Катарлық компания сүт бағытындағы 9 жобаға инвестиция құяды

  • 09.10.2021

Катарлық инвесторлар Қазақстандағы сүт-тауар фермаларының құрылысын қаржыландыратын болады. Бұл Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің Baladna Food Industries катарлық компаниясы директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі Айдан Тынанмен кездесуінен кейін белгілі болды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің хабарлауынша бұл кездесу 8 қазан күні өткен. Аталмыш кездесу барысында тараптар сүтті бағыттағы мал шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, келісімге келген.

Жалпы, сүтті мал шаруашылығы - Қазақстандағы агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасы тұжырымдамасының негізгі басымдықтарының бірі саналады. Бұл туралы министр баса айтты. Мал баққан, сүттен қаншама түрлі өнім алуды меңгерген елдің бүгінгі ұрпағы үшін сүт шаруашылығының маңызы артпаса кеми қойған жоқ. Тек соны заманмен үндестіріп, заманауи технологияны меңгермей болмайды. Бұл тұрғыда атқарылып жатқан шаруалар да аз емес.

«Қазіргі уақытта 2021-2025 жылдары аралығында жалпы өндірістік қуаты жылына 597,7 мың тонна сүт өндіретін 106,8 мың басқа арналған 169 сүт-тауар фермасын іске қосу жөніндегі жоспар әзірленген. Сүт-тауар фермаларының қосымша қуаттарын іске қосу республиканың ішкі нарығын 2024 жылдың соңына қарай отандық сүт өнімдерімен 100% - ға қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл сәйкесінше сүт өнімдерін өзге елдерге экспорттау көлемін ұлғайтады. Бұл салаға шетелдік инвестициялардың келуі оның жоспарлы дамуына ықпал етеді. Бүгінде инвесторларға "бір терезе" қағидаты бойынша қызметтердің толық спектрі көрсетіледі. Сондай-ақ, инвестициядан кейінгі кезеңде де толық мониторинг жүргізіліп, әрбір инвестормен нақты жобалардың аясында барлық деңгейлерде тиісті жұмыстар атқарылады», - делінген ведомство таратқан хабарламада.

Сүт өнімдерін өзіміз тұтынып қана қоймай, өзге елдерге экспортауға тиіспіз. Өйткені, Қазақстан нарығында Ресей мен Қырғыз Республикасының сүт өнімдері аз сатылмайды. Бұл туралы жиі-жиі мәселе де көтеріліп жүр. Басқа-басқа, ауыл шаруашылығы өнімдері үшін өзге елге қол жаятын жөніміз жоқ. Демек, жақын арада бұл олқылықтың орнын толтырып, өз нарығымызды отандық өндірушілерге беріп, одан артылғанын өзге елдерге тасымалдайтын жағдайға жетуге тиіспіз. Ол үшін, әрине, дәстүрлі өндірісті қолдау жеткіліксіз, сырттан, шетелдерден инвестиция тартып, жаңа технология бойынша жұмыс істейтін өндіріс орындарын көптеп ашу керек. Бұл тұрғыда Baladna Food Industries катарлық компаниясы директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі Айдан Тынанмен өткен кездесудің маңызы зор.

"Қазақстан Республикасының зор инвестициялық әлеуеті бар. Біз инвесторлар үшін тиісті жағдай жасау, инвестицияларға кепілдік беру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және түрлі тәуекелдерді барынша азайту үшін барлық қажетті жұмыстарды жүргіземіз. Экспорттық әлеуетті дамыту және инновациялық экономиканы дамыту тұрғысынан ел алдына қойған мақсаттарды ескере отырып, Біздің кездесуіміз өте маңызды екенін атап өткім келеді. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі инвестициялық жобаларды іске асыруға қолдау көрсетуге және жан - жақты көмек көрсетуге дайын", - деді министр Қарашөкеев.

Айдан Тынан да сүт өнімдеріне деген сұраныстың арта түсетінін айтып қалды. Сондай-ақ Baladna Food Industries компаниясының қызметі мен алдағы даму жоспарларымен бөлісті. Ол министр айтқан сөзді толықтырып, Қазақстан Республикасының Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне сүт және сүт өнімдерін экспорттаушы ел болуына барлық мүмкіндіктері бар екеніне ерекше тоқталды.

Бір айта кетерлігі, Айдан Тынан министрден бұрын Қазақстанның кәсіпкерлерімен түрлі кездесулер өткізіп үлгерген. Бірқатар инвестициялық жобаларды да жоспарлап тастағанға ұқсайды.  Олар Алматы қаласындағы 250-ден астам жоғары білікті жұмыс орындарын құра отырып, қуаты тәулігіне 150 тонна шикізат болатын ірімшік өндіру зауытын және Қостанай облысында жылына 106 мың тонна өнім шығаратын шикі сиыр сүтін өндіруге арналған 8 сүт-тауар фермасын салу.

Айта кету керек, Baladna Food Industries - катарлық  сүт-тауар фермасына иелік ететін және жаңа табиғи сүт және сүт өнімдерін өндіруге маманданған ауыл шаруашылығы компаниясы. Компания Катардағы ең ірі азық-түлік және сүт өндірушісі, елдегі жаңа сүт өнімдерінің 95% - дан астамын өндіріп отыр.

Байланысты жаналықтар

Елімізде қандай азық-түліктер қымбаттайды?

23.10.2024

Доллар қанша теңгеден саудаланып жатыр?

23.10.2024

Биыл ауыл шаруашылығы саласына рекордтық қаржы бөлінді – Олжас Бектенов

23.10.2024

Қазақстан ішінде көшкендер енді басқа аймақта жұмыс істей алмауы мүмкін

21.10.2024

«Жылыжайлар астанасында» ірі кешеннің құрылысы жүріп жатыр

21.10.2024

Фермерлер Президентке хат жолдады

21.10.2024
MalimBlocks
Елімізде қандай азық-түліктер қымбаттайды?

"Инфляцияны ұмытпағанымыз жөн" деді Серік Жұманғарин.

Доллар қанша теңгеден саудаланып жатыр?

Алматының ақша айырбастау пункттерінде доллар 485,3 теңгеден сатылып жатыр

Биыл ауыл шаруашылығы саласына рекордтық қаржы бөлінді – Олжас Бектенов

Бюджет қаражаты егіншілерді тікелей несиелендіруге, пайыздық мөлшерлемені арзандатуға және форвардтық сатып алуға бағытталды

Қазақстан ішінде көшкендер енді басқа аймақта жұмыс істей алмауы мүмкін

Еңбек министрлігі тиісті өзгерісті ашық талқылауға шығарған

«Жылыжайлар астанасында» ірі кешеннің құрылысы жүріп жатыр

«Alsera kz» ЖШС жылыжай кешені «Бозарық» индустриялық аймағында салынбақ

Фермерлер Президентке хат жолдады

Мемлекеттік қолдаудың арқасында биыл мол өнім алынған