнес өкілдеріне, жиып келгенде, жалпы Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға септігін тигізетін шаруалар екені даусыз.