Жылқы шаруашылығына сұраныс жоғары

Соңғы төрт жылда Қазақстанда бие сүтінің көлемі 5,2%-ға артып, жылына 27 мың тонна қымыз, саумал өндіретін жағдайға жетті.

  • 07.03.2022

Мал шаруашылығы – қазақстандықтардың ата кәсібі. Қазақстандағы мал шаруа­шы­лығының жетекші салалары – қазір қой-ешкі, сиыр, жылқы, түйе шаруашылығы. Құс, марал, ара, доңыз және жібек құртын өсіру – мал шаруашылығының қосымша салалары. Қазақстанның мал шаруашы­лы­ғының өркендеуіне табиғи жайылым мен мол шабындық жердің үлесі зор екені сөзсіз.

Еліміздің барлық табиғи зоналары мал өсіруге қолайлы.  Тарихтан бір ғана мысал келтірсек, 1984 жыл Қазақстанда 36 567,8 мың қой болды. Қой саны жағынан Қазақстан КСРО бойынша 2-орын (Ресейден кейін), қаракөл елтірісін дайындау жағынан 1-орында тұрған. Сол кезде Қазақстан мал шаруашылығы одақтас республикалардың барлығын ет өнімімен қамтамасыз етіп отырғаны белгілі.

– Қазақстанның үлкен аумағы бар. Ауыл шаруашылығын көтеру үшін мықты бағдарлама жасау керек. Бұрын Қазақстанда 26 млн қой басы болған, қазір осының 50 пайызынан аспай тұр. Ауыл шаруашылығы деген –  қазақ халқының өмір тынысы. Қазір мыңдаған елді мекендер иен қалды. Міне, бұл экономикалық саясаттың бірден-бір кемістігі. Сондықтан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаражат жағын дұрыстауымыз керек, – дейді белгілі экономист Ғалым Байназаров.

Ауыл шаруашылығы министр­лігінің жарты жылдық қоры­тын­дысында сиыр етін өндіру 477 мың тоннаны құраған, бұл ішкі тұтынуды 98 пайыз қамтамасыз етеді. Ал қой еті 150 мың тонна болған. Осы­нау көрсет­кіштерге қарағанда соңғы жыл­дары мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде оң өсім байқалады. Ал экономист маман­дар­дың айтуына қарағанда, мал шаруашылығының экономикадағы үлесі артып келеді. Бұл сала бойынша Алматы облысы мен ШҚО ішкі нарыққа, Ақмола мен БҚО экспортқа бейімделген.

Ауыл шаруашылығы министр­лігінің мәліметіне сүйенсек, қазір ауыл шаруашылығын­дағы жалпы өнімнің 45 пайызы мал шаруашылығына тиесілі екен. 2017-2021 жылдарға арнал­ған ауылшаруа­шылық кешенін дамыту аясында салаға салынған қаражаттың 30 пайызы, яғни 35,9 млрд теңге мал шаруашылығы сала­сындағы инвести­циялық жобаларға ба­ғытталған. Мал шаруашылығының ішін­д­е ұзақмерзімді басты секторының бірі – ет өндірісі. Ауыл шаруашылығы министрлігі ет өндірісі секторын дамыту үшін «ҚазАгро» холдингпен бірлесіп «Сы­баға» бағдарламасын жүзеге асырып келеді. 2019 жылдың қаңтар айының ғана қорытындысы бойынша, бағд­ар­лама аясында 1,2 мың бас ірі қара мен 3,2 мың қой-ешкі сатып алу үшін жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын 42 өтініш қанағаттандырылған. Жалпы құны 15,6 млрд теңгеге 23,8 мың асылтұқымды ірі қара мен 75,4 мың ұсақ мал сатып алынған. «Сыбаға» бағдарламасы бойын­ша 70 млн теңгеге дейін кредит рәсімдеуге мүмкіндік бар. Кредиттеудің мерзімі – 15 жыл. Кредиттің жылдық өсімі субсидияны қосқанда 4 пайыз.

Бағдарламаға қатысқан шаруалар дән риза. Атап айтсақ, «Құтты орда» шаруа қожалығының өкілі Нарбек Қожагелдин үйі мен көлігін кепілдікке қойып, несие алған. «Бағдарламаға ал­ғыс­тан басқа айтарым жоқ. Соның ар­қасында 4 миллион 800 мың теңге несие алып, 25 сиыр, 2 бұқа сатып алдым. Бұрын өзімде 23 сиыр бар еді. Оның сүтін көлігіммен тасып, аудандағы ірім­шік зауытына өткізіп жүрдім. Бірақ бұл кәсібім жол шығынын әзер ақтайтын. «Сыбағамен» мал басы көбейген соң, ақ та молайды. Енді пайдасын көремін деген үміт бар», – дейді кәсіпкер.

Мал шаруашылығына бай­ланысты тағы бір түйткілді мә­селе – жылқы шаруашылығының даму көрсеткіші соңғы жылдарда баяулаған. Өндірілген жылқы еті ішкі сұра­нысты қанағаттандыра алмай отырғаны жиі айтылып жүр. 2018 жылы 60 тоннадан астам жылқы еті шетелге сатылса, екі жарым мың тоннаға жуық ет сырттан сатып алынған.

Жылқы шаруашылығы – қазақ халқының ең жанды тұсы. Тарихи деректер бойынша жылқының ең алғашқы қолға үйретілген негізгі отаны Шығыс Еуропаның далалық аймағы, Орталық Азия және Қазақстан деп саналады. Кеңес өкіметі жылдарын­да Қазақстанда 1,3 млн жылқы болса, қазір оның саны  950 мыңдай ғана.

Қазіргі кезде Қазақстанның ар­найы жылқы өсіретін зауыттары мен шаруашылықтарында жылқының қолға үйретілген 17 тұқымы өсіріледі. Қазақстанда ерте кезден бастап өсіріліп келе жатқан тұқымның бірі – қазақы жылқы. Жылқы өсірудің маңызы – қы­мыз өндіруге, спорттық жарыстарға қосуға және ет өнімін пайдалануға қолайлы шаруа­шылық.

Мал санының артуы еттің экспор­тына да оң әсерін тигі­зіп отыр. Соңғы екі жылда ет экспорты 2,5 есеге дейін көбейіп, соның ішінде «қызыл» еттің сыртқа сатылымы 3,3 есеге, «ақ» еттің экспорты 45,1 пайызға көбейген.

Нақты мәліметтерге сүйенсек 2019 жылдың алғашқы үш айында 5,4 мың тоннадан астам сиыр еті экспортқа кетсе, 2 мың тоннадан артық ет шеттен сатып алынған. Сол сияқты, екі мың тон­наға жуық құс етін экспортқа шығарып, 33 мың тоннаға жуық етті өзге ел­дер­ден сатып алған. Осы мерзім ішін­де шетелге небәрі бір тонна жылқы еті сатылып, 169 тоннаға жуық жылқы еті Қа­зақ­станға сырттан әкелінген. Со­нымен бір­ге, 604 тонна қой еті шетелге саты­лып, 6 тоннадан аса қой еті сатып алын­ған.

Қазақстаннан ет алатын елдер: Ресей, Армения, Өзбекстан, Иран, Бах­рейн, Украина және Қырғыз Рес­публикасы. Ал Қазақстанға ет сататын мемлекеттер арасында Ресей, Украина, Беларусь, АҚШ және Уругвай бар.

Алайда ет өнімі бойынша Өзбек­стан­мен алыс-берістің жиілігі бай­қалады. 2019 жылы елден 156 мың бас ірі қара мал әкетілсе, олардың 121,6 мың басы Өзбекстанға экспортталған. Сон­дай-ақ өткен жылы экспортталған 264 мың бастан астам қойдың да 200 мың­нан астамы Өзбекстанға жөнелтілген.

Бүгінде Қазақстанда 2,7 млн бас жылқы бар. Осылайша, еліміз Қамбар ата түлігінің саны жөнінен әлемдегі он елдің қатарына енеді. Алдына АҚШ, Мексика, Қытай, Бразилия, Моңғолия елдерін ғана салады. Дегенмен, ұшқан құстың қанаты, шапқан тұлпардың тұяғы талатын байтақ даламызда жылқы санын арттырудың да мүмкіндігі мол. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары елдегі жылқы санының 3,6 млн бастан асқанын ескерсек, жері бізден 40 пайызға аз Моңғолияның алдына шығып, жылқының саны бойынша әлемде үздік бестікке енуге қауқарымыз жетеді. Ол үшін мемлекеттік деңгейде жылқы шаруашылығын мықтап қолға алу керек.

