Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қоныс аударушылар мен қандастарды көшіп барған өңірде жұмысқа орналасуға міндеттеуді көздеп отыр. Жаңа талап азаматтардың өңірлерде тұрақтап қалуын арттыруға арналған.
Министрлік қоныс аудару бағдарламаларының тиімділігін арттыру үшін жаңа бұйрық жобасын әзірлеген.
Тәжірибе көрсеткендей, көп жағдайда қандастар тұрғылықты жерінде ресми жұмысқа орналаспайды, соның салдарынан өңірде тұрақтап қалмайды, керісінше қайтадан басқа облысқа көшіп кетеді. Қоныс аударушылар мен қандастардың көші-қоны жергілікті бюджеттерге салмақ түсіреді.
«Осыған байланысты қоныстандыру өңірінде міндетті түрде жұмысқа орналасу талабын белгілеу, сондай-ақ жұмыспен қамтылғанын әлеуметтік аударымдар арқылы растау көзделеді», - делінген құжатта.
Яғни енді қоныс аударушылар мен қандастар жаңа өңірге көшіп барғаннан кейін міндетті түрде жұмысқа тұрып, әлеуметтік аударымдарды аудару арқылы ресми жұмыс істейтінін растап, сол өңірде тұрақтауы керек.
Бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында 6 сәуірге дейін қоғам талқысына шығарылған.