Депутат Мұрат Әбенов қазақстандықтардың басым бөлігі жаңа Конституция жобасын қолдап отырғанын айтты. Оның сөзінше, қоғам тарапынан қолдау шамамен 99 пайызды құрайды. Бұл пікірін ол Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия отырысында білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Әбеновтің айтуынша, Конституция жобасы 95 бап пен 320 тармақтан тұрады. Қазіргі таңда соның небәрі 3-4 тармағы ғана белсенді түрде талқыланып жатыр.
"Қалған нормаларға қатысты қоғам тарапынан қарсылық жоқ. Талқылауда жүрген баптардың қатарында 5-баптың 6-тармағы бар, онда "қарқынды дамитын қала" үшін арнайы құқықтық режим қарастырылған. Сонымен бірге тіл мәселесіне қатысты 9-баптың 2-тармағы, сөз бостандығына арналған 23-баптың 4-тармағы және Құрылтайды таратуға қатысты 62-бап та қоғамдық талқылауда", – деді депутат.
Оның айтуынша, Конституция жобасына қатысты ұсыныстар әлі де түсіп жатыр.
"Қоғам 320 тармақтың 317-сін толық қолдап отыр. Бұл дегеніміз – жаңа Конституция жобасының 99 пайызы халық тарапынан қолдау тапты деген сөз. Қалған тармақтарға қатысты да айтарлықтай сын жоқ", – деп түйіндеді Мұрат Әбенов.