Екі күндік цифрлық іздестіру операциясы барысында 18 елден келген 40 тергеуші, сондай-ақ еуропалық полиция агенттігі Еуропол қызметкерлері ұрланған 45 украиналық баланың жеке басын анықтап, оларды тапты. Еурополдың Гаагада 20 сәуір, дүйсенбі күні хабарлауынша, бұл балалар Ресей басып алған Украина аумақтарына, сондай-ақ Ресей мен Беларуське күштеп әкетілген болуы мүмкін.
Сарапшылар интернетте ашық түрде қолжетімді деректерді, атап айтқанда ата-аналарының парақшаларында жарияланған балалардың фотосуреттерін талдау үшін бет-әлпетті тану құралдарын пайдаланды. Сонымен қатар, балаларды тасымалдау бағыттары, оларды жеткізуге қатысқан әскери бөлімдер, сондай-ақ балаларды қабылдаған немесе мәжбүрлі қоныс аударуға ықпал еткен тұлғалар, оның ішінде балалар үйлерінің директорлары анықталғаны хабарланды.
16–17 сәуір күндері Гаагада өткен операцияға Австрия, Бельгия, Чехия, Дания, Финляндия, Франция, Германия, Ирландия, Италия, Мальта, Нидерланды, Норвегия, Португалия, Румыния, Испания, Украина, Ұлыбритания және АҚШ, сондай-ақ Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) пен бірнеше үкіметтік емес ұйымдар қатысты.
Бұл Еуропол ұйымдастырған үшінші халықаралық цифрлық іздестіру операциясы және украиналық ұрланған балаларды іздеуге арналған екінші операция болып табылады. Алынған ақпарат Украина билігіне берілді. Еурополдың мәліметінше, операция нәтижелері күштеп әкетілген балалардың нақты орналасқан жерін анықтауға көмектесуі мүмкін.
Еурополдың бағалауынша, Ресейдің Украинаға қарсы толық ауқымды соғысы басталғалы бері басып алынған аумақтардан 19 500-ден астам бала Ресейге немесе Беларуське күштеп әкетілген. Олардың кейбірін ресейліктер асырап алған, ал басқалары қайта тәрбиелеу лагерьлерінде немесе психиатриялық ауруханаларда ұсталып отыр.
Осы тәжірибеге байланысты Халықаралық қылмыстық сот тергеу бастап, 2023 жылы Ресей президенті Владимир Путин мен Ресейдің бала құқықтары жөніндегі уәкілі Мария Львова-Беловаға халықаралық қамауға алу ордерін берген.