Әнші Жеңіс Ысқақова отбасылық өміріне қатысты қызықты естелігін бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.
Сұхбат барысында журналист өнер иесінен бұрын айтқан "Күйеуімді ЗАГС-ке өзім апардым" деген сөзіне қатысты сұрақ қойған.
"Ол батылдық па, әлде жастық па?" – деп сұрады журналист.
Бұған Жеңіс Ысқақова әзіл аралас жауап беріп, сол кезде тұрмысқа қатты шыққысы келген болуы мүмкін екенін айтты.
"Қатты күйеуге тигім келген болар. Жігіттер көбіне "мен таңдадым" деп ойлап жатады ғой, бірақ үйленуге алып баратын әйелдер. Өйткені әйелдер "осы жігіт менің өмірлік серігім болады" деген кезде өздері қатты жұмыс істейді. Сол жігітке күйеуге шығу үшін... Сол қыз ұнатпаймын, келіспеймін десе, жігіт бір-екі барғаннан кейін "сен басқа қыз жоқ деп ойлайсың ба?" деп кетіп қалады. Бұл жерде таңдау әрдайым әйелден болады. Менің де таңдауым жолдасым болды. Ер азаматтар әрдайым сенімсіздеу болады ғой. Ер азаматтардың кейбірі үйленуге қорқатын да секілді", – деді Жеңіс Ысқақова.
Еске сала кетейік, Жеңіс Ысқақова өнердегі інісі Төреғали Төреәлі туралы пікір білдіріп, оның мінезі мен өнеріне қатысты ойын ашық айтқан еді.
Жеңіс Ысқақова – қазақ эстрадасының танымал әншісі
Жеңіс Ермағанбетқызы Ысқақова – қазақ эстрадасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1966 жылғы 9 мамырда Қызылорда облысы Сырдария ауданының Тереңөзек кентінде дүниеге келген.
Өнерге бала кезінен қызығушылық танытқан Жеңіс Ысқақова мектеп жылдарында түрлі мәдени шараларға қатысып, аудандық және облыстық ән байқауларында бақ сынаған. 1984 жылы Сырдария аудандық мәдениет үйінің ансамблінде солист болып, еңбек жолын бастады. 1985-1987 жылдары Алматыдағы эстрада-цирк училищесінде білім алып, әнші әрі ұстаз Лаки Кесоглудың сыныбында оқыды. Кейін «Гүлдер» ансамблінің құрамында өнер көрсетіп, кәсіби сахнадағы тәжірибесін жетілдіре түсті.
Әнші әр жылдары Қазақстан Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблінде солист болып еңбек еткен. Сондай-ақ Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрі және Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрімен бірге өнер көрсетті.
Жеңіс Ысқақова 1980-жылдардың соңынан бастап көпшілікке кеңінен таныла бастады. Оның репертуарындағы «Мен білмеймін», «Аяла сен мені», «Түнгі жаңбыр», «Ғажап ертегім», «Сен ғана», «Сыңсу», «Тылсым сезім» секілді әндер тыңдарман ықыласына бөленді. 2000 жылы орындаған «Сыр сұлуы» әні әншінің шығармашылық жолындағы ерекше туындылардың біріне айналды. Осыдан кейін көпшілік оны «Сыр сұлуы» деп атай бастады. Өнер иесі композитор Кеңес Дүйсекеевпен ұзақ жылдар бойы шығармашылық байланыста болды. 2001 жылы Жеңіс Ысқақова Алматыдағы Республика сарайында «Сыр сұлуы» атты алғашқы жеке концертін өткізді.
2005 жылы өнер иесіне «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Бүгінде Жеңіс Ысқақова бірнеше буын тыңдарманына жақсы таныс, қазақ эстрадасындағы беделді өнер иелерінің бірі саналады.