Қазақстанда экономиканы түбегейлі жаңартуға бағытталған ауқымды реформа басталды. Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу агенттігі жаңа бірлескен бағдарламаны қабылдап, елдің қаржылық тұрақтылығын күшейтуді және азаматтардың нақты табысын арттыруды негізгі мақсат ретінде айқындады, деп хабарлайды Malim.kz.
Бағдарлама бір реттік шараларға емес, бюджет, ақша-кредит және қаржы саласындағы саясатты толық үйлестіруге негізделген. Мемлекеттік органдар енді экономикалық шешімдерді бір бағытта қабылдап, саясатаралық қайшылықтарды жоюды көздейді.
Құжатқа сәйкес, 2026–2028 жылдары қазақстандықтардың нақты табысы инфляциядан жоғары қарқынмен өседі — жыл сайын шамамен 2–3% деңгейінде. Бұл өсім макроэкономикалық тұрақтандыруға, инфляцияны төмендетуге және бюджет тапшылығын бақылауға алынған шаралармен қамтамасыз етілмек.
Экономиканы әртараптандыру – реформаның басты бағыты. Қазақстан көлемдік өсуден сапалық модельге көшіп, басымдықты шикізаттық емес секторларға, технологияға, еңбек өнімділігіне және инфрақұрылым жаңғыртуға береді. Ұлттық инфрақұрылымдық жоспардың орындалуы, жыл сайын іске қосылатын 100-ден астам өндірістік жоба және жоғары қайта өңдеу деңгейіндегі 17 ірі жобаның іске асуы алдағы жылдардың негізгі өсу тіректерін қалыптастырады.
Ресми мәлімет бойынша, бұл бастамалар экономиканың 2026–2028 жылдар аралығында жылдық орташа өсімін 5%-дан төмен түсірмейді. Ал инфляцияны төмендету үшін нарықты тауармен қамтамасыз ету, логистика мен сақтау жүйелерін кеңейту, цифрлық платформалардағы комиссияларды ашық ету секілді шаралар енгізіледі.
Бірлескен бағдарлама тұрғындардың тұрмысын қалай жақсартады? Сарапшылардың бағалауынша, шынайы өзгеріс бағаның тұрақтануы, жалақының сатып алу қабілетінің артуы және жаңа жұмыс орындарының пайда болуы арқылы байқалады. Экономиканы сапалық модельге көшіру, инновация мен технологияға басымдық беру – ұзақ мерзімді нәтижелерге бағытталған шешім.
Ел алдында үлкен экономикалық реформа тұрғаны анық. Жаңа бағдарлама құрылымдық өзгерістерді жеделдетіп, Қазақстанның алдына ұзақ мерзімді, тұрақты дамудың жаңа кезеңін ашуды көздейді.