Талғарда зорланған қыз суицид жасамақшы болды
Оқиға 23 қазан күні Тұздыбастау ауылы маңында болған
Алматы облысының полициясы Талғар ауданында өз өмірін қимақ болған бойжеткенге қатысты іс қозғады.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, жағдай 23 қазан күні Тұздыбастау ауылы маңында болған. Таңғы уақытта жол бойында тұрған жас қыз кенеттен жерге құлап түскен.
Куәгердің сөзінше, қызды ұрып-соғып, зорлаған. Осыдан кейін бойжеткен өз-өзіне қол жұмсамақ болған.
Осыған байланысты Алматы облыстық полиция департаменті түсінік берді.
«Аталған дерек, Талғар аудандық полиция басқармасында тіркелді. Бойжеткен ұрып-соғу және зорлау фактісін жоққа шығарып, арыз жазудан бас тартты. Алайда полицейлер өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында жедел-іздестіру шаралары кешені жүргізіліп жатыр»,- деп хабарлады полициядан.
Фото: ru.freepik.com