Қазақстанның Ішкі істер министрлігі (ІІМ) трассаларда жылдамдықты асырғаны үшін қате салынған айыппұлдардың күші жойылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденовтің айтуынша, 13-14 тамызда Бас прокуратураның «ЕРАП» ақпараттық жүйесінде техникалық ақау болған.
Соның салдарынан орташа жылдамдық бойынша тіркелген кейбір құқық бұзушылықтар лездік жылдамдықты асыру ретінде қате рәсімделген.
ІІМ жүргізушілерге полицияға жүгінудің немесе айыппұлдың қате салынғанын өз бетінше дәлелдеудің қажеті жоқ екенін атап өтті. Қате рәсімделген барлық қаулылар анықталып, автоматты түрде жойылады.
Ал қате айыппұлды төлеп қойған жүргізушілерге қаражаты қайтарылады. Қазір жауапты органдар ақшаны қайтару тетігін пысықтап жатыр.
ІІМ бұл шара тек 13-14 тамызда техникалық ақау салдарынан трассаларда қате рәсімделген айыппұлдарға қатысты екенін нақтылады.