Зейнетақы қалай өседі? Министрлік жауап берді
2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 455 мың адам.

1 қаңтардан бастап Қазақстанда базалық зейнетақы төлемінің мөлшері Ұлттық банк айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5 пайызға, ынтымақты зейнетақы 8,5 пайызға, яғни инфляция деңгейінен 2 пайызға өсті, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 694,7 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 224,5 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 470,2 млрд теңге қарастырылды.
Қазақстанда қанша зейнеткер бар?
2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 455 мың адам.
2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 143 800 теңге, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 96 117 теңге, базалық зейнетақы – 47 683 теңге.
Бұған дейін не белгілі болды?
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2025 жылғы 1 қаңтарда базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2% - ға оза отырып ұлғайтылды.
Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ең жоғары – 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады.
Мәселен, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-нан 70%-ға дейін ұлғайтылды, бұл 32 360 теңгені құрап, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110%-ға дейін арттырылып, 50 851 теңге болды.
2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске саламыз.
Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 %-ға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 90 % болады. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 110% белгіленеді.
Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі - бір ай.
Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.
Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.
Фото: Pixabay.com
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
