14 желтоқсанда Жамбыл облысындағы «Айша бибі» өткізу пунктінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі есірткі заттарының ірі партиясын алып өтушілерді ұстаған.
ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, техникалық құралдарды қолдану барысында көліктің жасырын бөліктерінен күдікті зат салынған 36 қап табылған. Қаптардың бір бөлігінде «999» таңбасы болған.
- Жүргізілген сараптама нәтижесінде тәркіленген заттардың жалпы салмағы 30 келіден асатыны және олардың есірткі екені анықталды. Атап айтқанда, 0,999 келі героин, 3,620 келі апиын және 25,949 келі гашиш тәркіленді, - делінген ақпаратта.
Аталған дерек бойынша шетелдік азамат ұсталып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.