Түркістан облысында Жаңа жыл түні болған қайғылы оқиға 18 жастағы қыздың өмірін қиды. Кентау қаласының қақ ортасында орналасқан қымызханада жарылыс болып, сол жерде жұмыс істеген Дана Сағынғалиқызы оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Malim.kz.
Марқұмның туыстары жарылыстың басты себебі – өрт және техникалық қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылуы деп отыр. Көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан қоғамдық тамақтану орнында болған дүмпу салдарынан бес адам ауыр күйік алған. Төрт науқас қазір ауруханада ем қабылдап жатыр, олардың екеуінің жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр.
Қайтыс болған бойжеткеннің жақындарының айтуынша, олар Жаңа жыл түні түнгі сағат 12 шамасында Дананы жұмыстан алып кетуге барған. Алайда басшылық «жұмыс қарбалас» деген сылтаумен оны жібермеген. Тіпті, сол кеште газдың иісі шығып тұрғанын бірнеше адам ескерткен.
"Анасы мен сіңлісі газдың иісі сезіліп тұрғанын айтып, бірнеше рет ескерткен. Бірақ соған қарамастан, ешқандай шара қолданылмады. Ақшаға құныққан кәсіпкердің салғырттығы отбасымызды қара жамылдырды", – деді марқұмның туысы Гүлжамал Сержанова.
Белгілі болғандай, Дана Сағынғалиқызы бұл жерде небәрі бір ай ғана жұмыс істеген. Ол жоғары оқу орнының екінші курс студенті болған. Қаралы отбасы кінәлілердің заң аясында қатаң жазалануын талап етіп отыр.
"Мұның алдын алуға болар еді. Неге тек адам қайтыс болған соң ғана тексеріс басталады? Төтенше жағдайлар қызметі осы уақытқа дейін неге бақылау жүргізбеген? Біз мұны кешіре алмаймыз", – деді тағы бір туысы Жандос Аймұрзаев.
Жарылыс болған нысан қазір темір қоршаумен жабылып, өртенген аумақ көзден таса етілген. Дегенмен жоғары қабаттардағы сынған терезелер дүмпудің күшін аңғартады.
Кентау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлының айтуынша, жарылыс газ баллонының қауіпсіздік талаптары сақталмауы салдарынан болған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қазіргі таңда облыс әкімінің тапсырмасымен жедел штаб құрылып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Жергілікті билік зақым келген тұрғын үйлерді қалпына келтіруге уәде берді.