Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Гренландияға байланысты Еуроодақ көшбасшылары шұғыл саммит өткізеді

Әлем
Гренландияға байланысты Еуроодақ көшбасшылары шұғыл саммит өткізеді
Фото:depositphotos.com

Еуропалық одаққа мүше елдердің мемлекет және үкімет басшылары 22 қаңтар күні Брюссельде Гренландия төңірегіндегі жағдайға байланысты шұғыл саммитке жиналады, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.

Бұл ақпаратты Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Коштаның өкілі мәлімдеді.

Дағдарыстық жиында еуропалық көшбасшылар АҚШ президенті Дональд Трамптың Германия мен Еуропаның тағы жеті еліне Гренландияға қатысты ұстанымдары үшін 10 пайыздық баж салығын енгізу туралы қоқан-лоққысына ортақ жауапты талқылайды.

Еуроодақ тарапынан жауап баждарын енгізу «жоққа шығарылмайды», — деді ЕО-ның экономика жөніндегі комиссары Валдис Домбровскис Брюссельде өтетін ЕО қаржы министрлерінің кездесуінің алдында.

Еурокомиссия өкілі теориялық тұрғыда 7 ақпаннан бастап Еуроодақтың америкалық тауарларға қатысты жалпы сомасы 93 миллиард еуроны құрайтын арнайы тарифтері күшіне енуі мүмкін екенін растады. Бұл баждар АҚШ-пен 2025 жылы болған тарифтік даудың аясында дайындалған және егер 6 қаңтарға дейін олардың тоқтатылу мерзімі ұзартылмаса, автоматты түрде іске қосылады. Мұндай жағдайда еуропалық қарсы шаралар ұшақтар, автомобильдер, сиыр еті, виски және цитрус өнімдерін қоса алғанда, америкалық тауарлардың кең ауқымын қамтиды.

Бұған дейін Трамптың экономикалық қоқан-лоққыларынан кейін ЕО мен АҚШ арасындағы трансатлантикалық сауда келісімі Еуропарламент депутаттары тарапынан мақұлданбайтыны белгілі болған. Аталған келісім АҚШ-тың ЕО-дан импортқа 15 пайыздық тариф енгізуін, ал Еуроодақтың америкалық экспортқа баждардан бас тартуын көздеген еді.

Сондай-ақ Еуроодақ АҚШ-тың ықтимал жаңа баждарына жауап ретінде америкалық компаниялардың өз аумағындағы қызметін шектеу мүмкіндігін де қарастырып жатыр. Бұл туралы Der Spiegel журналы мен Reuters агенттігі Брюссельдегі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Қақтығыстың басты себебі — Дональд Трамптың АҚШ-тың Гренландияны бақылауына алу ниеті. Қазіргі таңда Гренландия Дания Корольдігінің құрамындағы автономды аумақ болып саналады. Ақ үй басшысы мұны АҚШ қауіпсіздігі үшін қажет деп мәлімдеп, керісінше жағдайда аралды Қытай немесе Ресей басып алуы мүмкін екенін айтқан.

Дания және басқа да еуропалық шенеуніктер Гренландияның НАТО-ның ұжымдық қорғаныс нормаларымен қорғалғанын атап өтуде. Сонымен қатар, 1951 жылғы келісімге сәйкес, аралда АҚШ-тың әскери қатысуы қамтамасыз етілген және Вашингтон қосымша әскер жібергісі келсе, Копенгагенді жай ғана хабардар етуіне болады.

14 қаңтар күні Вашингтонда Дания мен Гренландияның сыртқы істер министрлері Ларс Лекке Расмуссен мен Вивиан Моцфельдт АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс және мемлекеттік хатшы Марко Рубиомен кездесті. Алайда келіссөздер нақты нәтижесіз аяқталды.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу