freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Еуроодақ Қазақстан мен Өзбекстанда мигранттарды депортациялау орталықтарын құруы мүмкін

Әлем
Еуроодақ Қазақстан мен Өзбекстанда мигранттарды депортациялау орталықтарын құруы мүмкін
Midjourney

Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің бір тобы ЕО құрамына кірмейтін 8–10 елге өз аумақтарында Еуроодақтан баспана алу жөніндегі өтінішіне бас тартылған мигранттарды орналастыру орталықтарын құруды ұсынбақ. Бұл туралы дүйсенбі, 1 маусым күні, үш еуропалық дипломатқа сілтеме жасаған Politico басылымы хабарлады.

Басылым дерегінше, заңсыз мигранттарды үшінші елдерге шығару рәсімінде ЕО-ның серіктестері ретінде Қазақстан мен Өзбекстан да қарастырылуы мүмкін екенін сұхбат берушілердің бірі мәлімдеген.

Мәліметтерге сәйкес, мұндай орталықтарды (Return Hubs) құру жобасымен Нидерланд, Австрия, Дания, Германия және Грекия бірлесіп айналысып жатыр. «Бұл екі тараптың да мүддесіне сай келетін шешім ретінде қабылдануы тиіс», – деген Politico басылымына сұхбат берген дереккөздердің бірі. Оның айтуынша, серіктес елдерге даму саласындағы көмек немесе визалық режимді жеңілдету ұсынылуы мүмкін.

Басылымның жазуынша, Еуроодақ елдері ықтимал келіссөздерге қатысушылардың атын атаудан сақтанып отыр. Бұған Руандадағы заңсыз мигранттарды депортациялау орталығы төңірегіндегі дау және Италия мен Албания арасындағы ұқсас келісімге қатысты заңдық шағымдар себеп болған. «Жыл соңына қарай жобаны іске асырудың нақты жоспары болғаны жөн, яғни кем дегенде бір ел нақты келіссөздер жүргізуге дайын екенін білдіруі керек», – деді аты-жөнін жарияламауды өтінген тағы бір дипломат.

Кезекті отырыста депортация орталықтарын құру мерзімі анықталуы тиіс

Дүйсенбі, 1 маусым күні Еуропарламент, ЕО Кеңесі және Еуропалық комиссия өкілдерінің отырысы жоспарланған. Онда мигранттарды қайтару туралы регламент бойынша түпкілікті келісімге қол қою көзделіп отыр. Франция мен Германия депортация орталықтарының жұмысын дереу бастауды талап етуде. Ал ЕО-ның бірқатар басқа мемлекеттері өздерінің құқықтық базасын жаңа нормаларға сәйкестендіру үшін уақыт беруді сұрап отыр. Еуропарламент те жаңа шараларды дереу күшіне енгізуді қолдайды.

Наурыз айында Еуроодақтың көші-қон саясатын едәуір қатаңдататын бастаманы алдымен Еуропарламенттің Азаматтық бостандықтар, әділет және ішкі істер жөніндегі комитеті, кейіннен Еуропарламенттің жалпы отырысы мақұлдаған болатын. Мамыр айының соңында Еуропарламент пен ЕО елдерінің өкілдері заңсыз мигранттарды үшінші елдердегі депортация орталықтарына орналастыру жөніндегі келісімді мақұлдады. «Ашық қалған барлық саяси мәселелер жан-жақты талқыланып, алдын ала келісілді», – деп мәлімдеді келіссөздерге қатысушылар. Тек жаңа ережелердің күшіне ену мерзімі бойынша ғана ортақ келісім жоқ.

Көші-қон заңнамасын қатаңдату құқық қорғаушылардың сынына ұшырады

Жаңа шаралар Еуропа елдеріне ЕО аумағынан тыс жерлерде депортация орталықтарын құруға мүмкіндік береді. Онда баспана сұрау туралы өтініші қабылданбаған және шыққан еліне қайтару мүмкін болмай отырған адамдар жіберіледі. Алайда Еуроодаққа ата-анасының немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз келген кәмелетке толмаған балалар депортацияланбайды.

Құжат сондай-ақ билік органдарының шешіміне қарамастан ЕО аумағынан кетуден бас тартқан тұлғаларға қатысты жазаны күшейтуді көздейді. Оларға Еуроодаққа кіруге тыйым салудан бастап бас бостандығынан айыру жазасына дейінгі шаралар қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар заңсыз мигранттарға берілетін әлеуметтік төлемдерді қысқарту немесе толық тоқтату қарастырылған, деп хабарлайды dpa агенттігі.

ЕО-ның жаңа ережелері үкіметтік емес ұйымдар тарапынан қатты сынға ұшырады. Құқық қорғаушылар бұл шаралар адам құқықтарының жүйелі түрде бұзылуына әкелуі мүмкін деп қауіптенеді. Себебі жаңа тәртіп заңсыз мигранттарды олардың ешқандай қатысы жоқ елдерге жіберуге мүмкіндік береді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу