Киев мэрі Виталий Кличко Financial Times басылымына берген сұхбатында Украинаның тәуелсіз мемлекет ретінде болашағы әлі де белгісіз екенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.
Оның айтуынша, елдің аман қалуы — тек майдандағы жағдайға ғана емес, ішкі тұрақтылық пен инфрақұрылымның сақталуына да байланысты.
Кличконың пікірінше, Ресей президенті Владимир Путин-нің басты мақсаты Донбасс пен Қырыммен шектелмейді. Ол бүкіл Украинаға бақылау орнатып, мемлекеттің тәуелсіздігін жоюды көздейді.
Қыс мезгілінде энергетикалық инфрақұрылымға жасалған жаппай соққылар Киевті гуманитарлық апат шегіне жеткізген. Мэр қалпына келтіру жұмыстарын «көртышқанды ұр» ойынымен салыстырды: бір нысан жөнделген сәтте, келесі нысан соққыға ұшырайды да, жұмыстарды қайта бастауға тура келеді.
Шабуыл тактикасын сипаттай отырып, Кличко:
«Біреуді өлтіргің келсе, жүрегіне ат», — деп, аязды күндері астананың энергетикалық жүйесіне бағытталған соққыларды меңзеді.
Сұхбат барысында ол президент Владимир Зеленский-мен бұрыннан келе жатқан саяси бәсекелестігін де растады. Бұған дейін саясаткерлер Киевті басқару және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерінде келіспеушіліктерге келген. Дегенмен, соғыс жағдайында Кличко ел ішіндегі бірліктің маңызын ерекше атап өтті.
Оның сөзінше, Ресейдің мақсаттарының бірі — ел ішінде тұрақсыздық туғызу. Сондықтан ұлттық бірлік — бейбітшілік пен еркіндікті сақтаудың негізгі шарты.
Украина қазір энергетикалық қауіпсіздік, гуманитарлық жағдай және саяси тұрақтылық секілді бірқатар күрделі сынақтармен бетпе-бет келіп отыр. Осы жағдайлар елдің болашағына қатысты алаңдаушылықты күшейтуде.