Статистика комитетінің мәліметінше, 2019 жылдың екінші жарты жылдығында бір қазақстандық 5,6 келі сиыр етін, 1,7 келі қой етін, 1,0 келі жылқы етін қолданды. Дегенмен, өткен жылы сиыр еті 15,1%-ға, қой еті 15,6%-ға қымбаттады. Яғни, былтыр жылқы еті нарықтағы екі «бәсекелесіне» қарағанда аса қымбаттай қойған жоқ. Бағаның шарықтап кетпеуі жылқы етіне сұраныстың аздығын білдірмейді. Керісінше сиыр, қой еттеріне қарағанда жылқы етіне сұраныс жоғары болды. Таяу жылдары жылқы еті нарықта қой етін үшінші орынға ығыстырады. Бұл фактор да жылқы басының артуына әсер етеді.

Соңғы төрт жылда Қазақстанда бие сүтінің көлемі 5,2%-ға артып, жылына 27 мың тонна қымыз, саумал өндіретін жағдайға жетті. Бұл саланың дамуына қарағандылық «ЕуразияИнвест ЛТД» компаниясының да қосқан үлесі зор. Мысалы, аталған компанияның меншігіндегі зауыттың үлесіне 25 мың гектар жайылым жер тиесілі. 1,5 мың бие тәулігіне 2,5 мың тонна сүт береді және осының арқасында жоғары сапалы сублимацияланған бие сүтінің бір жылдағы мөлшері 30 мың тоннаға дейін жетеді. Ал, «Saumal» сауда белгісімен биенің сүтінен жасалған құрғақ ұнтақтың Ресей, АҚШ, Қытай нарығына шыққаны да қуантады.

Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, жыл сайын жылқы өніміне сұраныс артып келеді. Жылқы өніме адам денсаулығына пайдалы, бір сөзбен айтқанда жоғарғы сортты өндерге жатқызуға болады. «Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» дейтін біздің қазақ үшін мінсе – көлік, жесе – ас, ішсе – сусын болған жылқы қашанда төрт түлік малдың төресі саналады. «Ер қанаты – ат» дейтін де қазақ. Қамбар ата түлігін жеті қазынаның бірі санайтын да қазақ. Дәл қазақтай жылқыны қастерлейтін басқа ұлтты кездестіру қиын. Оның еті де, қазы-қартасы да, жал-жаясы да, қымызы да қазақ дастарханының төрінен орын алады. Ал, жылқы санының артқаны қуанарлық жағдай. Дегенмен, жәй ғана қуанып қою аздық етеді. Енді жылқы еті мен оның өнімдерін экспортқа шығарудың қамына кірісу керек.

 

Бақыт Беков

Байланысты жаналықтар

Премьер-министр егін жинау науқанын басты назарда ұстауға шақырды

16.08.2024

Көшпенділер ойындарында қандай аттар бәйгеге шабады?

14.08.2024

Қарағанды облысында жылқылар белгісіз аурудан өліп жатыр

23.07.2024

Шығыс Қазақстан облысында әйелге найзағай түсіп, қаза болды

03.07.2024

Жетісуда бір үйір жылқы бір жыл дегенде табылды (ВИДЕО)

25.05.2024

Қазақстанда жылқы еті қымбаттады

12.03.2024
MalimBlocks
Премьер-министр егін жинау науқанын басты назарда ұстауға шақырды

Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алуға бағытталған сома 5 есе көбейді.

Көшпенділер ойындарында қандай аттар бәйгеге шабады?

Дүниежүзілік додаға іріктеудің екінші кезеңі өтті

Қарағанды облысында жылқылар белгісіз аурудан өліп жатыр

Тұрғындар дертке шалдыққан малдарды бір қораға жинап, "оқшаулаған"

Шығыс Қазақстан облысында әйелге найзағай түсіп, қаза болды

ШҚО ТЖД баспасөз қызметі өз қызметкерлері оқиға орнына шақырту алмағанын атап өтті.

Жетісуда бір үйір жылқы бір жыл дегенде табылды (ВИДЕО)

Шаруа іздеп тапқан полицейлерге алғысын білдірді

Қазақстанда жылқы еті қымбаттады

Қазы бағасы 4,8%, жая 2,5%-ға өскен.